Әлем • 11 Қыркүйек, 2023

С5+1: Орталық Азияның халықаралық мүддесі

199 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қыркүйекте АҚШ-та Орталық Азия елдері үшін маңызды жиын өтеді. Бес мемлекеттің басшысы мұхиттың арғы бетінде Ақ үй басшысы Джо Байденмен кездеспек. Жиын барысында әлемдік және өңірлік қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылық, экономикалық байланыс секілді мәселелер талқыланады деп жоспарланған. Әзірге күн тәртібіне нендей түйткілдер шығарылатыны белгілі емес. Алайда сарапшылар бұл жиыннан үлкен үміт күтіп отыр.

С5+1: Орталық Азияның халықаралық мүддесі

«С5+1» форматы атауымен белгілі басқосу бұған дейін негізінен Орталық Азияда өтіп келген. Енді бес мемлекеттің бас­шысы алғаш рет мұхиттың арғы бетін­е бір мезгілде сапар шекпек. Аталған формат – Орталық Азияның бес елі мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимыл­дың көп­жақ­ты тетігі. Платформа аясында эко­но­микалық даму, өңірлік ынты­мақ­тас­тық, қоршаған орта және қауіпсіздік мәселелері талқыланады.

Бұл бастама Демократиялық партия өкілі Барак Обама тұсында құрылды. Осылайша, АҚШ-тың Орталық Азия жөніндегі саясаты жаңаша сипатқа ие болды. Сол кезде Ақ үй басшысы Орталық Азия мемлекеттері өңірлік проблемаларды шешу үшін, ең алдымен, ауызбіршілік танытып, барлық тарап мақұлдайтын күн тәртібін құрып алу керек деген ұстанымын білдірді. Осы мақсатта 2015 жылы Обама әкімшілігі Орталық Азиядағы интеграцияны күшейтуді көздейтін «С5+1» платформасын құруға мұрындық болған. Аталған алаң аясында бірнеше мәрте кездесулер өтті.

Мәселен, 2015 жылы мемлекеттік хатшы Джон Керри өңірдегі мемлекеттердің сыртқы істер министрлерімен жолықты. Ара­ға жыл салып БҰҰ Бас Ассамб­лея­сы­ның жұмысы аясында ведомство басшылары тағы жолықты. Мұндай басқосулар легі 2017 жылы да жалғасты. Сол кездегі мем­лекеттік хатшы Рекс Тиллерсон қыр­күйекте аймақтағы әріптестерімен түйт­кілді мәселелерді талқылады. Минис­трлік деңгейдегі кездесулер легі мұнымен тоқ­та­ған жоқ. Коронавирус басталған жылды ескермегенде, олар жыл сайын кемі бір рет бас қосып отырғаны белгілі.

Биылғы келіссөздер Сарыарқаның төрінде өтті. Елордаға АҚШ-тың Мем­ле­кет­тік хатшысы Энтони Блинкен ат ба­сын бұрды. Мұхит асып келген мейман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды, бір­қа­тар лауазымды тұлғамен жолықты. Кездесулерден кейін Э.Блинкен журналистерге сұхбат беріп, АҚШ тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі әрі батыл реформаларын әрқашан қолдай­тынын жеткізді.

«Біз, әрине, Қазақстан қабылдайтын іс-шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылап, саралап отырамыз. Мәселен, елдегі адам құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның тамырын жою секілді. Сондай-ақ президенттік мерзімге қатысты жүргізіліп жатқан ре­фор­малардың орны ерекше. Бұл өзге­ріс­тер өз кезегінде Қазақстанды инвес­тиция құюға қолайлы ел ретінде көрсетеді. Біз 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам инвестиция құйдық. Болашақта да АҚШ тікелей инвес­тиция көлемін арттыруға ниет біл­діріп отыр», деді Э.Блинкен.

АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен ке­ліссөздер жүргізуге ниет білдіруінің бір­неше себебі бар. Біріншіден, аймақ географиялық және геосаяси тұрғыдан үлкен маңызға ие. Бес мемлекет мұхитқа тікелей шыға алмаса да, Батыс пен Шығыс­ты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырып тұр. Екіншіден, Ауғанстаннан аузы күй­ген АҚШ үшін Орталық Азияның ты­ныш­тығы, басына күн туғанда сөзін сөйлеуі қажет.

Үшінші мәселе кейінгі кезде өзектілігі артты. Украинадағы соғыс басталғалы ресми Вашингтон өңірдегі ықпалын арттыру­ды көздейді. Қазіргі таңдағы шарта­рап­тың басты антогонисті – Ресейдің ыр­қына көніп кетпеуі үшін мүмкіндігінше Орталық Азияға қамқорлық жасауға тал­пы­­нады. Сол себепті бүгінде Ақ үй баста­ған батыс шенеуніктері өңірдегі мемлекет­тер жіберген кемшіліктерге кейде көз жұма қарайды.

Төр­тіншіден, Орталық Азияға қызыға­тын белді ойыншылардың саны артып келеді. Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқандықтан, қай-қайсы да өңірде белсенділігін арттырып, өзінің ығына көн­діруді көздейтіні түсінікті. Оның үстіне Сауд Арабиясы секілді мемлекеттер де аймақпен ынтымақтастығын арттыруға ниетті. Осы бағытта қазірдің өзінде бірне­ше кездесу өтіп үлгерді.

