Қарапайым еңбек адамын насихаттауға арналған мереке аясында Шымкентте де біраз іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов арнайы брифингте мәлімдеді.
«Министрлік тарапынан 2023 жылы 28 тамызда Еңбек күнін мерекелеу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Осының аясында 21 қыркүйекте «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары, еңбек ардагерлері, өндіріс озаттары марапатталады. Ал 15 қыркүйектен бастап азаматтардың барлық санатына, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға, жұмыссыз жастарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша бос орындар жәрмеңкелері, Ашық есік күндері ұйымдастырылады. Сондай-ақ тұрғындарды 16, 17 қыркүйек күндері А.С.Пушкин атындағы кітапханада «Еңбек галереясы» фотокөрмесіне шақырамыз. 20 қыркүйектен бастап кинотеатрлар мен кинозалдарда еңбек адамдары туралы көркем және деректі фильмдер көрсетіледі. «Менің жетістігім – менің нәтижем» ұранымен «Еңбек күніне» арналған спорттық іс-шаралар да мереке көркін қыздыра түседі», деді Б.Қалжанов
Оның айтуынша, сонымен қатар #EnbekEri хэштегі бойынша еңбек адамдары туралы ең үлгілі әңгімелер бойынша онлайн байқау Еңбек күні қарсаңында қорытындыланады.
Осыдан біраз уақыт бұрын «Еңбек жолы» конкурсының өтетіні хабарланған еді. Конкурс ережесінің талаптарына сәйкес үміткерлер байқаудың өңірлік деңгейінде іріктелді. Соның нәтижесінде конкурсқа қатысуға 38 адам өтініш білдірді. Оның ішінде үміткерлер «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас қызметкері» аталымдары бойынша бақ сынасады.
Қазіргі уақытта аталған конкурс қорытындыланып, жеңімпаздары анықталды. Сыннан сүрінбей өткендерге 21 қыркүйекте дәл Еңбек күні мерекесінде сый-сияпаттар табысталады.
«Осы ретте қала тұрғындары мен қонақтарын Еңбек күніне арналған іс-шараларға қатысуға шақырамыз. Және де кәсіпорындар мен мекеме басшылықтары сол күні жұмыскерлерін мерекемен құттықтап, Еңбек күнін әр ұжым өз деңгейінде атап өтсе игі болар еді», деп сөзін түйіндеді бас еңбек инспекторы.
ШЫМКЕНТ