Инфографикаларды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Мемлекеттік бюджет 8 айда 12,5 трлн теңгеге толықты
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлім еткендей, есепті кезеңде ел экономикасы 4,9%-ға өсіпті. Атап айтқанда, нақты сектордағы өсім 4,4%-ды, қызмет көрсету саласында 4,8%-ды құрады. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалады. Әсіресе ең жоғары өсу құрылыс, сауда, ақпарат және байланыста көрініп отыр.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,2%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 49%-ға, білім беруде – 31,9%-ға, саудада – 30,1%-ға, ауыл шаруашылығында – 20,7%-ға, өнеркәсіпте 8,5%-ға өсті.
Жылдың қаңтар-шілде айларында республиканың сыртқы сауда айналымы 5,7%-ға өсіп, 79,5 млрд долларды құрады. Экспорт 44,8 млрд долларға жетті. Оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 14,2 млрд доллар, ал импорт 34,7 млрд долларды құрапты. Жалпы алғанда, оң сауда балансы 10 млрд долларға тең болған.
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректері бойынша есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 12,5 трлн теңге кіріс түсті немесе жоспар 97,2%-ға орындалды. Мәселен, республикалық бюджет 8,3 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 4,2 трлн теңгеге толықты. Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,6%-ға, республикалық шығыстар – 99,3%-ға, жергілікті шығыстар 98,3%-ға орындалды.
Үкімет басшысы тұрақты экономикалық өсімге нақты сектор айтарлықтай үлес қосып отырғанын атап өтті. Мысалы, тау-кен өнеркәсібі мұнай өндіру көлемінің 6%-дан және табиғи газ өндірудің 3%-дан астам өсуі есебінен 4,3%-ға көтерілді. Ал өңдеу өнеркәсібінде 3%-дан жоғары өсім тіркелді. Атап айтқанда, машина жасауда 28%-дан, оның ішінде автомобиль жасау саласында 42%-дан аса орнықты өсім қалыптасты. Сонымен қатар өңдеу секторында жеңіл өнеркәсіп – шамамен 20%, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару – 7%-дан аса, дайын металл бұйымдары – 6%-дан жоғары, азық-түлік өнімдері – 4% және химия өнеркәсібі 3%-дан аса жоғары өсу қарқынын көрсетті.
Премьер-министр құрылыс секторында 11,4% тұрақты өсім қамтамасыз етілгенін айтты. Жалпы, 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 8 айдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында барлық негізгі көрсеткіштің өсімі тіркелді.
«Қалған өңірлер нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс», деді Ә.Смайылов.
Қабылданған шаралар арқылы тамыз айының қорытындысы бойынша инфляция 13,1%-ға дейін төмендеген. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктеріне азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруды және тамақ өндірісін ынталандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды тапсырды.
«Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздің экономикалық өсімін орта мерзімді кезеңде 6-7% деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл – Үкімет пен әкімдіктер үшін маңызды міндет. Осы ретте барлығымызға экономиканың негізгі бағыттарында және өңірлерде тиісті өсімді көрсету үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек», деді Премьер-министр.
IT-қызметтерді экспорттаудың жоспары
Үкімет отырысында IT-саланы дамыту аясында жаңа міндеттерді іске асыру мәселелері талқыланды. Бұл жөнінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндады. Ол қазіргі уақытта мемлекеттік саясат елімізде инновациялық экожүйені қарқынды дамытуға бағытталғанын атап өтті. Бұған адами капиталдың сапасын жақсарту, IT-инфрақұрылым мен венчурлық қорларды құру, шетелдік технологиялық компанияларды тартып, жергілікті стартаптар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралар кіреді.
Кейінгі жылдары мемлекеттің белсенді саясатының нәтижесінде IT саласына қызығушылықтың күрт өсуі байқалды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарындағы тиісті факультеттердегі студенттер саны айтарлықтай артқан. Заманауи IT-мектептер инновациялық экономиканы құру үшін қажетті мамандар базасын толықтырады. «TechOrda» бағдарламасы аясында ел азаматтары ваучерлік жүйе бойынша жетекші жекеменшік IT-мектептерде оқи алады. Болашақта білім беру сапасын арттыру мақсатында оқытушыларды даярлауға ваучерлер бөліп, IT-факультеттерде сапа стандарттарын енгізу мәселелері пысықталады.
Министр отандық IT-қызметтердің экспортын ұлғайту үшін жақын арада Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыста «Silkroad hub» өкілдіктері ашылатынын атап айтты. Сондай-ақ білікті мамандарды тарту үшін «Digital Nomad Visa» жобасы іске асырылады.
