Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері кейінгі бір айда көлеңкелі іспен айналысқандардың бірнеше заңсыз әрекетін әшкереледі. Әсіресе, сәйкестендіру құралдарымен таңбалануға жататын акцизделетін өнімдерді заңсыз сату дерегі белең алып тұр. Сондай деректің бірін өңірлік экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Атырау қаласындағы қоймалар мен дүкеннің біріне жүргізген тексеру кезінде анықтаған. Тексеру жұмыстары кезінде қойма мен дүкеннен электрондық темекі, вейп құрылғылар, сұйықтық түріндегі 2,5 мыңнан астам темекі бұйымы анықталды. Бұл заттардың барлығы саудаға заңсыз шығарылған. Заңсыз айналымнан алынған темекі өнімінің нарықтағы құны шамамен 6,7 млн теңгені құрайды.
Екінші дерек те темекі өнімін заңсыз сатуға қатысты болып отыр. Департамент қызметкерлері бір кәсіпорынның қызметін мемлекеттік кірістер органдарында темекі өнімдерін көтерме сатушы ретінде тіркеусіз жүзеге асырып келгенін анықтады. Кәсіпорыннан 69 қорапқа салынған 96 мың заңсыз темекі өнімі табылды. Заңсыз өнімнің жалпы құны – 67 млн 178 мың теңге.
Тіпті мұнай өнімдерін заңсыз сататындар бар. Мәселен, өткен аптада Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері мұнай өніміне жататын 3 тонна дизельді заңсыз сатудың жолын кесті. Осы істі кәсіпке айналдырғысы келген бір адам анықталды. Күдікке ілінген қала тұрғыны 3 тонна дизель отынын арнайы көлікпен тасымалдаған.
«Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтауға байланысты іс-шаралар жалғасып жатыр. Заңсыз айналымнан алынған өнімдерге, оны сатқан адамдарға қатысты жинақталған іс материалдары сотқа жолданды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Атырау облысы