Бизнес • 11 Қыркүйек, 2023

Шардаралық кәсіпкер отбасылық бизнесті дамытып отыр

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан өңіріндегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне жан-жақты жасалып жатқан жағдайларды тиімді пайдалана білген шардаралық кәсіп иесі Айсұлу Баратова бауырларымен бірге шағын цех ашып, кір жуатын сабын және ыдыс жууға арналған сұйық сабын шығарып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Шардаралық кәсіпкер отбасылық бизнесті дамытып отыр

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Кәсібін өткен жылы қараша айында бастаған А. Баратованың шағын цехы бүгінде тәулігіне ыдыс жууға арналған 300 литр сұйықтық пен 250-300 дана кір сабын өндіреді. Өндірілген өнімдерін Шардара, Жетісай, Мақтаарал ауданымен қатар Шымкент қаласына тапсырыспен жөнелтіп отырады екен. Өнім өндіруге қажетті шикізатты Алматы қаласы мен көршілес Өзбекстаннан тасымалдайды. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпорынның қуаттылығын арттыруға ниеттеніп жүрген жас кәсіпкерге мемлекеттен қолдау, қайтарымсыз грант керек.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты тапсырмасы және қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жан-жақты қолдаулар жеке кәсіппен шұғылдануға және кәсібін кеңейтуге ниеттенушілерге мол мүмкіндік қарастырған. Сондай мүмкіндіктерді Шардара ауданынан 21 жас тиімді пайдаланып, 1,3 млн теңге қайтарымсыз грант алса, 33 жас 5 млн теңгеге дейінгі гранттарға құжат тапсырған.

«Біз өз ісін бастаймын немесе кәсібімді кеңейтемін деген кез келген жасқа қолдау көрсетуге дайынбыз. Түсіндіру жұмыстарын да үздіксіз жүргізіп келеміз», дейді Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і басшысы Батыр Қалдарбек.

Жеке қаражаты есебінен өз ісін бастаған А.Баратова кәсібінің қыр-сырын Алматы қаласында бауырларымен бірге оқып, үйренген. Бүгінде өнімдеріне деген сұраныстың артуына байланысты қосымша құрал-жабдықтар мен жұмысшы күшін арттыру бойынша құжаттарын дайындауды қолға алған және үлкен қалалардағы сауда орталықтары мен тұтынушыларға өнім жеткізіп беру мекемелерімен де келісім шарттар жасауды бастаған.