Әдебиет • 14 Қыркүйек, 2023

«Абай жолында» қанша кейіпкер бар?

1619 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Абай жолы» роман-эпопеясын неше рет қайталап оқысам да, әлі күнге дейін кейіпкерлер мен жер-су аттарынан шатаса беремін. Әлем әдебиетін зерттеушілердің бірінің еңбегінде (есімін ұмытып отырмын) «Абай жолы» романы көркем әдебиеттердің ішіндегі ең көп кейіпкері бар, жер-су аттары мен ру атаулары молынан берілген күрделі шығарма» дегенді оқып едім. Осы жаңа жылдан бастап 26 тараудан, екі эпиологтен тұратын төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясын қайтадан оқуға бел буып, асықпай қарап, кейіпкерлерді тарауға бөліп, ру атауларын бөлек, жер-су аттарын бөлек тізімдеп шықтым.

«Абай жолында» қанша кейіпкер бар?

Сонымен: «Абайдың туысқандық айна­ласы» – 83, «Құнанбай заманының кейіп­керлері» – 183, «Абай заманының кейіп­­керлері» – 537 екен. Үш бөлімге бөл­­ген кейіпкерлердің жалпы жиыны – 803. «Абайға қатысты жыр-дастан кейіп­керлері» – 133, «Ру атаулары» – 80, «Абай жолы» романындағы жер-су атау­лары» – 312. Әлемге кеңі­нен тараған әйгілі роман-эпопеядағы кейіп­кер­лердің аты-жөндерін тек қана тізіп шы­ғумен шектелмей, әр кейіпкердің туыс­­қандық, достық, рулық байланысы, тарихи оқиғаларға қатысы, өзектес, сабақ­тастығын тәптіштеп жаздым. Алдағы уа­қытта роман кейіпкерлерін зерттеу, көр­кем образдар мен тарихи тұлғалардың бай­ланысын анықтау, көркем фильмдер мен сахналық қойылымдар үшін өте қо­лайлы жүйелі әдістемелік тәсіл болды. Роман­дағы жер-су атауларын тізбелей отырып Құ­нанбай әулетінің 15-17 қыстау-қонысы болғаны да анықталды.

Бір көңіл бөлетін мәселе – «Абай жо­лы» ро­манындағы кейіпкерлер мен жер-су ат­та­рының әлі күнге дейін толық ті­зі­­мі жа­салып, нақты саны айтылмай келеді.

Интернеттегі тест сұрақтарының бі­рінде «Абай жолы» роман-эпопеясында 953 кейіпкер бар, оның 91-і Абай өмір­баянынан алынған» деп беріліпті. «Абай жолы» романының укипедиясының «кі­тап кейіпкерлері тарауында бас кейіп­кер Абайдан бастап 192 кейіпкердің есі­мін тізіп, түсінік бергенімен нақты саны жазылмаған. Журналист Азамат Қасымның «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялаған мақа­ласында: «Абай жолы» роман-эпопеясында 407 жер-су, 5 мыңнан аса кісі есімі аталады екен. «Шіркін-ай, осы 407 жер-су атауы түгелдей тізімделіп, «бұл жерде ұлы Абай қыстау салған», «мына жерде ақын сүйікті ұлымен қоштасқан» деген белгі­лер қойылса қандай ғажап болар еді» деген дерек келтіреді. Бекен Исабаевтың «Ұлы­лар мекені» жинағындағы деректе 463 кейіпкердің бар екенін жазады. «Абай жолы» романының кейіпкерлері» деген тақы­рыптағы мақаланың авторы Ж.Өсер­бай біршама кейіпкерге түсініктеме беріп, тізбелеп шыққанымен нақты санын көрсетпеген екен.

Зәки Ахметов «Абай жолы» қалай туған?» ма­қаласында: «Эпопеяда Абайдың өзін былай қойғанда, Әбіш, Мағаш, Оспан, Базаралы, Тоғжан, Әйгерім, Ұлжан, Құ­нан­бай, Әзімбай, Тәкежан, Оразбай, Бө­жей, Жиренше, Майбасар секілді сол дәуір­де, сол ортада өмір сүрген прототипі бар кейіп­керлер мейлінше мол. Солармен қатар Дәр­мен, Дәркембай, Иса, Иіс, Сейіт, Салтанат секілді түгелдей дерлік ойдан шыға­рылған кейіпкерлер де аз емес және олар­ды осылай екі топқа тек шартты түрде бө­луге болады. Өйткені олардың арасынан жа­рылып айырылғандай пышақ кесті жік табу қиын», дейді.

Романда ойдан алынған кейіпкерлер болса, олар бірлі-жарым ғана екені айтыл­ған. Романды жазудағы басты мақсат XIX ғасырдағы қайталанбас көшпелі қазақ тұрмысы мен олардың басынан өткерген тарихи оқиғалардың энциклопедиялық болмысын беруге құрылғанын әрі роман өнер адамының шығармашылық өмір жолын суреттеуге арналған ерекшелігін ескертеді. Бұл эпопея елдің рухани үлгісі болған Абайдың өмірі, үміті, арманы, айтысы, тартысы, халқына еткен еңбегі жа­йын­да сөз қозғайды.

