Солардың бірі – Досжан Қашақұлы. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Ақтөбе өңірінде 200-ге жуық мешіт болса, қазіргі заманға тек Ақтөбе қалалық және Ойыл мен Темір мешіттері ғана бүтін жетті. Осы үш мешіт – 1903 жылы татар үлгісімен салынған тас құрылыс. Досжан ишан мешіті, медресесі болған жерге өз өсиетімен жерленген. Мемориалдық кешен ашылған күні Темір ауданының орталығы – Шұбарқұдықта Досжан Қашақұлына арналған зиялы қауым өкілдері қатысқан жиын өтті.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы руханиятқа қызмет еткен қазақтың ишандар мектебінің ірі өкілдері – Досжан Қашақұлы (1815-1890), Нұрфайыс хазірет Байғараұлы (1826-1880), Жұмағали ахун Оразалыұлы (1860-1904), Алдияр ишан Ниязұлы (1839-1888), Жиеналы ишан Ізбасарұлы, Бекмағамбет хазірет Сембайұлы, Жиенғали Жұмағалиұлының (1880-1943) қайраткерлігі халық санасынан өшпегені туралы айтты. Ол: «Бастауын VІІІ-ХІV ғасырларда қалыптасқан баптық-шейхтық мүршидтік мектептерден алған ишандар қазақ даласында ислам мәдениеті мен білімін орнықтырып, діни сала мен дәстүрлік танымды ұштастырды. Бертін келе қазақ қоғамында әр өңірдің өз ишаны, яғни рухани ұстазы қалыптасып, олар елдегі мәдени-ағартушылық, экономикалық-саяси, идеологиялық мәселелерді шешуге араласты. Жалпы, қазақ жеріндегі ишандар мектебі Тәуке хан заманында қалыптаса бастады. Сол тұста «Жеті Жарғыны» дайындауға араласқан ишандардың дәрежесін көтеріп, елдің діни тұрақтылығын сақтауға жауапты етті. Мешіт ашып, медреседе бала оқытып, қоғамда ізгілікті насихаттаған осы дін өкілдерінің арасынан талай ғұлама ғалым, емші, бағбан, сынықшы, ағартушы, сөз ұстасы шықты», деді бас мүфти.
Ишандар мектебінің ірі өкілі – Досжан Қашақұлы Ақтөбе облысында 1815 жылы дүниеге келген. Алғашқы діни білімді әкесі Қашақ молдадан алып, одан Бұхара медресесін тәмамдап елге оралған соң жиырма жыл бала оқытумен айналысқан. Өмірінде қажылыққа үш рет барған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақ шежіресі» еңбегінде 1874 жылы Меккеге қажылыққа барған қазақтың ықпалды адамдарының ішінде Нұрпейіс хазірет пен Досжан халфенің болғанын айта келе, «Бұрын қазақ бұлай бас қосып қажылыққа бармаған екен» деп түйіндейді. Осы топта Жәңгір ханның ұлы Ғұбайдолла сұлтан, хакім Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы, жыр алыбы Жамбылдың ағасы Тәйке Жақауұлы да болған. Қазақ қажылары осы жерде қазақ жерінен келетіндер үшін Меккеде тәкия (қонақ үй) салуға уағдаласады. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы «Қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» еңбегінде былай деп жазған: «Мен пақыр 1905 жылдан 1906 жылға қарай, қажылыққа барғанда тәкияны көрдім. Менен бұрын қажылар кіріп қалған екен, оларды ренжітпей пәтер алып түстім. Бірақ Сұлтан айтты: Тәкия бұл күнде Досжан хазіреттің атына жазылған екен».
Қонақ үйге жер алу оңайға түспей, Мекке қаласының басшысы қазақтардың мұсылмандығын дәлелдейтін құжат сұратады. Досжан ишан жолға шығып, Қазан қаласынан сұраған құжатты тауып, оны Бұхараға заңдастырып, Меккеге дер кезінде жеткізеді. Ишанның еңбегін ескерген Құнанбай бастаған қажылар қиындықпен алған жерді Досжан хазіреттің атына жаздырады.
Досжан хазірет 1888 жылы қазақтың өз мүфтилігін ашу туралы Орынбор губернаторына бірнеше рет арызданған. Сол уақытта қатты күшейген шоқындыру саясатынан қазақтың дінін күшейту тәсілімен қорғанбақ болған хазірет талабы ескерусіз қалды. Ақын Әбубәкір Кердері Досжан хазіретті «Асыл сөзді, кең көкірек, орта бойлы, терең ойлы, жұмсақ мінезді, сабырлы, берекелі, дәулетті, Құдай жолында көп еңбек еткен, дұшпанға да пәле ойламаған, бұқараға сөзі ем болған; сабырда – Аюб пайғамбарға, мақамда – Дәуіт пайғамбарға ұқсас, пиғылда – Расулымдай жайлы, дәулетте – хақ Сүлеймендей салтанатты болған» деп сипаттайды.
