Жәдігер • 13 Қыркүйек, 2023

«Арпаөзен» петроглифтері

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл халықаралық мәдени мұралар тізіміне енгізу мақсатында «Арпаөзен» тарихи-мәдени кешеніне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Зерттеу арқылы 5 мыңнан астам петроглифтің сырын ашып, халықаралық тізімге енгізу бойын­ша ұсыныс жолданады.

«Арпаөзен» петроглифтері

Бұл жөнінде Түр­кіс­­танның бас­ты құнды­лық­тары негізге алынып әзірленген, облыстың мә­де­ниет саласын дамыту тұ­жырымдамасында қам­тылған. Тұжырымдама 6 ба­ғыт­тан тұрады. Соның бірі – археология және мәдени мұралар. Дәл осы бағыт аясында петроглифтерді зерттеу көзделіп отыр.

Созақ ауданы Абай қыстағы­ның оңтүстік-батысында, Қаратау­дың Келіншектау жотасында ор­­на­ласқан «Арпаөзен» таңбалы тас­­тары – қола дә­уірінен сақталған құн­ды ескерткіштер, жар­тасқа таңбаланған су­рет­тер. Негізгі сю­жет­те­рі аңшылыққа, жау­гер­­шілік тақырыпқа және жан-жануарлар тір­ші­лігіне арналған. Ма­ман­дар сақ заманының пе­троглифтерінде жабайы аңдардың, жануарлардың бір-бірімен айқасқан қи­мылдары арқылы заманның шым-шытырық оқиғалары зооморфтық ерекше кодтар арқылы көрсетілгенін айтады. Жартастағы суреттерде жыл мезгілдерінің ауысуы сияқты та­биғи құбылыстар айқын аңға­рылады.

Руханият саласын жан­дандыру, мәдениет меке­мелерінің жай-күйін жақ­сарту, кадр тапшылығын шешу және шығармашылық адамдарына қолдау көрсету мақсатында дайындалған тұжырымдамада тарихи кі­таптар, фильмдер шы­­ғару және өзге де мә­се­­ле­лер қам­тылған. Мә­де­ниет және туризм бас­қар­масы­ның басшысы Әзім­хан Қой­лыбаевтың ай­туын­ша, өңірде 700-ге жуық тарих және мәде­ниет ескерт­кіштері енгі­зілген жинақ 1994 жылы шығарылған. Ал бүгінде 1770 тарихи-мәдени ескерт­кіш бар. Анықталған та­рихи-мәдени мұралар бойынша кезең-кезеңімен ес­керткіштер жинағын шы­ғару жос­парланып отыр.

Өңірде «Түркістан облысы аумағындағы ежелгі қалалар» жобасын жүзеге асыру, Әбу Насыр әл-Фа­рабидің 1155 жылдығына орай халықаралық конференция өткізу межеленген. Тұжырымдаманың 4-ба­ғытында Қожа Ахмет Ясауи­­дің өмірбаяны, тарихы, мұра­сы туралы кино, деректі және ани­ма­циялық фильм­дермен қатар қа­зақ та­рихындағы басқа да елеулі тұлғалардың өмірі кино­таспаға түсіріліп, наси­хат­талады. Сонымен бір­ге өңір­дегі мәдени іс-ша­ралар республикалық және халықаралық дең­гей­ге шығарылмақ. Ха­лықты кітап оқуға, театрға қызықтыру, өнер ұжым­дарының деңгейін кө­теру, мәдени іс-шаралар арқылы туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар күшейтіледі.

 

Түркістан облысы