Өйткені қазақтың күй өнерін Құрманғазысыз елестету мүмкін емес. Ұлы күйшінің артына қалдырған мол мұрасы да, күйлерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жүрген шәкірттері де көп. Композитордың өмірі мен шығармашылығы әлі де зерттеле береді. Өйткені Құрманғазының тағдыры да, күйлері де тарихшыларды қызықтыратыны «ХІХ–ХХ ғасырлардағы Атырау тарихы мен мәдениеті» деген атаумен өткен ғылыми-практикалық конференцияда аңғарылды.
ХІХ–ХХ ғасырларда батыс өңірдегі тарихи-этнографиялық, археологиялық зерттеулердің, әншілік-жыршылық дәстүрдің маңызы мен сипатын кеңінен ашу көзделген конференцияда ғалымдар күй атасының бітім-болмысын, ұлттық музыка тарихындағы шығармашылығын зерттеу мәселесін талқылады. Арнайы ұйымдастырылған көрмеге ұлы күйшінің өмір дерегі мен шығармашылығына қатысты зерттеулер, ұрпақтарының фотосуреттері, жергілікті суретшілердің туындылары қойылды.
«Ұлы адамдар адамзатқа ортақ, жаһан жұртына қадірлі болса, қазақ күйінің атасы Құрманғазы Сағырбайұлы – ұлтымыз үшін сондай дара тұлға. Оның күйлерінің екпіні Махамбеттің қуатты жырларымен үндесіп жатыр. Екпіндеп өз аспанын, өз биігін іздейді. Тыңдаушысының рухын оятады, шуақты күндерге жетелейді. Елімізде күйшінің өнер мұрасын бізге жеткізген шәкірті көп. Мемлекет тарапынан ұлы күйшінің атын ұлықтау, мәңгі есте қалдыру бағытында өткізілетін іс-шараларға ұдайы қолдау көрсетіліп келеді», деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес Атырауда жаңа мәдениет орталығын салу көзделіп отыр. Нысанның архитектурасы өзгеше, нақтылай айтқанда, негізгі ғимараты домбыра пішіндес болады. Елімізде ұлттық аспап түріндегі ғимараттың жоқтығын ескерсек, бұл шындығында туристердің назарын аударып, қызығушылығын тудыруы ғажап емес. Жаңа ғимараттың бір қанатына облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасады. Ал екінші қанаты концерт залына лайықталатыны жоспарланған. Өнерге бет бұрған шығармашыл өрендердің руханият ордасына айналатын орталыққа Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілетіні белгілі болып отыр.
Ғалымдар ұлы күйшінің таңғажайып өнері, мол мұрасының шығу тарихы туралы әңгіме өрбітті. Мәселен, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ғизатолла Халидуллин «Құрманғазы Сағырбайұлының біз білмейтін тарихы», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Кәрима Сахарбаева «Қазақ күй өнерінің ұлы тұлғасы», филология ғылымдарының докторы, Ш.Айтматов академиясының академигі Ғарифолла Әнес «Құрманғазы» тұлғалық энциклопедиясының түзілу принциптері», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Амангелді Шамғонов «Тарихшы, ғалым Мақсот Жолжанов – құрманғазытанушы», әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұрат «Құрманғазының «Алатау» және «Төремұрат» күйлерінің шығу тарихы: далалық топонимикалық зерттеме тәжірибесі», Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы Киікбай Жаулин «Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы Маңғыстау және Жем өңірлерінде», М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Айнұр Қазтуғанова «Құрманғазы шығармашылығын зерттеудегі жаңа ізденістер (мұрағаттық мұралар хақында)» тақырыбында тұщымды баяндама жасады.
«Қазақ халқы туралы ой толғаған кезде алдымен домбыра мен күй ойға оралады. Одан соң Құрманғазыны айтамыз. Құрманғазыға дейін де күйшілер болған. Одан кейін де күйшілер бар. Бірақ Құрманғазының дараланатын тұсы – халықтың көкірегінен шыққан мұң мен зәрулігін, қоғамның зарын домбыраның пернесінен шертетіндей бере алғанында», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері К.Сахарбаева.
Ал филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұраттың пікірінше, Құрманғазының «Алатау» күйінің шығу тарихы жөнінде мәлімет өте аз. Қазақтың музыкасын зерттеген көрнекті ғалым Ахмет Жұбановтың өзі «Құрманғазы» дейтін кітабында бұл мәселені орағытып өткен.
«Кейінгі жылдары бұл күйдің шығу тарихы Алматыдағы Алатаумен байланыстырылып жүр. Бұл – түбірімен қате дәйек. Оған дәлелдер бар. Шындығында, Құрманғазы бұл күйін Ақтөбе облысының Байғанин және Атырау өңіріндегі Жылыой, Қызылқоға аудандарының шегіндегі Алатауға арнап шығарған» деген ойын айтты М.Тәж-Мұрат.
Филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнестің дерегіне сүйенсек, Құрманғазының 60-қа жуық күйі бар. Күйшінің мол мұрасы әлі де зерттеледі. Осы орайда интерактивті әдістемелік кітап жарық көреді.
Жергілікті тарихшы Амангелді Шамғоновтың пікірінше, 2018 жылы Құрманғазының 200 жылдық мерейтойының атап өтілуі дұрыс емес. Өйткені бұл жаңсақ дерекке байланысты болған.
«Құрманғазы Сағырбайұлының туған, қайтыс болған жылдарын архивтік деректермен дәл анықтаған Мақсот Жолжановтың зерттеуіне сүйену қажет. Ол ұлы күйшінің өмір сүрген жылдарын екі жолмен – әуелі логикалық тұрғыда, кейін архивтік деректер арқылы зерттеді. Дәлелдеп берді. Күйші 1823 жылы туған», дейді А.Шамғонов.
Қазақтың күй өнерін көкке көтерген біртуардың мәңгілік тыныс тапқан мекені – Ресей Федерациясының Алтынжар ауылы. Сол ауылда тұрғызылған кесенесінде «1823-1896» деп жазылған. Қалай десек те, Құрманғазы Сағырбайұлының қайталанбайтын дарабоз екені даусыз.
Атырау облысы