Жиында жазушы Смағұл Елубай Досжан хазірет бастаған діндарлардың қазақтар үшін дербес мүфтилік ашу талабы ұлт зиялыларының Қарқаралы петициясынан кейінгі ерекше саяси қимылы деп бағалады. «Ясауи мектебінің шәкірттері ел-жұртының игілігі үшін қызмет етуді бірінші орынға қойды. Жеке мүддесін ойламай, ел-жұртының мүддесі үшін қатерге басын тігу әулиелерге тән қасиет. Мұндай қасиет Досжан ишанның бойынан табылды», деді белгілі қаламгер.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров орыс этнографы С.Дудиннің 1907 қазақ жерін аралай жүріп, «Қазақтың әр ауылында елдің діни сауатын ашатын молдалар бар» деп жазып кеткенін айтты. Мұрағаттарда Дудиннің киіз үйде, молдадан сабақ алып отырған қазақ балаларын түсірген фотосуреттері сақталған. ХІХ ғасырда Ресейден татар, башқұрт молдалары арқылы келген ағым мен Бұхара, Хиуадан келген ағымдардың ықпалы Ырғыз бен Жем өзендері арасындағы ескі мешіт құрылыстарынан да байқалады. Оңтүстік белдеуден Жем өзеніне дейінгі мешіттерде ишандар дәстүрі сақталды. Яғни ишандар мешітінде биік мұнара мен үлкен терезелер болмаса, қазіргі Ақтөбе облысының солтүстік аудандарында татар мен башқұрт үлгісіне ұқсайтын сүйір, биік мұнаралы, үлкен терезелері бар мешіттер салынды. Ишандар үлгісі Қарабұтақтағы Самұрат мешітінде, Жем өзенінің бойы – Қожасайдағы Көкмешітте, Ырғыздағы Дүйсенбі ахун, Қайрақтыдағы Ділмағамбет ишан мешіті құрылыстарынан байқалады. Қазақтың сопы діндарлары сән-салтанаты асқан мешіттерді аса ұнатпаған тәрізді.
Досжан ишанның алғашқы мешітін Үстірт бойындағы Тасастау, Қайнар деген жерде салған. Бұл қазіргі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарының шекарасында орналасқан төңкеріске дейінгі қазақ ауылының жұрты. Тастан, шымнан салынған ескі үйлер, тас құдық, бірнеше мешіт пен медресе үйлері, жатақхана, кітапхана орындары сақталған. Мешіттің ішкі қабырғасындағы бояуы мен ою-өрнегінің іздері әлі бар, төбесінде суағары сақталған. Үстірттегі тас қаладағы мешіт-медресе бірнеше мұнаралы «желкенді мешіт» үлгісімен тұрғызылған. Бұл арабтардан келген дәстүр. Досжан ишанның мешіттерін Бірман Көшімқұлұлы деген ұста тұрғызған. Ол 1922 жылы қайтыс болған. Ұрпақтары Қобда ауданында тұрады.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD Батыржан Мансұровтың айтуынша, сол заманда ишан мәртебесіне жету үшін ұзақ жыл бала оқытып, өз еңбегіңмен күн көру керек екен. Досжан ишан ихсан ілімін ұстанған, сопылық жолда болған. «Бүкіл ғұмырын Алла жолындағы құлшылыққа арнаған ихсан ілімін ұстанғандар шынайылық, адалдық пен әділдікті бағдар етіп, өз халқына адал қызмет етуге тиіс. Бүгінде жалған сопылар шынайы сопылық жолға кедергі болып отырған кезде оларға ихсан ілімі арқылы ғана тосқауыл жасаймыз. Сол үшін де елге адал қызмет ететін шәкірттер тәрбиелей білген Досжан хазірет сияқты ишан, халфе, ахундарды насихаттауымыз керек», деді Батыржан Мансұров.
