Мәдениет • 11 Қыркүйек, 2023

Өмірін өрнектеген өлең-жырмен

1112 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ауыздан-ауызға, аңыздан-аңызға тарап, бүгінге жеткен жыр-дастандарда ұлттық тәрбиенің мәйегі жатыр. Десе де, таңды таңға ұрып, құмарыңды қандыра жырлаған от ауызды жыршылар келмес күннің елесінде қалғандай көрінетіні бар кейде. Өнердің өң-сипаты өзгеріске ұшыраған бүгінгі уақытта қолына домбыра ұстап, баба мұрасын жалғаған жыр-терме жанашырларын көп ішінен көрсек, ерекше қуанамыз. Мұндайда «ел іші – өнер кеніші» деген тіркес еріксіз еске түседі.

Өмірін өрнектеген өлең-жырмен

Суретті түсірген – Юрий Беккер

Бесқала қазақтарының әнші-күйшілік һәм жыраулық мектебінің мұрасы – ұлттық өнер тарихынан ойып орын алуға тиіс құнды қазына. Даңқы алыс-жақынды шарлаған Наурызбек Раманқұлов сияқты атақты жырау қанат қаққан киелі өлкенің өлең-жырдан өріс тапқан перзенттері аз емес. Солардың бірі – жыршылық өнерді жанына серік еткен Бекен Арзиев. 2002 жылы Қарақалпақ елінен Алматыға саршатамыз сағынышын ала жеткен арқалы азамат – әйгілі Қарасай жырау Әбдімұратұлының шәкірті. Жиын-тойда қоңыр үнді қоздатып, жұртты саумал жырмен сусындататын кейіпкеріміз ескіден қалған есті сөзді ұрпақ жадында жаңғыртып жүр. Алты жасынан бері қолынан домбыра мен сырнай түспей келе жатқан оның жақсы мен жаманның парқы, халықтың қасиеті, бабаның өсиеті туралы толғаулары көңілге ой салады.

«Әкем Қожақ өмір бойы қой бағып, мал шаруа­шылығында еңбек етті. Ар­найы академиялық білім алмаса да, дала даналығын бойға қондырған текті жан еді. Бала жасымыздан бізді ізгілікке, адалдыққа баулыды. Бір жолы «Ласковый май» тобының жаңа шыққан әндерін күнұзақ тыңдап жүрген мені қасына шақырып алып: «Балам, мынауың не? Татымсыз дүниеге құмар болғанша, ғұ­мыр бойы жаныңа азық боларлық жыр-термелерді тыңдасаңшы», дегені бар. Көп ұзатпай үйге Қарасай жырауды шақырып, жыр-термелерін тыңдатты үлкен-кішімізге. Осы жағдай маған қат­ты әсер етті. Маңғаз мақамымен тың­дау­шысын баурап алатын Қарасай ­жы­­рау сол кезде елуге енді келген жігіт ағасы-тұғын. Өсиет пен өнегеге то­лы дастандарына түн ауғанша талмай құ­лақ қойдық. Осыдан кейін менің жыр-толғауларға ықыласым ауды. Кейін­нен біз тұратын Тақтакөпір ауданының «Жа­ңадария» кеңшарында талай жасты өнерге баулыған, Алматыда жоғары оқу орнын тәмам­даған Рүстем Дәрібаевтай ұстазымнан үйренгенім көп. Кеңшар директоры Оразалы Иімбетов деген кісі де өнерге икемі бар бала көрсе, «бұлақ көзін ашқандай» қуанып, қолдай жөнелетін. Сол кісі­лердің қамқорлығымен бала күнімізде сахналық қойылымдар қойып, ән салып, өнерімізді шың­дай түстік. Жетінші сыныпта жүргенімде «Еңлік-Кебек» пьесасында қойшы бала Жабалдың рөлін сомдағаным бар. Араға бірер жыл салып Ташкент қаласында аптасына бір мәрте Өзбекстандағы қазақ жұртына арнап әзірлейтін «Замандас» теле­визиялық хабарына кеңшарымыздан құрылған «Сарыжайлау» ансамблінің сапында қатысып, өнерімізге республикадағы ағайындар ыстық ықы­ласын білдірді. Осындай азды-көпті бастамалар бізді өнерге, сөз киесін ұғынуға тәрбиеледі», дейді Бекен Арзиев.

Бүгінде жасы тоқсанға таяған ұста­зы Қарасай жырау Әбдімұратұлының: «Бекен, пәленбай кітап­ты жаттап алып, таңға дейін домбыраңды сабалап айқайлағаннан түк өнбейді, бір тер­ме жаттасаң да, халықтың жүрегіне құ­йып бергейсің. Тыңдаушы айызы қан­бай, қане, тағы біреуін айтшы демесе, жыр­шының жыршылығына сын» деген сөзін өмір бойы жадынан шығарған емес. Да­уысты құбылту, ырғақты құлпырту, тың­даушыға жыр-дастандағы оқиғаның ортасында отырғандай әсер қалдыру – жыршыға жүктелетін жауапты міндет. Мұндай талант табиғатыңда болмаса, құр тыраштанғанмен жүрекке жол таба алмасың анық», дейді Бекен. Өмірден ерте озған нағашы атасы Орнықбай Сыр елінде жыраулығымен, шешендігімен танылған шежіре адам болғанын ескерсек, Бекеңді өнерге қосқан қаннан келген қасиет екенін анық аңғарамыз.

