Таным • 14 Қыркүйек, 2023

Жалғыз адамның күші

294 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлдебір сайттан әлем жаңалықтарын оқып отырып, БҰҰ-ның «Жаһандық жылыну бітті, енді жаһандық қайнау басталады» деген пікірін оқыдым. Аңдасақ, бұл – адамзатқа үлкен ескерту. Жыл сайын жаз басталысымен әлемде қаншама орман мен жайылы­м өртке оранып, онсыз да тозып жатқан табиғат одан сайын бүлініп, Жер-Ананың жүрегі жараланады. Осыдан он шақты жыл бұрын әлем ғалымдары адамзат болашақта жаһандық жылынудан зардап шегетінін айтып, дабыл қақты. Жапан далада бозторғайдың шырылын ешкім естімейтіні сияқты, әлгі ғалымдардың да ескертуін естіген құлақ аз болған сыңайлы.

Жалғыз адамның күші

Орданы орманға айналдырған

Ежелгі қоғамда өмір сүрген адам­дар бардан жоқ жасап, жасаған ортасын бүтіндеп, та­биғатпен етене бола білді. Қан­шама бұлақтың көзі ашылып, сан миллион ағаш егіліп, көлең­кесін сансыз ұрпақ саялады. Мұ­ның бәрі еңбектің және оны бағалаудың жемісі. Ал қазір ше? Қазір бәрі басқаша. Осын­дайда ең алғаш орман отыр­ғызған адам кім болды екен деген сұрақ туындайды. Оның жауабы табылғанша, біз қазақтың ең алғаш орман отырғызған ізгі азама­тының эко­логияға қосқан үлесі туралы айта кетейік. Хан ордас­ын қай жерде салу туралы шешім қа­былдауда атақты географ ға­лым­дармен ақылдасқан Жәңгір хан жер астындағы су көзінің жер үстіне жақын орналасқанын құп көріпті. Бұл жағдайда құмның үстінде терек, шегіршін, емен, ақ қайың, үйеңкі және қараған ағаштарының өсетінін білдіреді. Жәң­гір ханның тұсында оның жетек­шілігімен салынған орман ауданы 16 мың гектарды құ­рады. Орманды аман қалдыру үшін Жәң­гір хан бақылаушылар да тағайын­дады. Бұл сол кездегі ел билігін қолына алған ханның экологиялық санасының тым жоғары екенін білдіреді.

счм

 

Пейіннің адал пейілі

Ал «Үндістан орманшысы» деп аталатын мынадай бір ізгі оқиғаны оқырманға ұсынғымыз келеді. Үндістанның шығысында «Majuli» дейтін арал бар. 1900 жылдан бері климаттың нашарлауынан бұл аралдың экология­сы қатты өзгеріске ұшырайды, нәтижесінде, арал аумағы қу медиен шөлге айналып, сонда өмір сүретін жабайы аңдар алысқа босып кетеді. Бұл оқиға сол елдегі тұрғындарды да бейжай қалдырмайды. 1979 жылы 16 жастағы үндістандық Жадав Пейін (Jadav Payeng) сол қиын жағдайды өз көзімен көреді. Оның туған жері Үндістанның шы­ғысындағы Асамбан өңіріне бір реткі тасқын суы жы­лан ағызып әкеледі. Тас­қын басылған соң, әлгі жыландар қоз­ғалуға да шамасы жетпей, сол жерде қырылып қалады. Осы сүркейлі көрініс оның санасына сілкініс әкеледі. «Әлгі жы­ландар шөл далада өмір сүре алмады, өйт­кені сол кезде онда жалғыз түп ағаш та қалмаған еді. Мен жы­ландардың өлі бейнесіне қарап отырып, көзімнен тарам-тарам жас аққанын білмеппін. Сол сәт ауыр қырғынды көзіме елес­тетті. Мен әкімдіктің орман бас­қару бөлімшесіне барып, шөл далаға ағаш егу туралы ұсы­ныс жасадым. Олар басын шайқап, ол жерге тек бамбук егіп, сынап көруімді айтты. Сол күн­­дер өз қиындығымен мәңгі есімде сақталып қалды. Ойым­ды қол­дайтын адам таппай дағ­дардым. Ақырында ойлағанымды жүзеге асырдым». Ойлағаны жү­зе­ге асып, шөл даланың бойына қан жү­­­гірт­кен Пейін сол күндерді осылай баяндайды.

 

36 жыл бойы ағаш еккен

Бір кездегі тіршілік кешу қиын болған қу медиен даланың бүгінде 550 гектар аумақтағы орманға ай­на­ларын ешкім де ойламаған болар? Құстың алуан түрі, бұғы, марал, мүйізтұмсық, жолбарыс, піл қатар­лы аңдар орманға ағылып келіп, қайтадан сая тапты. Ол бір түп ағаш егуден бастап, бұл жұмақ мекенді жарату үшін 36 жылдық ғұмырын сарп етті. Соңында өзі бұл мекеннен айырылмастай күй­ге түседі. Пейін 36 жыл бойы үз­бей әр күні бір түп ағаш егуді дағдыға айналдырды. Ресми деректе ол аталған шөлді қалпына келтіру үшін он неше мың түп ағаш егіпті. Еккен ағашын суару Пейін үшін үлкен мәселенің бірі еді. Өйткені орман­дықтың көлемі тым үлкен еді. Оның үстіне өзеннен жалғыз өзі су тасып, ағаш суару – аса қиын іс. Нәти­жесінде, ол мұның да амалын табады, бамбук жапырағын жалғап, үстіне балшықтан кішкене науаша жасап, оның түбінен тесік ашып, науашаға құйылған суды бамбук жа­пы­рағынан жасаған тоғанға жі­беріп, ағаштарға ақырындап су жет­кізеді. Осындай мехнатпен 20 жылын өт­кізген ол ормандықтағы ағаш­тар­ды аман-есен қатарға қо­сады.

