Экономика • 14 Қыркүйек, 2023

«Халықтық ІРО» – игілікті игеру бағдарламасы

199 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елімізде қалың бұқараның толыққанды тұрмыс-тіршілігі үшін жыл сайын түрлі, тың бағдарламалар батыл енгізіліп, жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Сондай бағдарламаның бірі – жалпыұлттық деңгейде дамып келе жатқан «Халықтық IPO» бағдарламасы.

«Халықтық ІРО» – игілікті игеру бағдарламасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

2011 жылдан бастап қолға алынған халықтық IPO туралы ел арасында әлі де болса нақты түсінік қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен, бұл терминнің мағынасы және оның жалпы қандай бағдарлама екені жөнінде түрлі ақпарат көздерінен білуге болады. Интернет желісіне зер салсақ, кейбір компаниялардың биржаға шығып, IPO өткізгені, сол арқылы биз­нес­тің іргесін қалаушылардың миллиар­дер атанғаны туралы ақпаратты әрәдік көзіміз шалып қалады. Десек те жеке ком­панияның көпшіліктің компания­сына айналу үдерсінің артында не тұр­ға­нын көп адам біле бермейді.

IPO (initial public offering – халыққа бастапқы бағада ұсыну) қандай да бір ком­панияның акциясын сату үшін көп­шілікке бастапқы ұсыну, бұл жер­дегі «бастапқы» сөзі компанияның өз акциясын биржаға бірінші рет шыға­ра­ты­нын білдіреді. Өзінің акцияларын көпшілікке сатуға ұсынғанда компания IPO өткізеді. Ұйымның бұл тұр­ғы­да мәртебесі өзгереді, яғни жеке ком­­пания көпшіліктің компаниясына ай­налады. Мұнда бәрі де ақшаға ке­ліп тіреледі – компания қаржы тартуды мақсат тұтады. Қаражат қолға түс­кеннен кейін ол бизнесті дамытуға не­месе инфрақұрылымның реинвестиция­сына жұмсалуы мүмкін. Компания ак­ция­сының жариялы түрде сатылымға шығуының тағы бір артықшылығы – ең үздік мамандарды тарта отырып, топ-менеджерлерге түрлі қызметтер ұсынуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ акциялар келісім жасау арқылы төлемнің бір бөлі­гін жабуға қолданылуы мүмкін.

Халықтық IPO бағдарламасы елімізде қор биржасы арқылы (KASE) жүзеге асырылады. Аталған қорда листингтен өткен 50-ге жуық ұлттық компаниялар бар. Бұл – кез келген ел азаматы осы ком­па­ниялардың құнды қағаздарын са­тып алуға, компанияны басқаруға өз үле­сін қоса алады және осы талабы үшін дивиденд арқылы пайда табу мүмкін­дігіне ие болады деген сөз.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жол­дауында «Самұрық-Қазына» қоры­ның активтері мен акцияларын жеке­ше­­лендіруді жүзеге асыруға «Ха­лық­тық ІРО» тәсілін қолдануды алға тарта отырып, «Эйр Астана» компа­ния­­сының «Халықтық IPO» шарасын жүргізуі, QazaqGaz компаниясын н­а­рық­қа шығаруға дайындау, сондай-ақ ірі компаниялардың мемлекеттік ак­тив­терді өткізуі жөнінде тапсырма бер­ген еді. Үкіметтің мақсаты активтерді басқарудағы ашықтық пен тиімділікті арттыру екені белгілі, ал инвесторлар мен компаниялар бұдан қандай пайда табады? Енді осы маңызды мәселені халықтық IPO бағдарламасына енген бірнеше компанияның мысалында ке­ңірек қарастырып көрелік.

Нарыққа 2006 жылы бірінші болып еліміздегі ең ірі телекоммуникациялық компания «Қазақтелеком» шықты. IPO 2022 жылдың желтоқсан айында өтті және бұл шара барысында «Самұрық-Қазына» 4,6% жай акцияларын сатты. Тұрғындар «Қазақтелеком» акцияларын жалпы сомасы 12,2 млрд теңгеге сатып алды, әр акцияның орташа бағасы 30 560 теңгені құрады. «Қазақтелеком» акциялары шұғыл самғауды да, күрт құлдырауды да бастан өткерді. IPO-дан кейін акция құны бірден 52 мың теңгеге дейін өсіп кеткен, содан 6 мыңға дейін төмендеген кездері болды. 2023 жылғы 7 қыркүйектегі жағдай бойынша акцияның бағасы – 33 300 теңге.

