Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2023

Бикен Римованың 100 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалі өтеді

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісуда театр саңлағы, әйгілі актриса Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I Халықаралық театр фестивалі өтеді. Айтулы іс-шараға өңір әкімі қолдау көрсетіп отыр. Одан бөлек ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы да атсалыспақ. Онға жуық мемлекеттен келген театр майталмандары Талдықорған төрінде бақ сынайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бикен Римованың 100 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалі өтеді

Күні кеше Жетісу жеріне ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы іссапармен келді. Ол киелі өнер ордасы Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының ұйымдастыруымен қолға алынған фестивалдің жұмыс жоспарымен танысты.

Салтанатты жиынның мақсаты – сахна саңлағы Бикен Римованың 100 жылдығын мерекелеу, сонымен қатар, режиссерлер мен актерлер арасынан кәсіби қолтаңбасы қалыптасқан үздік сахнагерлерді анықтау. Оған Қазақстаннан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театры, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының «Жаңа ғасыр» театры, Астана қалалық «Музыкалық жас көрермен театры» және шет елден Түркия, Әзербайжан, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері қатысады. 

Бағдарлама аясында Бикен Римованың бюсті салтанатты түрде ашылады. Сонымен қатар ғасырға жуық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры фестивальдің шымылдығын Бикен Римова басты рөлді сомдаған «Еңлік-Кебек» қойылымымен ашпақ. Оның басты себебі, әйгілі актрисаның төл театрға ғұмырының басым бөлігін арнағаны болып отыр.

Сұлтан Раев театрдың шығармашылық ұжымымен кездесу барысында театр ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, халықаралық фестивальге қатысуға дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ  Ұйым аясындағы белсенді жұмысы үшін Жетісу облысының әкімшілігіне Б.Римова атындағы Талдықорған  драма театрына сәттілік тілеп, халықаралық театр фестивалінің жоғары деңгейде өткізуге ТҮРКСОЙ  театрлар арасындағы байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтты Ал өз кезегінде театр директоры Ерлік Жуасбек Сұлтан Раевқа алғыс білдіріп, қазақы дәстүрмен қамшы және Бикен Римованың фотоальбомын сыйға тартты.

Биыл ТҮРКСОЙ деңгейінде театр және кино актрисасы Бикен Римованың 100 жылдығы, қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы, жазушы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы, қазақ ақыны, әдебиеттанушы, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы түркі тілдес елдерде кеңінен аталып өтеді.

Айта кетейік, театр фестивалі халықаралық деңгейде өткізілетін болғандықтан қазылар алқасының мүшелері Қазақстанмен қоса, Әзербайжан, Башқұртстан елдерінен сарапталды.


Жетісу облысы