Бұдан сырт Пейін экологияны танып-білуге ынталанып, ортаны әуелгі қалпына қайтарады. Ол жердің топырағы құнарсыз бол­ғандықтан, Пейін әуелі құ­мырс­қалар мен жауынқұртын әкеледі. Құмырсқа мен жауынқұр­ты тасқа айналуға шақ қалған топы­рақты жібітіп, топырақтың әуелгі қалпына қайтуына, құнар­лануына ешкім де жасай алмайтын көмек жасайды. Құмырсқа мен жауынқұртының қарапайым әдісі ешбір техниканың тілін де қажет етпегені шындық.

 

Орманға деген мәңгілік махаббат

Орман арасында өмірін өткізуге ниеттенген Пейін ауыл­дағы қыз­метін тастап, орманға көшіп барып, бірнеше сиыр сатып алып, баспана тұрғызады. Күні бүгінге дейін бір отбасындағы бес адам орманда күн кешіп келеді. Уа­қыттың озуымен ағаштар ас­панмен бой таласып өсе берді, кейбір қиыншылықтар да бара-бара шешімін тапты. Ормандағы пілдер егістікке жақындап, жер­гілікті тұрғындардың да­қылдарына зиян сала бастайды. Еркінсіген жолбарыстар да халықтың қорадағы құсы мен малына ауыз салуды әдетке айналдырады әрі жабайы аңдар тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Ашуға бөккен жұрт Пейіннің мазасын ала береді.

Бұл қиын жағдайдан құтылу үшін Пейін сансыз түп ағаш егеді. Мұның ішінде банан ағашының саны ең мол еді. Мұның құпиясы, піл банан ағашын жақсы көреді, осы арқылы пілдерді орманнан шығармау әдісі көзделген болатын. Оның үстіне ормандықта өзге де жануар түрі көбейген соң, жыртқыш жолбарыстар мен бас­қа да аңдар орман арасынан азық тауып, ауа жайылып, тұр­ғындардың мазасын алмайтын бо­лады. Жыл артынан жыл өтіп, баяғы қақыраған шөлді дала өз табиғатына қайта оралып, аңдар да өз мекенінде асыр салады. Пейіннің осындай ғибратты хикаясы көптеген ғалымды таң­ғал­дырады: қазіргідей дамыған заманда жабайы аңдарды біз қор­ғамасақ, кім қорғайды? Пейіннің тәжірибесі ешқандай санақты қа­жет етпей-ақ, күн сайын ушығып бара жатқан экология мәсе­лесін ой­лауға жетелейді, тіпті тең­десіз тех­­никалардың да таби­ғи бай­лық­ты сақтап қалуға еш дәр­менсіз екенін түсіндірді.

 

«Еңбегі бардың өнбегі бар»

2008 жылы Үндістан үкі­метінің орман басқару мекеме­сі бір топ мекен ауыстырған пілдерге ілесіп, Пейіннің орман­дығына барады. Ормандық сол кезден бастап Пейіннің жақсы көретін үй жануары «Maolai»-дың атымен аталып, «Forest Maolai» («Маулай ор­мандығы») деп аталды. 2012 жылы Үндіс­танның астанасы Жаңа Де­лидегі Нехру университеті (Nehru Uni­versity) Пейінді марапат­тап, оған «Үндістан орманшысы» (Forest man of India) деген атақ бере­ді. Сол жылы канадалық де­рек­ті фильм режиссері Вейл­мейк Мастр Пейіннің ізгі ісінен әсер­леніп, Американың «Kicks­tarter» қоры арқылы қаржы топтап, ол туралы «Орманшы адам» атты де­ректі фильм түсіріп, жал­ғыз адам­­ның күші де Жер ша­рын­дағы экологиялық ортаға әсер ететінін бүкіл әлемге жария етті.

 

Түйін сөз: Біз кейде әлдебір идеяны жүзеге асыру үшін айналаға қарап, тосырқап, солардан жәрдем күтіп, тіпті әуелгі ойымыздан қай­тып жатамыз. Шынтуайтында, кей сәтте жалғыз адамның күші күллі әлемді өзгертіп, адамзат бала­сына ізгіліктер әкелетінін кеш тү­сінетіндейміз. Биыл қазақ дала­сында көптеген орман өрті болды. Көз алдыма жасыл орман ішінде жылап тұрған аңдар елес­теді, қайтпек керек? Оларды құтқаратын бір Пейін бізден де шығар деген асыл үміт әрі қарай жетелей береді, жетелей береді. «Үміт­сіздік – сайтан ісі» деген сөзге біз де алдана тұрайық. 

 

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

журналист