Араға 6 жыл салып, 2012 жылы рес­­публикадағы ең ірі мұнай құбыры ком­­паниясы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акциялары биржаға шығарылды. Нәти­же­сінде, компания 28 млрд теңгеге жуық қаражат тарта алды, бұл ретте орналастырылған акциялардың 79,1%-ы бөлшек инвесторлардың үлесіне тиді. Компанияның осы саладағы табыстары «Қазақтелекоммен» салыстырғанда қарапайым көрінуі мүмкін, дегенмен бағалы қағаздардың қилы бағасы мен олардың инвесторлар үшін түрлі қол­же­тімділігін әсте естен шығармау керек.

2014 жылы Қазақстандағы электр желілерінің операторы «KEGOC» АҚ IPO-ға шықты. Нәтижесінде, 40 мыңға жуық қазақстандық компанияның акцио­нер­лері болды, ал кәсіпорын өзіне 13 млрд теңгеден аса инвестиция тартты. 2023 жылғы 7 қыркүйектегі жағдай бо­йынша компанияның 1 акциясы 1 575,59 теңгені құрайды.

2018 жылы Қазақстанның ұлттық атом компаниясы IPO-ға өз акцияла­рын ұсынды. «Қазатомөнеркәсіп» Лон­дон қор биржасында (LSE) 15% акциясын және Халықаралық қаржы орталығында (AХҚО/AIX) 5%-ын сатты. Қазақ­стан­дық инвесторлардың үлесі 47% болды, ал акциялардың жалпы көлемі 451 млн долларды құрады.

Бір жылдан аз уақыт бұрын, 2022 жылдың желтоқсанында «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық мұнай-газ компаниясы халықтық IPO шарасын ұйымдастырды. Инвестор­ларға 153 млрд теңгеден аса сомаға акциялар сатылды. Оның 74,6 млрд тең­гесін азаматтар (48,5%), қалғанын қа­зақ­стандық заңды тұлғалар (47,2%) және шетелдік жеке және заңды тұлғалар (4,3%) сатып алды.

Премьер-министр Әлихан Смайылов 6 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында атап өткендей, 2023 жылдың со­ңы­на дейін «KEGOC» АҚ-ның 5%-ға дейінгі үлесін қайта биржаға шығару жоспарланған. 2024 жылы «Эйр Астана», 2025 жылы QazaqGaz, «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Энерго» қор нары­ғына шығады. Сонымен «Са­мұрық-Қазына» қорының IPO-ға шығуы жос­пар­ланған ірі активтерінің тізімі тү­ге­сіледі. Бұл іс-шаралардан не күтуге болады?

Сарапшылар «KEGOC» АҚ-ны ха­лық­тық IPO-ға шығару туралы шешім­ді компания үшін қосымша шығынсыз капитал тартудың тиімді жолы деп бағалайды. Бұл жөнінде экономист Эльдар Шамсутдинов «Капитал» газетіне берген сұхбатында айтты. Сарапшы инвесторлар үшін жақсы даму келешегі бар деп біледі: «Компания акцияларының өсу әлеуеті қалыпты, өйткені оның негізгі қызметі – электр энергиясын ұлт­тық электр желісі арқылы тасымалдау қандай жағдайда да маңызын жоғалт­пай­ды», дейді.

Қазақстандық ең ірі «Эйр Астана» әуе компаниясының IPO-ға шығуының кешігуі компанияның екі акционері – сәйкесінше 51% және 49% үлеске ие «Самұрық-Қазына» және британдық BAE Systems компанияларының акцияларды саудаға шығару тәртібі бойынша ұзақ уақыт келісе алмауына байланысты орын алды. IPO үшін кім, қанша акциясын сатуы керек деген мәселеде тараптар ортақ мәмілеге келе алмады. Үлгі әлі де анықталған жоқ, дегенмен компания нарыққа акцияларды 50%-ға дейін шығаруды қарастыруда және кез келген жағдайда акциялардың жалпы алғандағы 51%-ы қазақстандық резиденттерде – жеке немесе заңды тұлғаларда қалуы керек деген ұстанымда.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанәділ атап өткендей, IPO өткізу үшін қолайлы кезеңдердің бірі 2024 жылдың сәуір-мамыр айлары болып саналады және 3 алаң – KASE, AIX және екінші акционердің британдық шығу тегін ескере отырып, бір халықаралық алаң қарастырылуда.

