Отбасы • 10 Қыркүйек, 2023

Өнегелі отбасылар – ел мерейі

224 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Отан – отбасынан басталады». Ота­ны­мыздың еңсесі биік, керегесі кең болуы үшін қаланған уықтың берік болуы маңызды. Сондықтан әр отбасы мемлекеттің тірегі екені сөзсіз. Осынау құндылықты дә­ріптейтін дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының кезекті кезеңі қорытындыланып, Астана төрінде жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті.

Өнегелі отбасылар – ел мерейі

Отбасы күні қарсаңында өткен сал­танатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді.

«Мерейлі отбасы» байқауының жеңім­паздарын шын жүректен құттықтаймын! Бұл – төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Әр аймақтан өнегелі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан елімізде береке-бірлігі жа­расқан құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Олардың ара­­сын­да белгілі бір мамандықты ата­кәсіпке айналдырған азаматтың көп болуы – қуантарлық жайт. Осындай үл­гілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақ­тас­тығын сақтауға ықпал етеді. Хал­қымызда «Ұяда не көрсең, ұшқан­да соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты «Адал азаматқа» тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Әділетті Қа­зақ­­станды осындай жандар құрады. Мем­лекет отбасы институтын дамытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады. Осы бағытта ауқымды істер атқарылып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жал­ғасын табады. Әр шаңырақтың ырысы артып, мерейі таси берсін! Бар­шаңызга зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», делін­ген Президенттің құттықтау хатында.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Ғалымқызы 10 жыл қатарынан өткізіліп отырған ұлттық байқау отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған нағыз халықтық жоба екенін, өзіндік брендке айналғанын атап өтті.

пва

Қоғамдағы отбасы құндылық­та­рын сақтау, дәріптеу мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Ме­рейлі отбасы» ұлттық байқауына биыл 3 344 отбасы қатысқан. Оның 40%-ы – қалалық және 60%-ы – ауылдық отбасылар. Түрлі еңбек әулетінен құралған 20 отбасы өңір жеңімпаздары атанып, әр отбасына 1 млн теңге қаржылай сыйлық пен шаңырақ бейнелі кубок, алғысхаттар берілді. Байқау жеңімпазы атанған отбасылардың қатарында қол­өнершілер, металлургтер, әскери қыз­мет­шілер, кәсіпкерлер, педагогтер, батыр аналар, қайырымдылар, еріктілер, көпбалалылар бар. Оның бәрі – айналасының құрметіне бөленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген қара­пайым еңбек адамдары.

Салтанатты жиында ұлттық байқау жеңімпазы атанған мерейлі отбасылар сахна төріне шақырылды. Олар – Павлодар облысынан Нұрсанов отбасы, Ұлытау облысынан Досбанов отбасы, Ақмола облысынан Қазанғапов отбасы, Алматы облысынан Адият отбасы, Шығыс Қазақстан облысынан Макиленов отбасы, Қарағанды облысынан Әмрин отбасы, Қостанай облысынан Ермағамбетов отбасы, Батыс Қазақстан облысынан Ниетқабы­лов отбасы, Маңғыстау облысы Тас­темі­ров отбасы, Солтүстік Қазақ­стан облысынан Ескенов отбасы, Жетісу облысынан Қайранов отбасы, Абай облысынан Досымбаев отбасы, Атырау облысынан Белденов отбасы, Жамбыл облысынан Мадалиев отбасы, Ақтөбе облысынан Ыспанов отбасы, Түркістан облысынан Әбіл­даев отбасы, Қызылорда облысынан Сма­ғұлов отбасы, Шымкент қала­сынан Бейісбеков отбасы, Алматы қала­сынан Сыбанбеков отбасы, Аста­на қаласынан Сәдуақасов отбасы.

Қарасаң көзің тоймайтын, сипаттасаң сөзің жетпейтін әр мерейлі отбасы жи­нал­ған жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Әр отбасындағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келіп, салтанатты іс-шараның көрігін қыздырды. Оның ішінде айрықша көзге түскен Қызылорда облысынан жеңімпаз атанған – Смағұловтар отбасы. Әулеттің отағасы, ІІ дүниежүзілік соғыс ардагері Қабақ Смағұлдың айтуынша, бұл байқаудың жас отбасыларға берері өте мол.