Өлкетанушы Бекарыстан Мырзабайұлы белгілі ғалым, марқұм Әбу Тәкеновтің 1997 жылы Темір ауданына Мұстафа Шоқайдың эмиграцияға бара жатып, жасырын кездескен дін адамдары туралы дерек айтты. Қайраткер 1918 жылы хазіреттің ұлымен кездескен болуы керек. Өйткені Досжанның жолын жалғастырған Абдолла, Аққұбаш есімді ұлдары 1937 жылдары атылып кеткен. Бекарыстан Мырзабайұлы: «Байғараұлы Нұрфайыс, Қашақұлы Досмұхамед ишан мен оның атқосшысы – Өтәлі қажы, ағайынды Аппаз бен Мырқы, Қасынбек датқа, Шәбден 1875 жылы Меккеге қажылыққа барғанда, орталарынан қаржы шығарып, қонақүй салдырады. Меккедегі осы 7 адамның қаржысына салынған үйге 1957 жылы НКВД адамдары келіп бір қағазға қол қойғызып алып кеткені туралы Байғараұлы Нұрфайыс хазіреттің немересі Әбдірахман ақсақалдан естідім. Археолог ғалым Серік Әжіғали 1979 жылдан бастап ел ішінен Досжан ишан туралы ауызша деректерді жинастырды. Ал осыдан бес жыл бұрын атыраулық Мұхамедқалиұлы Ресей мұрағатынан Досжан ишанның Шилідегі мешітінің 1904 жылы түсірілген фотосуретін тапты. Сол заманда мешіттің жеті күмбезі болған», деп мәлімет берді Бекарыстан Мырзабайұлы.
Қартайған ишан саяси сенімсіз адам ретінде Орынбор губернаторының құпия тізімінде тұрған. Бекарыстан Мырзабайұлының айтуынша, Досжан ишаннан бұрын Жем бойындағы діндарлардың ең ықпалдысы – Асан қожа қазақ даласына дін таратуға келген Бақсайыс әулиенің ұрпағы екен. Асан қожа ХІХ ғасырдың бас кезінде жастарын Хиуа, Бұхараға көшіреді де, үлкендері Жемнің бойында қалады. Қазір бұл жер Қожасай деп аталады. Ертеде қазақтың әр ауылында мешіт болған. Мәселен, кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Ақтөбе облысының Темір уезінде 50-ге жуық, Ырғыз уезінде 37 мешіт болған.
Ғалым Өмірзақ Озғанбаев ХІХ ғасырда қазақ руханиятына зор еңбек сіңірген Досжан Қашақұлының ғибратын Халел Досмұхамедұлы, Бақытжан Қаратаев, ағайынды Жұбановтар тыңдап өсті деген пікір айтты. Досжан ишанның медресесін мыңнан астам шәкірт тәмамдаса, олардың арасынан ұлт руханиятына қызмет еткендер көп шықты. Досжанның Жиенғалиға дейінгі ұрпақтары – сол кездегі шоқындыру саясатына қарсы тұра білгендер. «ХІХ ғасырда Ресей империясы құрамындағы барлық ұлттарды шоқындыру саясаты белсенді жүрді. Шіркеу адамдары басқа ұлттың жетім балаларын шіркеу жанында ашылған мектептерге жинап, тегін өзгертті, орысша оқытты. Халық тағдыры қыл үстінде тұрғанын ерекше сезінген елдегі ишан-молдалар медреселерге жоқ-жұқа, жетім балаларды тегін қабылдап, олардың ас-суын, басқа қажеті үшін шаруашылықпен айналысты. Досжан ишан Орынбор губернаторының қабылдауын үш жыл күтіп, Шилісу бойынан бау-бақша өсіруге 10 гектар жер сұрап алған. Сол жерге жеміс ағаштарын егіп, өнімін күзде Орынбор, Троицк қаласының көпестеріне көтере сатып, түскен қаржыны медреседегі кедей отбасылар мен жетім балалардың қажетіне жұмсайды. «Төңкеріске дейінгі қазақ медреселерінің ұлт азаматтарын тәрбиелеудегі рөлі әлі зерделенген жоқ. Мәселен, Көкшетауда Науан хазіреттің медресесінде еңбек тәрбиесіне ерекше мән берген. Медресе жанында бір отар қой ұстап, оқушылар малға кезекпен күтім жасаған. Хазірет шаруашылықтан түскен табысты мұқтаж шәкірттердің қажетіне жұмсаған», деді Ө.Озғанбаев.
Дін өкілдерінің қазақ руханиятына сіңірген еңбегі өлшеусіз болса да, олардың өмірбаяндық деректері жүйеленген жоқ. Кеңес өкіметі аяусыз жаншыған қазақ дінбасыларының тарихтағы рөлін зерделеу, медреселер мен ауыл мектептері туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу – бүгінгі ғылымның абыройлы міндеті деп санаймыз.
Ақтөбе облысы,
Темір ауданы