Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2023

Талапта ашылған зауыт өңірді керамикалық кірпішпен қамтиды

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жезқазғанның іргесіндегі Талап ауылында кірпіш зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жеке кәсіпкер Телібай Бекмұратовтың өз қаржысына салынды.

Талапта ашылған зауыт өңірді керамикалық кірпішпен қамтиды

Суретті түсірген – автор

Оның ашылу салтанатында құттықтау лебізін білдірген облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы:

– Арамыздан шыққан кәсіпкер азамат­тардың осындай істерін көргенде, сүйінбеске болмайды. Өйткені бұл өндіріс өңірге өте қажет. Облысымызда тұрғын үй, әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын ала бастады. Енді біз қажетті кірпішті алыстан тасымайтын болдық. Өз кезегінде бұл қаржы үнемдеуге, бағаның тұрақтануына игі әсерін тигізеді. Қаншама адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Сондықтан облыс басшылығы тарапынан шынайы алғысымды білдіремін және кәсіпкер азаматтарымызды шағын болса да өнім өндіру бағытын ұстануға шақырамын,  – деді.

Құрылыс өткен жылы басталған болатын. Айналасы бір жыл ішінде барлық қажетті өндірістік желілері, инфра­құры­лымы жолға қойылған зауытта 60 жұмыс орны ашылатын болады.

– Біз жылына 20 млн дана сапалы керамикалық кірпіш шығаруды көздеп отырмыз. Тиісті құрал-жабдығы­мыз, техникамыз, шикізатымыз жеткілікті. Мүмкін кейінірек зауыттың қуатын арттыра түсу жағын да ойластырармыз, қазір­гі мақсатымыз – әзірге өңірдің сұра­нысын қамту, – деді Телібай Төлеубайұлы.

 

Ұлытау облысы,

Жезқазған қаласы