«Отбасы құндылығын сақтап қалу әулеттің үлкендеріне байланысты. Со­ларға қарап оның ұрпағы өсіп-өнеді. Ал әулеттің басшысы қамқор, мейірімді және кеңпейіл болуға тиіс. Сонда ғана одан өнегелі ұрпақ тарап, өскен әулет болады», деді қария.

Тағы бір көпшіліктің көзайымы болған – Қарағанды облысының жүл­дегері Әмриндер әулеті. «Тыл ардагері» және «Еңбек ері» атанған Елубай ақсақал мен тоғыз құрсақ көтерген «Алтын алқа» иегері Шәкітай Жұмабекқызының отас­қанына биыл 65 жыл толыпты. Бүгінде 9 баласынан 32 немере, 30 шөбере сүйген қариялар өнегелі әулеттің қазынасы, қара шаңырақтың берекесі болып отыр. Еңбекке ерте араласқан отағасы Елубай ақсақал 30 жылдан аса уақыт жүк көлігін тізгіндеген, техниканың тілін жақсы біледі, ал Шәкітай апа балабақшада, мектеп асханасында, мәдениет үйінде жұмыс істеген, бұған қоса ерлі-зайыптылар мал шаруашылығымен айналысқан.

«Мектеп жасынан еңбек етіп, әке-шешеме қолғанат болдым. Ол кез тар­шылық заманы еді. Үйдің үлкендері маңдай термен ғана нан тауып жейсің, жалқау болсаң, аш қаласың деп өсірді. Зейнет жасына дейін тынбай еңбек еттік, ұрпағымды да еңбекқор болуға үйреттім», дейді Елубай ақсақал.

Әмрин әулеті Шет ауданы Ақадыр кентінде тұрады. Ақадыр тоғыз жолдың торабында тұрған үлкен теміржол беке­тінде орналасқан. Әулеттегі ағайын­ды­лардың біразы сол теміржолда еңбек етеді. Түрлі кәсіпті игерген әулет бүгінде адал еңбектің арқасында өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі болып отыр.

Ал алып шаһар Алматының үздігі атанған отбасы Сыбанбеков әулеті қайырымдылықпен айналысады. Отаға­сы Болат – жеке кәсіпкер, жұбайы Сана Жандай екеуінің отбасылық кәсібі бар. Олар қағаздан тапсырысқа сай түр­лі пішіндегі қорап, пакеттер, кеңсе қағаз­­­дарын жасап, ел нарығындағы ірі ком­па­ниялардың сұранысын қанағат­тандырып отыр. Болаттың әкесі Кемеш Әбілдаев көп жыл әскери салада қыз­мет етсе, анасы Қалымхан Әбілдае­ва ұла­ғатты ұстаз болған. «Әкемнің қасын­да полигондарда жүріп, ер азамат­қа қа­жет­ті мінезді меңгерсем, анам білімге құш­тар болуды үйретті», дейді Болат Сыбанбеков.

Сыбанбековтер 2019 жылдан бастап «Мектепке жол» республикалық акция­сына қатысып, мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтармен көмектеседі. Биыл 200 баланы мектепке дайындаған. Жұбайы Сана 2017 жылдан бері қоғамдық іске араласып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды кәсіпкерлікке баулу, жан-жақты қолдауға арналған «Бақытты отбасы» деп аталатын 8 орталық ашыпты. Пандемия кезінде мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестіріп көмектескен. Қо­ғам игілігі үшін белсенді жұмысының нәтижесінде Сана Жандай Алматы қа­ласы мәслихаты 7-шақырылымының депутаты болыпты. Бүгінде қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі. Болат пен Сананың шаңырақ көтергеніне 25 жылдан асқан, 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.

Сонымен қатар Жетісу облысының биылғы жеңімпазы Алакөл ауданы Жай­пақ ауылында тұратын Қайранов отбасы атанды. Шаңырақтың ұйытқысы – биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Алтынхан әжей «Алтын алқа» иегері. 7 баласынан жиырмадай немере, отыздан аса шөбере сүйіп отыр. Әулеттің тірегі Әбілқасым ақсақал көзі тірісінде жаз жайлауда, қыс қыстауда жүріп, мал шаруашылығымен айналысқан. Ең­бек жолын шопан болып бастаған Алтынхан Байдолдақызы да бұл кәсіптің қыр-сырын әбден меңгеріп, жолдасына қолғабыс еткен.

