Мәселе • 14 Қыркүйек, 2023

Жөнделуге тиіс жолдар

118 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент кезекті Жолдауында елдегі халықаралық дәліздерді тиімді пайдалануға қатысты ұтымды ойларын айтты. Ол еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілгенін меңзеді. Дегенмен бұл саладағы бәсекелестік өте күшті екенін бұған дейін ескерткен еді. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін екенін жоққа шығармаған. Ел жолшылары Мемлекет басшысының үмітін ақтап, күдігін жою үшін қандай жұмыс атқарып жатыр? Бүгінгі сөз сол туралы.

Жөнделуге тиіс жолдар

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Көлік министрлігінен алған ақпа­рат­қа қарағанда, жыл соңына дейін реконс­трук­циядан өткен 1 мың шақырымнан аса жол пайдалануға беріледі екен. Оның қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде нақты атқарылған істерге жіті на­зар аударғанды жөн көрдік.

Қазір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл 6,4 мың шақырым автожол жол-құрылыс жұмыстарымен қам­тылды, соның 3,6 мың шақырымы – қайта жа­ңарту болса, 2,8 мың шақы­рымы – жөндеу жұмыстары. Аталған жобаларда 8 мыңнан аса жол-құры­лыс тех­никасы мен 12 мың маман жұмыл­ды­рылыпты.

Атқарылған істердің қоры­тын­ды­сына қарасақ, 1 мың шақы­рымнан аса авто­жолдарды қайта жаңарту жұмыс­та­ры аяқталған. Енді ол учаскелер бо­йынша қозғалысты ашып, жыл соңына дейін 856 шақырымын пайдалануға беру көзделген. Бұдан бөлек, тозу қабатын қалпына келтіру бойынша ортамерзімді жөндеу жұмыстарын жүргізу қорытындысы бойынша 826 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған.

Бұл ретте жобаларды іске асыру барысында жол-құрылыс жұмыстарының қымбаттауына және жобаны түзетуге байланысты қиындықтар туындады. Оған жұмыстарды аяқтаудың жалпы мерзімдеріне әсер еткен қосымша уа­қыт жұмсалды. Атап айтқанда, батыс өңір­лердегі жобаларға 1 мың шақы­рым­нан аса тасымалдау қашықтығына байланысты теміржол көлігімен инерт­ті материалдарды жеткізудегі тап­шылық пен күрделілік айтарлықтай әсер еткен. Дегенмен жолшылар айналма жолдарды қысқартып, жаңа асфальт ар­қы­лы қозғалысты ашуға барынша күш салып отыр.

Әр жобаға жеке тоқталар бол­сақ, «Орталық – Оңтүстік» дәлізі – жал­пы ұзындығы 946 шақырым. Бүгін­гі таңда 74%-ында қозғалыс ашылған. Жыл соңына дейін тағы 200 шақы­рым­нан астамын пайдалануға беру көз­делген. Қалғаны – жоспар бойын­ша келер жылдың еншісінде. Ал «Қа­ра­ғанды – Балқаш» жолының жалпы ұзын­дығы – 363 шақырым. Оның 321 ша­қырымында қозғалыс ашылған. Сондай-ақ 288 шақырымды құрайтын «Балқаш – Бурылбайтал» тасжолының 183 шақырымы ел игілігіне берілген. «Құрты – Бурылбайтал» автожолы 228 шақырым екені мәлім. Бүгінде оның 179 шақырымында көлік жүре бастаған. Бұдан бөлек 67 шақырымнан тұратын «Құрты – Қонаев» учаскесінің де жартысына жуығы жөндеуден толық өтіп болған. «Мерке – Бурылбайтал» жолының ұзындығы – 262 шақырым. Қазір соның 62 шақырымы пайдалануға берілген, оған қоса қозғалыс барлық ұзындығында қамтамасыз етілген. Он­дағы жұмыстар келер жылы толық аяқ­талып, жол магистралі пайдалануға бе­ріледі деп жоспарланған.

Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасына (Астраханьға) тартылған 732 ша­қы­рым тасжолдың бүгінгі таңда 630 шақырымнан астамында жаңа жа­бын бойынша қозғалыс іске асырылды. Бұйыртса жыл соңына дейін қалған 102 шақырым жол бойымен жаңа жабыны бар қалған учаскелерде де қозғалыс ашылып, 382 шақырымнан астамын толық пайдалануға береді деген үміт бар.

Жоба 2023-2024 жылдары кезең-ке­зеңмен аяқталып, пайдалануға бері­леді. Енді әр жол телімінде не тірлік болып жат­қанына да тоқталып өтсек.

«Ақтөбе – Қандыағаш» – ұзындығы 96 шақырым, қозғалыс 68 шақырымы бойынша іске асырылуда.

«Қандыағаш – Мақат» – ұзақтығы 359 шақырым. Негізгі құрылыс-монтаж жұ­мыстары аяқталды. Нысан осы жыл­дың соңына дейін пайдалануға беруге дайындалуда.

«Атырау – РФ шекарасы (Астра­хань­ға)» – ұзындығы 277 шақы­рым, қозғалыс пайдалануға берілген 20 ша­қы­рымдық учаскені қоса алғанда, 204 шақырымда ашылған. Жыл аяғына де­йін қозғалысты толық ашу және 40 ша­қы­рымын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Талдықорған – Қалбатау – Өске­мен» – ұзақтығы 768 шақырым. Жоба бойынша қозғалыс жаңа жабын бо­йынша 670 шақырымға жуығында қазір кө­ліктер жүріп жатыр. Енді осы жыл аяқталғанға дейін жаңа жабыны бар учаскелер бойынша қозғалыс­тар­ды ашу жоспарланып отыр. Негізі жұмыс­тар­дың толық аяқталып, жобаның пай­да­лануға берілуі 2024 жылға көзделген.

«Үшарал – Достық» – ұзындығы 180 шақырым. Негізгі құрылыс-монтаж жұ­мыстары аяқталды, нысан осы жыл­дың соңына дейін пайдалануға беруге дайындалуда. Нысанның аяқталуы аймақтың туристік кластерінің дамуы­на оң әсер етеді және Қытай елімен ше­караға кедергісіз өтуді қамтамасыз етпек.

Тағы бір маңызды жобалардың бірі Батыс Қазақстан облысындағы ұзақ­ты­ғы 245 шақырым болатын «Қаз­талов – Жәнібек», «Өнеге – Бейсен – Сайқын» күрделі жөндеу жобасы. Қазіргі кезде қозғалыс 185 шақырымға жуы­ғын­да іске асырылып жатыр. Мұнда да жыл соңына дейін жаңа жабыны бар жол телімдерін де қозғалыс ашу жос­пар­ланған. Жалпы, жұмыстары ал­дағы жылы толық аяқталып, жобаны пай­да­лануға беру көзделіп отыр.