Бесіншіден, еліміз америкалық тарап үшін басты экономикалық серіктесі атанбаса да, тауар айналымы айтарлықтай деңгейде. Елімізде АҚШ-тың көптеген компаниясы жұмыс істейді. Мәселен, Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сау­да айналымы 2022 жылы 3 млрд доллардан асқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,2 пайызға артық. Экспорт көлемі 1,15 млрд долларға, ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі 1,89 млрд долларға жеткен.

АҚШ – Қазақстан эко­номикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі. 1993 жылдан бері АҚШ-тың елі­міз­ге тіке­лей инвестицияларының жалпы ағыны 62 млрд доллардан асты, ал 2022 жыл­дың алғашқы үш тоқсанында Америка инвес­тициясының көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,8 пайызға, яғни 5 млрд долларға дейін өсті. Еліміз­де мұхит асып келген ка­пи­тал­дың қаты­суы­мен 590-ға жуық кәсіп­орын жұ­мыс істейді.

АҚШ-тың Орталық Азияға үлкен қы­зығу­шылықпен қарайтыны мынадан да бай­қалады. Былтыр өңірде мұхиттың арғы бетінен көптеген шенеунік ат терлетіп келді. Мәселен, АҚШ Мемлекеттік хатшы­сы­ның Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу биылғы сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстанға іс-сапармен барды. Мамырда Қазынашылық департаменті терроризмді қаржыландыру және қаржылық қылмыстар жөніндегі атқарушы көмекшісі Элизабет Розенберг және Сауда департаментінің экспортты бақылау жөніндегі көмекшісі Мэтью С.Аксельрод қонаққа келді. Өткен аптада Мичиган штатының сенаторы, Сенат­тың ішкі қауіпсіздік және үкімет істері жөніндегі комитетінің төрағасы Гэри Питерс Қырғызстан мен Қазақстанға ат басын бұрды.

Сарапшылардың пайымдауынша, Ақ үй билігі халықаралық ынтымақтастықты Ук­раи­надағы соғысты тезірек аяқтауға жұ­мыл­дырғысы келсе, қазір мұның таптырмас сәті келіп тұр. Әсіресе Орталық Азия мемлекеттерін бауырына тартып, достық пейілін ашық көрсетуге тиіс.

«Орталық Азия мемлекеттері гео­гра­фия­­лық және саяси жағынан Ресей мен көршілес елдердің ықпалында қыспақта қалған. Олар соғыс жағдайында бейтарап көзқарас ұстанғанымен, қыл көпірден өтіп келе жатқандай жағдайда қалып отыр. Орталық Азия жұртшылығының Ук­раи­надағы соғысқа қатысты пікірі екіге бө­лін­ген. Ал өңір басшылығы Ресейдің экономикалық ықпалында қала беру шы­ңы­рауға құлататынын жақсы түсінеді», деп жазады «The Diplomat» сайтының шо­лу­шысы Катерин Путз.

Сонымен қатар аймаққа қатысты Қы­тайдың өз мүддесі бар екенін Байдан әкім­ші­лігі естен шығармауға тиіс. Өйткені соғыс салдарынан Мәскеудің бұрын­ғыдай күші қалмаса, Бейжің билігінің керісін­ше ық­па­лы артып келеді. «Жұмсақ күш» сая­са­тын жүргізіп, экономикалық серіктес­тік­ке екпін беріп, өз ықпалын арттыруды көздейді.

«Atlantic Council» сарапшысы Марк Темники Орталық Азиядағы бес мемлекет гео стратегиялық тұрғыда Еуразияда ма­ңыз­ға ие екенін жазады. Автордың пайым­дауынша, Қытайдың өңірдегі ықпа­лын арт­тыруға тырысу батысқа геоэконо­ми­ка­лық қарсылығын күшейтеді.

«Байден әкімшілігі аймақтың геосаяси және геоэкономикалық әлеуетін мойындаса да, әрекет етуге асықпады. Бүгінгі күнге дейін АҚШ-тың бірде-бір президенті аймаққа барған емес, алдағы уақытта да президенттік сапарлар жос­пар­ланып отырған жоқ. Ал Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин аймаққа ерекше назар аударып отыр. Мәселен, биылғы мамырда Си Цзиньпин мен Орталық Азияның бес көшбасшысы арасында өткен саммит нәтижесінде Қытай инвестициясы артты. Бейжің қазіргі уақытта Орталық Азия газының ең ірі тұтынушысы саналады. Мәскеудің Украинаға басып кіруі Ресейдің ықпалын азайтса да, оның орнын АҚШ емес, Қытай толтырып отыр», дейді М.Темники.

Көп сарапшы «әлемдік үстемдікке таласатын державаға бұл аймақ таптырмас мүмкіндік» деп есептейді. Өйткені АҚШ-тың басты саяси бәсекелесі Ресей мен сауда-экономикалық қарсыласы Қытай Орталық Азия елдерімен шектесіп жатыр. Колумбия университетінің аспиранты Коллин Вудтың пайымдауынша, мұндай қадам үлкен шахмат тақтасында екі жақ қана емес, үшінші ойыншы бар екенін «ескертіп» қою үшін қажет.

Осы орайда мына мәселеге назар аудар­­ған жөн. Джо Байден Барак Оба­ма­ның президенттігі кезінде вице-прези­дент лауазымын атқарған. Яғни «С5+1» бас­тамасының басы-қасында жүр­ген­дер­дің бірі. Ендеше Джо Байденнің әкім­ші­лігі өңірдегі ықпалын арттырмаса, ке­мітпейтіні түсінікті. Демек бес елдің бас­­шыларын Вашингтонға шақыру ар­қылы Ақ үй тарапы Орталық Азияны назардан тыс қалдырмайтынын байқатып отыр.