«Отағасымен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірге ақылдасып, бір-біріміздің тілімізді алып, сыйласып жақсы өмір сүрдік. Балаларына бар білгенін, адам болуды, адал кәсіп қылуды, еңбекті сүюді, бір-біріне қамқор болуды үйретіп кетті», дейді кейуана.

Бүгінде балалары мен немерелері әке-шешеден қалған атакәсіпті ары қа­рай жалғастырып, мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Жайпақ ауылында егін егіп, қожалық ұстайды. Бұл әулеттен шаруалармен қатар, жеке кәсіпкерлер, техниканың тілін меңгерген мамандар да бар. Сексеннен асса да, Алтынхан әжей әлі тың, отбасында немере-шөберелеріне қолөнер үйретеді.

Еңбектің қадіріне жеткен тағы бір отбасы – Макиленовтер әулеті. Алтай ауданындағы Серебрянск қаласында тұратын берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы Шығыс Қазақстан облысының үздігі деп танылды. Облыс бойынша ұлттық байқауға 108 отбасы қатысқан. Макиленовтер отбасының отағасы Ер­нұр ішкі істер органында жұмыс істей­ді, криминалдық бөлімнің басшысы, жұбайы Әсем де саналы ғұмырын осы салаға арнаған, қазір құрметті зейнетте. Ерлі-зайыптыларды табыстырған да осы – әскери қызмет. Ернұрдың әкесі Үмітхан Макиленовтің Роза апамызбен отасқанына биыл 40 жыл. 3 баладан 7 немере сүйіп отыр. Қариялар шаңырақтың қазығы болса, өсіп-өнген ұрпақ – сол әулетің баға жетпес қазына­сы. Үлкенге құрмет, кі­шіге ізетімен, қайсар мінез, қалтқысыз қыз­метімен туған-туыс, дос-жаранға сый­­лы болған Макиленов әулетінің ұлт­­тық байқауда үздік шығуы бекер емес.

Түркі халықтарының рухани астанасы Түркістан облысында ұлттық бай­қауға қатысуға 143 отбасы өтініш берген, үздік шыққаны – Әбілдаевтар әулеті. «Мұғалімдер отбасы» атанған жанұя Төле би ауданы Аққұм ауылында тұрады. Отасқанына 60 жыл болған Сәбит ата мен Айымжан әже – 4 ұл, 3 қыздан 30 немере, 35 шөбере сүйген өнегелі отбасы. Ардагер ұстаз Сәбит ақсақал ғұмырының 32 жылын білім саласына арнаған, өмірлік ұстанымы – саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Жұ­байы Айымжан Керімбайқызы да – мұғалім. Кейіпкерлеріміз педагогикалық инс­титутта танысып, кейін шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыпты ұстаздар көп жыл бойы бір мектепте қызмет етіп, бала тәрбиелеген. Әулеттің татулығы алдымен әке-шешенің ынтымағында деп санайтын қариялар 60 жыл бойы береке мен бірлікте өмір сүрген. Әбілдаев әулеті – мұғалімдер әулеті, ата-ана жолын үш қызы жалғаған, екінші ұлынан туған немересі де ұстаздық қызмет етеді.

Ұлттық байқаудың жеңімпазы атан­­ған шымкенттік Болатбек Бейіс­беков­тің отбасында сегіз адам шы­ғар­­ма­шы­­лықпен айналысады. Олар – Бо­лат­бек Бейісбеков, Күләш Айдар­бе­кова, Берік Болатбекұлы, Мәдина Нұр­­ланқызы, Венера Болатбекқызы, Ақ­бота Болатбекқызы, Арайлым Болат­бекқызы, Нұрай Берікқызы. Үлкен шы­ғар­машылық әулетте Қазақстан Су­рет­шілер одағының жеті мүшесі, Қа­зақ­стан Қолөнершілер одағының бес мүшесі бар. Арғы ата-бабалары қол­өнерімен айналысқан отба­сының бүгінгі ұрпақтары ұлттық өнері­мізді дәріптеуге сүбелі үлес қосып келеді.

Қорыта айтқанда, әр өңірден келген үздік отбасылардың берер өнегесі мол. Мұндай отбасылардың біразын осы уақытқа дейін газет оқырмандарына да таныстырып келдік. Үзіліссіз өткізіліп келе жатқан осынау үлгілі үрдіс алдағы уақытта да нәтижелі жалғасын таба беретініне сенімдіміз.