Экономика • 12 Қыркүйек, 2023

Логистикалық компаниялармен байланыс

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компания­сын көліктік-логис­тикалық компанияға айнал­дыру – Мемлекет басшы­сының арнайы тапсырмасы. Таяуда тапсырманы орындау аясында Жол картасы әзір­леніп, бекітілді.

Логистикалық компаниялармен байланыс

Құжатта бірнеше бағыттағы іс-шаралар жүйе­ленген. Олар компания құрылымындағы өзге­ріс­терге, цифрландыруға, жаңа өнімдер мен қыз­мет­тер­ді қалыптастыруға және компанияның қатысу географиясын кеңейтуге қатысты іс-шаралардан тұрады. 

Ұлттық компания стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру үшін логис­тикалық блокты күшейтіп, көлік логистикасының құзыретті орта­лығы мен мультимодальды тасы­малдау департаментін қай­та құрды. Соның негізінде теміржол әкім­ші­лік­­терімен және ірі ха­лықаралық көлік-ло­гис­ти­ка­­лық компания­лармен келіссөздер жүр­гізілді. Сөй­тіп, Логис­ти­калық компаниялармен (ADP, DB, Shandong Port Group) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. 

Бүгінгі таңда Қазақстанда сауда тораптарын құру мәселелері пысықталу үстінде. Сондай-ақ жаңа құзырет орталықтарын қа­лып­тастыру бо­йынша да жұ­мыс­тар жалғасын тауып жатыр. Оған қоса келешекте Қытай мен Еуропа аумақтарында логистикалық қызмет көрсету үшін ұлттық компания бөлімшелерін ашу жоспарланып отыр. Бұл іс-шаралар еліміз арқылы өтетін транзиттік жүктерді қайта бағдарлауға мол мүм­кіндік береді. 

Қазіргі күнде компания бизнес-үдерістерді цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Соған орай PSA International жетекші транс­ұлттық логистикалық компаниясымен бірле­сіп, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ақ­па­раттық жүйелерін және Calista жеткізу тізбегін басқаруға арналған сингапурлық онлайн платформасын біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Цифрлық шешімді Транскаспий халықаралық көлік бағдарында да қолдану жоспарда бар. Бұл жаңа жүйе тұтынушылар үшін сапалы әрі ыңғайлы қызмет түрін көрсетіп, халықаралық тасымалдаушылар үшін бағыттың тартымдылығын арттырады деген үміт зор.

Ал «Huawei» компаниясы  мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы арасында цифрландыруды дамыту туралы меморандумға қол қоюы компанияның жедел дамуына жол ашады.