Балалар • 11 Қыркүйек, 2023

Елімізде BalaQorgau бірыңғай байланыс орталығы ашылады

219 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша жаңа шаралар жүзеге асырылады. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде BalaQorgau бірыңғай байланыс орталығы ашылады

Фото: sputnik.kz

Құжат Мемлекет басшысының 2022 жылдың жазында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Оның шеңберінде облыстар, аудандар және қалалар бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы жасалады, онда балалар арасындағы құқық бұзушылықтар, зорлық-зомбылық және қорлау фактілері, сабаққа келмеу туралы өзекті ақпарат көрсетіледі. Бұл «дағдарысты басқару» әдісін қолдана отырып, сапалы мониторинг жүргізуге және шұғыл көмек көрсетуге көмектеседі.

Сонымен қатар Финляндия тәжірибесі негізінде білім беру ұйымдары үшін онлайн сауалнамалар, тақырыптық сабақтар, әңгімелесу және сабақтан тыс іс-шаралар өткізуді көздейтін буллингке қарсы бағдарлама әзірлеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ зорлық-зомбылыққа, қорқытуға не кибербуллингке ұшыраған немесе куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі бекітіледі.

Бұдан басқа, кейс-менеджмент тетігін қолдану арқылы мектепішілік есепке алуды жүргізу тәсілдері өзгертіледі. Бұл дағдарыс жағдайын анықтаудан бастап жеке жұмыс жоспарын құру және жауапты мұғалімдерді бекіту арқылы мәселені толығымен шешуге дейінгі шараларды қабылдауды қамтиды.

Құжатты жүзеге асыру аясында балаларға арналған BalaQorgau бірыңғай байланыс орталығын құру, мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтарын енгізу, сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіз контентті қалыптастыру үшін еліміздегі TikTok, Instagram, Facebook, Вконтакте және YouTube платформаларының өкілдерімен жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар Кешенді жоспарда тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету, аймақтық психологиялық қолдау орталықтарын құру, педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтердің санын көбейту, педагог-психологтердің сыныппен қосымша жұмыс уақытын енгізу және жалпы олардың жұмысын цифрландыру бойынша шаралар қарастырылған. 

Оған қоса ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, мәдени тәрбие беру және балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру, балалар спортын дамыту және кәмелетке толмағандарды қосымша біліммен кеңінен қамту шаралары қабылданады.

Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтар, сондай-ақ өзіне қол жұмсау фактілері мен әрекеттері айтарлықтай төмендейді деп күтіледі. Бұл ретте балаларды қорғау және олардың бос уақытын қамту деңгейі артады.

Жоспарды іске асыру барысында Қазақстанда қосымша 1000 педагог-психолог пен 2000 әлеуметтік педагог даярланады. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін, біліктілігін арттыру шараларымен қамтылған педагогтердің үлесі жыл сайын 33%-ға артады.