Сонымен қатар республика өңірлерінде жаңа технологиялық хабтар ашу жұмысы жалғасады. Бүгінгі таңда 9 алаң ашылды. Бұйыртса, жыл соңына дейін тағы 4 хаб іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Қазіргі күнде ел нарығында стартаптарға 145 млн доллар инвестиция салған 24 венчурлік қор жұмыс істейтіні айтылды. Алайда венчурлік келісімдер санының өсуіне қарамастан, қаражат тапшылығы байқалып отыр. Осыған байланысты министрлік нарық өкілдерімен бірлесіп, венчурлік индустриядағы шектеулерді алып тастайтын заңнамалық бастамаларды әзірлемекші.
Бұған қоса жасанды интеллект саласын дамыту жалғасады. Сөйтіп, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Каспий маңы оптикалық инфрақұрылымы мен деректерді өңдеу орталықтары пайдалануға беріледі. Сондай-ақ IT-инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақ құру да жоспарланып отыр.
Отырыс барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірлік IT-хабтардың жұмысы туралы айтып берді. Сондай-ақ жекеменшік «Most Hub» технопаркінің басшысы Мират Ахметсадықов және «Kwaaka» стартапының негізін қалаушылардың бірі және техникалық директоры Мақсат Қадыров сөз сөйледі.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі таңда IT-индустрия – әлемдік экономикадағы ең жылдам дамып келе жатқан саланың бірі. Сарапшылардың пікірінше, биыл жаһандық IT-нарықтың көлемі 4,5 трлн долларға дейін жетеді.
«Президент өз Жолдауында 2026 жылға қарай IT-қызметтерінің экспортын 1 млрд долларға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл – нақты іске асыруға болатын міндет», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысының сөзінше, кейінгі жылдары еліміз IT-секторды дамытуда айтарлықтай серпіліс жасады. Ірі әлемдік компаниялар мен инвесторлар тартылып жатыр. Жергілікті стартаптар үшін қолайлы жағдайлар жасалып отыр.
«Тек 3 жылдың ішінде IT-қызметтердің экспорты 5 есе өсті. Осы жылдың қорытындысы бойынша ол 500 млн долларға жетуі мүмкін. Осы міндетке қол жеткізудегі негізгі драйверлер IT-хабтар мен венчурлік қорлар болуға тиіс», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар ол осы салада білігі жоғары мамандар даярлау қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты білім беру бағдарламаларын одан әрі дамытып, бұл үшін ірі бизнесті тарту маңызды.
«Әлемдік трендтер тез өзгеріп жатыр. Бүгінгі таңда жасанды интеллектке негізделген нейрожелілер белсенді дамып келеді. Қазірдің өзінде олардың көбі мәтін және сурет әзірлеумен қатар, адамдарға қарағанда бағдарламаларды бірнеше есе жылдам жазады. «McKinsey» зерттеуіне сәйкес 2030 жылға қарай күнделікті операциялардың көбі жасанды интеллекттің мойнына ілінбек. Осыған байланысты білім беру мен IT-инфрақұрылымды жақсы құру қажет», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, еліміз жаһандық IT-нарықтың толыққанды мүшесі болуға ұмтылуы керек. Ол үшін әр өңірдің өз IT-хабы мен заманауи IT-мектептері болуға тиіс.
«Табысты мысалдар бар. Атап айтқанда, Алматы және Қарағанды облыстарында өңірлік IT-хабтар мен мектептер жұмыс істейді. Осындай оңтайлы тәжірибені басқа өңірлерге де кеңінен тарату қажет», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы стартап-жобаларды дамыту мәселесінде сұрақтар көп екенін алға тартты. Жалпы бастапқы кезеңде оларды қолдауға көңіл бөлінгенімен, әрі қарай бизнесті кеңейтуге қаражат табылмай қалады.
«Оның соңы жобаның орта жолда тоқтап қалуына әкеледі. Мұның барлығы IT-индустрияның дамуына кедергі келтіреді. Саланың экспорттық әлеуеті жоғалады. Бұған ірі бизнесті, банктер мен венчурлық қорларды және басқа да құралдарды тарту қажет. Біз қолда бар барлық мүмкіндік пен ресурсты пайдалануымыз керек», деді ол.
Премьер-министр программистерді, дизайнерлерді, инженерлер мен осы саланың өзге де мамандарын даярлау және қайта даярлау үшін IT-мектептер ұйымдастыру керек екенін айтты. Сөйтіп, IT-мамандарды оқыту бағдарламасын әлемдік трендтерге сай барынша икемді етіп жасау қажет. Сондай-ақ студенттер мен тәжірибе алмасу үшін жетекші университеттермен тағылымдамадан өту бағдарламаларын жолға қою маңызды екенін ескертті.
Сөз соңында Үкімет басшысы әлемдік тәжірибені ескере отырып, венчурлік қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін заңнамаға түзетулер әзірлеуді, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін қаражаты есебінен стартап-жобаларды қаржыландыру тәсілдерін қарап, нақтылауды тапсырды.