Атап айтқанда, Азия ойындарының бас жүлдесін иеленген спортшыға 10 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы берілсе, атлетті жарысқа дайындаған жаттықтырушысына 5 мың доллар қарастырылып отыр. Сары құрлықтың Олимпиадасына айналған додада күміс жүлдегер атанған спортшы 5 мың доллармен, ал жаттықтырушысы 3 мың доллармен марапатталады. Сондай-ақ қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3 мың доллар, ал оның жаттықтырушысына 2 мың доллар көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.
«Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама жасақталып, еліміздің әр өңірінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Спортшыларымыз жақын күндері Қытайға аттанады», деді Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.
Сонымен қатар министрліктен бөлек, Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев те Азия ойындарында үздіктер қатарынан көрінген былғары қолғап шеберлеріне қаржылай сыйақы берілетінін айтты. Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес ҚБФ президентінің жеке қаражатынан сыйақылар беру дәстүрі бойынша алтын медаль үшін чемпиондар 50 мың доллар, күміс жүлдегерлер – 30 мың доллар, қола медаль үшін 10 мың доллар алады.
Кеше Шәміл Сафиуллин бастаған бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқылардың бірі болып Қытайдағы додаға аттанды. Ханчжоудағы жазғы Азия ойындары қарсаңында біздің спортшылар жергілікті және Тәжікстан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Қытайдағы осы жылдың ең басты додасында ел намысын ерлер құрамасынан Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг), команда капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг) және аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев қорғайды.
Ал қыздар құрамасы сапынан Назым Қызайбай (50 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Римма Волосенко (60 кг), Наталья Богданова (66 кг) және Валентина Хальзова (75 кг) бас жүлдеге таласады.
XIX жазғы Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Қазақстан құрамасынан 500-ден аса спортшы спорттың 33 түрінен сынға түседі. Тарихта алғаш рет Азия ойындарында Олимпиада лицензиялары сарапқа салынады.