Фото: Түркістан облысы әкімдігі
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында Түркістан өңірінің дамуына тікелей ықпал ететін мәселелер көтеріліп, міндеттер жүктелді. Таяуда Үкіметтің қарауымен Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспары бекітіледі. Біз де өз тарапымыздан әлеуетімізді саралап, дайындықты бастауымыз керек. Облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері өздеріне тиесілі салалары бойынша жоспар жасап, елдің әл-ауқатын көтеру, Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша жұмысты күшейтулері тиіс», деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек Жолдауда барлық саланың өзекті мәселелері қамтылғанын атап өтті. Мемлекет басшысы макроэкономикалық саясатты қайта жүктеу үшін бюджеттік-салықтық саясатты дамытуды тапсырды. Сонымен бірге биыл экономиканың өсімін 4% денгейінде қамтамасыз етуді жүктеді. Биыл облыстың жалпы өңірлік өнімін 3,5 трлн теңгеге немесе 3,6% өсімге қол жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, облыс экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының 2-кезеңі әзірленіп жатыр. Болжамға сәйкес, 2028 жылға қарай жалпы өңірлік өнім көлемін 1,5 есе көбейтіп, 5,2 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Мұздыбеков пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов те өз салалары бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Қазіргі таңда «Кентау қаласы №5 ЖЭО қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру» нысаны бойынша облыстық бюджеттен 3 млрд теңге қаржы бөлініп, мердігер мекемелер тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Облыстағы 833 елді мекеннің 814-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған, қалған 19 елді мекеннің тұрғындары дербес электр қондырғысынан электр қуатын пайдаланып отыр. Сонымен қатар облыс аумағында жаңартылатын энергия көздері саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда, Түркістан облысы аумағында жалпы қуаты 228,6 МВт құрайтын 23 жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылған. Биыл қазан айына дейін Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекенінде қуаты 50 МВт құрайтын «Шәуілдір» күн электр станциясының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі.
Жолдауда ірі кәсіпорындардың шикізатты кезең-кезеңімен қайта өңдеу бағытындағы міндеттемелерін бекіту жөнінде айтылды. Көкөністі, жеміс-жидекті, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісі жанданады. Осы орайда, аталған саланы дамытудың маңыздылығын ескере отырып, отандық және шетелдік инвесторларды тарту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, мақтаны терең өңдеу және кластер құру бойынша өзбекстандық «Global Textile» және қытайлық «Peng Sheng» компанияларымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар Шардара ауданында «КазКрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысын жүргізуде және «Atmo Capital Turkistan» ЖШС-і қызанақ және бақша дақылдарын терең өңдеу зауытын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Түркістан қаласында пияз және сарымсақ дақылдарын терең өңдеу арқылы кептірілген дайын өнімдерге қосылатын дәмдеуіштерін өндіру зауытының құрылысын бастау мәселесі де қарастырылды. Сондай-ақ Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС құрама жем өндірісі және ірі қара мал қалдықтарын терең өңдеу зауытының құрылысын жоспарлап отыр. Одан өзге де жоспарлар бар.
Айта кетсек, Түркістан облысында өнеркәсіп саласында соңғы 5 жылда өнім көлемі 2 есе өсіп, 2022 жылы 866,6 млрд теңгеге жеткен. 2023 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 519,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексінің 104,5% құраған. Аталған салада 350-ден аса кәсіпорын жұмыс істеп, 31,7 мың адам жұмыспен қамтылған.