Әйтеке би ауданында бидай өсірумен айналысатын «Еңбек-Agro» ЖШС басшысы Роман Жавренко егіс алқабының 1 700 гектарын киіктер жеп қойғанын хабарлады.
«Біз киіктерді қанша қуаласақ та болар емес. Пісіп тұрған бидайдың дәмін татқан жабайы жануар үйірлері біресе ана бастан, біресе мына бастан кіріп кетеді. Шыны керек, бірнеше шақырым егіс алқаптарын қорып отыруға шамамыз жоқ. Биыл киік саны былтырғыдан көп әрі олар адамдардан қорықпайды. Үркітіп жібергенімізбен, 100 метр жерге дейін барып, адамдарға қарап тұрады. Үкімет қандай да бір шара қабылдамаса, киік бізді банкрот қылуға шақ қалды. Оларды үркіту үшін шағын газ баллондарын сатып алдық. Бірақ бұл – пайдасыз әрекет», дейді Р.Жавренко.
Биылғы жаз онсыз да ақтөбелік шаруаларға оңай соқпады. Шілдеде Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарының егіс алқаптары шегіртке шабуылына ұшыраса, енді астық піскенде киік маза бермей тұр. Даланың құнарлы шөбі азайған соң жабайы жануар егінге түседі. Оның үстіне бірнеше күннен бері толассыз жауған жаңбыр шаруаларға бидайды толық жинап алуға мүмкіндік бермей жатыр.
Ақтөбе облысы аумағында киіктердің Бетпақдала және Үстірт таралымы мекендейді. Көктемде жүргізілген әуе санағында Байғанин және Шалқар аудандарында Үстірт тобына жататын 39 700 бас, ал Әйтеке би, Ырғыз, Хромтау аудандары аумағынан Бетпақдала үйірінің 120 мың басын есептеді. Әйтеке би ауданы аумағынан күзде киіктердің Бетпақдала тобы Арқаға қарай ауады. Ал жергілікті тұрғындар осы кезде киіктердің Ресей жағынан да келіп жатқанын айтады. Киік шабуылынан зардап шеккен шаруалардың шағымын негізге алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бір ай бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазған. Әзірге жауап жоқ. Киіктерді қорғауға жауапты мекеме «Охотзоопром» РМҚК Ақтөбе облыстық бөлімшесі рейдтерге шығып, дала жануарының қозғалысын сырттай бақылап қана отырғандарын жеткізді. Өйткені елімізде киік атуға мораторий 2024 жылға дейін ұзартылған.
Ақтөбе облысы