Мұхтар Әуезовтің Абай образын ке­меліне келтіре суреттеп, сомдап соққан класси­калық шығармасы – «Абай жолы» атты төрт томдық эпопея әлемнің көптеген шет тіліне аударылған тарихи роман. Бұл шығармада адамның дүниеге келген уақытынан бастап, өмірден өткенге дейінгі кезең толық қамтылған. Оған дәлел – осы желінің ұзына бойында ақынның тарам-тарам өсу, даму жолдары, белес-белес өрістеу, шарықтау биіктері жатыр.

Дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлылығын, оның өткен өмірін, тарихын, та­рихының түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық, шығар­машылық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқырай ашылып, жан-жақты ай­қындала, тереңдей түседі. «Абай жолы» ар­­қылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние­жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шық­ты.

1939 жылы жарық көрген «Абай» трагедиясына дейін-ақ Мұхтар Әуезов Абай жайында роман жазуға бел байлаған. 1937 жылы жазылған «Татьянаның қырдағы әні» атты үзінді мақала романның тарауы ретінде жоспарлаған болатын. Алғаш­қыда автор романға «Телғара» деген ат бермекші болғанымен жұмыс барысында романның шеңбері кеңейе түседі.

Мұхтар Әуезовтің «Абайтанудан жа­рия­ланбаған материалдар» атты кіта­бына енген «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихынан» деген бөлімінде бірнеше пікір берілген. «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихы романға деректер іздеп, мұрағат көздері болмағандықтан, мыңнан аса кісілермен әңгімелесу, есте­лік­тер жазып алу арқылы, өткен тарихи шын­дықты табиғи қалпына келтіруге сүйенгені айтылады. Романдағы кейіпкерлер, жер атаулары, рулар, ел билеу жүйесіндегі өз­герістер өмірдегі тарихи шындықтан алыс емес, көркем тілмен өзгеріссіз жа­зылған. Шығармадағы романның кейіп­кер­лері, барлық рулар, жетекші адамдар, ру тараулары, тіпті жер-су атауларына дейін өз аттарымен берілген. Абай жа­йында роман жазу жолында жазу­шыға кездескен кедергілер мен қиын­дық­тар аз болған жоқ. Ең алдымен материал тауып, жинаудың өзі қияметтей қи­ын­дық келтірді. Құнанбай, Абай, Бегеш, Жиренше, Оразбай, Базаралы тағы өзгелер туралы көп білетін көнелер, ақылгөй ақ­сақалдар халық шежіресі қариялардың айтқандарын жазушы әр кезде жалықпай жазып отырған. М.Әуезов бұл жайды былайша баяндайды: «Жас шағында Абай­­­дың іні-досы Кәкітай, Көкпай, Мұқа сияқты кісілерден естігенім романды шын­дық мәліметтермен толықтыра түсуге көп себеп болды. Абайдың әкесі Құнанбаймен көп алысқан Жігітек сияқты рулардың қарт-қариясымен көп кездескенім бар. Абайдың өмір бойы досы болып өткен ертегіші Баймағанбет те көп қызық жайларды баян еткен еді», дейді.

«Қайтқанда» тарауында Абайды қор­шап, қаладан алып қайтқан серіктері – Байтас пен Жұмабай бірі сері, әнші болса, екіншісі одан өзгеше Құнанбай бағытын ұстаған адам. Абайдың жанындағы жол­дас­тарының мінездері екі түрлі болса, оның келешектегі өмірінің де осындай бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі топтың арасында қалыптасатынын, автор осы екі адам арқылы Абайдың келешекте осындай екі ортамен тығыз тағдырлас болатынын алғашқы беттен-ақ байқатады. Ал База­ралының үстемдермен сілкісу, қалың бұқараның қанаушыларына қарсы күш сынасуы тіптен оқшау.

Алғашында екі том, кейін төрт томдық кітапта үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты әйел кейіпкерлері әртүрлі образда бейнеленеді. Романның бұларға арналған беттері оқыр­­манның көзі мен көңілін қатар жау­лап, жан жүрегін қоса баурайды. Әуе­зов романның бірінші кітабын 1942 жылы, екінші кітабын 1947 жылы жазып бітір­ді. 1949 жылы бұл романға социа­листік реализм әдебиетінің кесек, құнды шығармаларының бірі ретінде бірінші дәрежелі мемлекеттік сыйлығы беріледі. 1959 жылы төрт томдық эпопея жарық көргеннен кейін жазушы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанады.

Өзінің терең идеялы, көркем шығар­масымен Мұхтар Әуезов халқымыздың әдеби тілін байыта беру жолында талмай еңбек еткені баршамызға аян.

 

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,

Астана қаласы

№87 Абай мектеп-лицейі

музейінің жетекшісі

Соңғы жаңалықтар

Көп күттірген күрежол ашылды

Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2024

Климаттың өзгерісі әлемді алаңдатады

Экология • 07 Желтоқсан, 2024

Жас зерттеушілер форумы

Форум • 07 Желтоқсан, 2024

Ілкімді жобалар ілгері оздырады

Экономика • 07 Желтоқсан, 2024

Атакәсіпті ардақ тұтқан

Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Талабы таудай тас қопарар

Маман • 07 Желтоқсан, 2024