Иә, жүз кітапты жаттап алсаң да, жыршымын деп айтуға үлкен жүрек керек. Әңгіме барысында кейіпкеріміз өзі ерекше қадір тұтатын Әбдімұрат жыраудың тыңдаушысын үйірудегі кесек келбеті туралы бірер мысал айтқан еді. «Кешқұрым әдет­тегідей киіз үйге жыр тыңдайтын жұрт жиналады. Өлең-жырға қанша құмар болса да, күні бойғы жұмыстан шаршаған тыңдаушыларды сәлден кейін ұйқы қыса бастайтыны белгілі. Сол тұста Әбдімұрат жырау ма­қамын бірден өзгертіп, ойнақы үнмен киіз үйдің босағасында қонышы жыртылып жатқан етікке қарап тұрып:

«Ей, босағада бүктелген керім етік,

Қонышыңды жыртсам ба өрім етіп.

Пұлына бір тоқтының алып едім,

Шықпадың ғой бір жылға төзім етіп»,

дегенде ұйқы дендеген жұрт есін жиып керім етікке қадала қараған көрінеді. Осы сәтте жырау етікке тіл бітіргендей өлеңін жалғап:

«Сол кезде сөйлеп кетті керім етік:

«Ашуландың сен маған мұнша нетіп.

Күніне күнжу маймен майлап тұрсаң,

Кие бер жүз жылыңа серік етіп»

дегенде жиылғандар қыран-топан күлкіге қарық болатын көрінеді. Күлкі келгенде ұйқы қашады дегендей, тыңдаушының көңілін желпіндіріп, арасында осылай әзілмен сілкіп алатын ғаламат жы­раулардың тыңдарманы да талғампаз еді», деп тебіренеді Бекең.

Бүгінгі жылдам жүйткіген ақпарат дәуірінде арқаны кеңге сап ала таңға жыр тыңдайтын айшуақ күндер алыста қалды десек те, жаны жырдан жылылық табатын жандар аз емес. Бекен жыршы терме-толғау тыңдауға аңсары ауып тұратын ағайын кейде өзіне қолқа салып, саз бен сөз сиқырынан сыр бағатынын айтады. Көбіне той-думанның ортасында жастарға үлгі-өнеге боларлық мазмұнды шығармаларды кемеліне жеткізе шырқайтын шайыр-көңіл бүгінгі ұрпақ бабадан жеткен бекзат өнерді құрметтеп, жыршылардың ой маржанын өміріне қазық, болашағына азық етсе дейді.

«Кездесе қалған адамға ақтарыла бермейсің. Құдай берген азын-аулақ өнердің арқасында ағайынның алғысына бөленіп жүрміз. Сөздің парқын зерделеген ағайын әулетіндегі қуанышқа арнайылап шақырып жатады. Күні бүгінге дейін кемі 3 мың келіннің бетін аштым-ау осы. Мен бетін ашқан келіндердің алды немере сүйді. Бұл да бір ұлттық дәстүрге қосқан үлесіміз. Бір тілегім, адам баласын ізгі өмірге үндейтін, адамгершілікке шақыратын, мәңгілік сауалдың мәніне үңілдіретін салмақты дүниелер көп болса. Бір нәрсе туралы кесіп-пішіп айтуға хақымыз жоқ та шығар. Өз пікіріңді, көзқарасыңды біреуге таңған да жөн емес. Өйткені біз пайғамбар яки әулие емеспіз. Өнердің бәрін жеке-дара жіліктемей, руханият деп алсақ, сол руханиятқа қызмет ете алсақ, бір адамның болса да көңіліне жылы шуақ себе алсақ, өнеріміздің бекерге кетпегені сол болар», дейді жыршы.

Қадымнан жеткен қастерлі мұра тарихи жыр баяндарды, діни дастандарды жалықпай жатқа айтатын өнер иелері әр ортадан табыла бермейді. Жауына жебедей атылған жаужүрек ерлердің, өмірін өнегемен өрнектеген әулиелердің, жұртты иманға үйірген сопы-ишандардың берік тұтынған адами асыл қасиеттері жыраулар тілінің жауһарына бөленіп, халық қазынасына айналды. Бекен Қожақұлы сынды ортамызда жүрген жыршы-термешілердің өскен ортасы, үлгі-өнеге алатын мектебі де – халық мұрасы. Ендеше, кешегіні бүгінге жеткізген мұндай жыршылардың жолын жалғастыратын өнер мен өнеге шоғыры үзілмесе дейміз.

 

АЛМАТЫ