Қоғам • 11 Қыркүйек, 2023

Шымкентте энергетикалық сусын шығаратын жасырын цех анықталды

331 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Бизнес құқықтарын қорғау және көлеңкелі экономикамен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс аясында танымал энергетикалық сусын шығаратын жасырын цехтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Egemen.kz

Шымкентте энергетикалық сусын шығаратын жасырын цех анықталды

Фото: Ашық дереккөз

«Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары және сауда маркасының құқық иеленушінің өкілдері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде 21 мың құтыдан астам контрафактілік сусынның дайын өнімдері, тауар белгісі бар 54 мың данадан астам энергетикалық сусынды құюға арналған жабдық, сия бүріккіш жапсырма, орау құрылғылары, қақпақтар, құрғақ қоспалар тәркіленді», делінген ведомство хабарламасында. 

Келтірілген шығын көлемі 37 млн теңгеден асады. Ұлттық сараптама орталығының микробиологиялық зерттеу хаттамасына сәйкес, тәркіленген сусынның құрамында рұқсат етілген мөлшерден екі есе жоғары зең мен ашытқы бар.

«Бұл өнім тұтынуға жарамсыз, өйткені ол адам денсаулығына, әсіресе жас ағзаға зиян келтіреді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді», делінген хабарламада. 

Айта кетейік, ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.