– «Эйр Астана» IPO-ға толығымен дайын. Оның 2022 жылғы нәтижелері – айтарлықтай, кірісі 1 млрд доллардан асады. Таза пайда шамамен 80 млн долларды құрайды. Бұл – оның бүкіл тарихындағы рекордтық көрсеткіш, – деді Е.Жанәділ.

«Самұрық-Энерго» энергетикалық холдингіне келсек, әңгіме «Самұрық-Энерго» компаниясының 2022 жы­лы жеке құрылым – Qazaq Green Po­wer компаниясына бөлінген жасыл активтер портфелі туралы болып отыр. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Серік Түйтебаев атап өткендей, компания бірнеше себеппен құрылды. «Біріншіден, жасыл эко­номикаға кең көлемді инвестиция тарту қажеттілігін қанағаттандыру. Екін­­шіден, халықаралық инвестициялық қа­уым­дастықтың көмір өндіруге деген сұранысының төмендеуі байқалады. Үшіншіден, көмір компанияларының баға­лы қағаздарына сұраныстың төмен­деуі білінген жағдайда IPO өткізу мүм­кін­­ді­гіне ие боламыз», деді С.Түйтебаев.

«Қазақстан темір жолы» теміржол операторының IPO-сы да 2025 жылға жос­парланған, дегенмен ұйымдастыру­шылар акционердің қарыз сомасы үш жылдық пайдадан аспауы үшін алдымен қарызды азайту керек екенін алға тартып отыр. Сонымен қатар ҚТЖ-ның қысқамерзімді және ұзақмерзімді қарызының айтарлықтай бөлігі АҚШ долларында көрсетілген, бұл компанияны валюта бағамының тұрақсыздығына тәуелді етеді. Айталық, 2022 жылы ҚТЖ бағамдық айырманың кесірінен 34,1 млрд теңге көлемінде шығынға ұшы­ра­ды. Сондықтан IPO кейінге шегерілуі әбден мүмкін.

Бұрын «ҚазТрансГаз» ҰК» аталып келген QazaqGaz ұлттық газ компания­сының дайындығы ойдағыдай. Компа­ния­ның өзі де, сарапшылар да аталған мерзімге әзір екенін айтады. Бұл ретте акциялар пакетін орналастыру үлесі «ҚазМұнайГаз» кезіндегі сияқты 3%-дан басталады деп болжануда. Болжамдар­дың қаншалықты орындалатыны алдағы екі жылда белгілі болады.

Қазақстан Үкіметі 2011 жылы қалып­тас­тырған халықтық IPO-ға үміткер­лердің бастапқы тізімінен 2 компания қалыс қалып отыр. Олар – 2013 жылы ЖШС болып өзгертілген «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қаз­ТеңізТрансфлот» ұлттық теңіз тасымал­дау­­шысы және «Қазтеміртранс» компаниясы. «Қазтеміртранс» – жүк вагондары паркінің ірі операторы, «Қазақстан темір жолының» еншілес кәсіпорны. Компания ҚТЖ бас ұйымымен бірге IPO-ға үшінші кезекте шығады деп жоспарланған еді, бірақ бұл жоба кейінге қалдырылған сыңайлы. Оны ҚТЖ ішкі қарыздарын өтеп, реттеп болған соң қайта қарауы әбден мүмкін.

ІРО халықтық болғаннан кейін оған мықты, тұрақты табыс әкелетін ком­паниялар шығуы қажет. Өйткені бағ­дар­ламаның бір мақсаты – халықтың инвес­тициялық сауатын көтеру болса, екінші мақсаты – халықтың әл-ауқа­тын арттыру, тұрғындарға депозит не жылжымайтын мүліктен басқа табыс алып келетін қосымша қаржы құралын ұсыну. Сондықтан да «Халықтық ІРО» ке­зінде мықты компаниялардың, яғни қазіргі дағдарыста тәуекелі жоқ ком­па­ниялардың бағалы қағаздары шы­ға­рылады. Басқаша айтқанда, «Ха­лық­тық ІРО-ға» шығарылатын компаниялар – қор нарығында «көгілдір фишка» деген атауға ие мықты компаниялар. Қорыта келгенде, «Халықтық IPO» – аза­маттарға табысты кәсіпорындардың акцияларына ие болып, содан пайда табу мүмкіндігі; мемлекеттік компанияларға қаржыларын өндіріс пен кәсіпорынды кеңейтуге және дамытуға, жаңғыртуға салу мүмкіндігі; инвесторлардың санын көбейту және жаңа инвесторлар тартумен қатар, құнды қағаздар нарығын дамыту мүмкіндігі.