Медицина • 14 Қыркүйек, 2023

«Саламатты Қазақстан» сапары

509 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өңірлерді аралап жүр. Бұл пойыз 26 сәуірде Алматы-2 стансасынан жолға шыққан. Содан бері Алматы, Жетісу, Абай, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Маңғыстау, Атырау облыста­рындағы 70 бекетке тоқтаған.

«Саламатты Қазақстан» сапары

Медициналық пойыздың бас дәрігері Айнұр Игенбаеваның айтуынша, «Саламатты Қазақ­стан» пойызы – шалғай елді ме­кендердегі тұрғындарға кө­мек көрсететін арнайы жоба. Құрамында 8 вагоны бар. 4 ва­гон медициналық құрал-жаб­дықтармен қамтылған. Елі­міз­дің шалғай стансаларында тұ­ратын 92 049 адам жүгінген. Оның ішінде 45 710 адам меди­ци­налық тексеруден өткен. Кө­мек алушылардың 10 520-сы­ – балалар. Дәрігерлер бес айда пойызда 5 377 рет шағын хи­рургиялық операция жасаған. Ал психологиялық және құқықтық кеңес алушылардың саны 5 572 адамды құрап отыр.

Бұл пойыз Атырау облысына 2 қыркүйекте келді. Мұнда 8 елді мекенге аялдайтыны көзделген. Алдымен Жылыой ауданындағы Толтыр, кейін Құрманғазы ауданында орналасқан Ақкөл стансасына тоқтады. Ал Исатай ауданындағы Исатай стансасы – үшінші бекет. Мұнда 5-7 қыркүйекте тұрғындарға те­гін медициналық көмек, психо­логиялық, құқықтық және ме­диатив­тік кеңес берілді. Ауыл тұр­ғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уро­лог, невропатолог, гинеколог секілді білікті дәрігерлердің ке­ңе­сін алып, тегін тексеруге жүгінген.

«Басты мақсатымыз – тұр­­ғын­дарға тегін қызмет көрсе­ту. Ме­дициналық пойыз­да био­химиялық талдау, флю­рог­рафия, ішкі ағзалар мен та­мыр­лардың УДЗ, электр­лі кар­диограмма және диагнос­ти­ка­лық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүм­кін­дік қарастырылған. Біздің құ­рамдағы тәжірибелі мамандар тұрғындардың кез келген сауа­лына кәсіби тұрғыдан то­лық кеңес берді. Дәрігерлер тек­­се­руі­­нен өткен тұрғындарға қоры­­­тындысы сол сәтте қолына бері­­леді», дейді А.Игин­баева.

Жылжымалы медицинаның дәрігеріне жүгінгендердің қата­рын­да Әліп Қайтақпаев та бар. Исатай стансасында тұратын ол дәрігерлерге әйелімен бірге келген.

«Біз шалғай ауылда тұрамыз. Қа­ладағы дәрігерлерге бару үшін жолкіресіне қаржы қа­жет.­ Бі­рақ денсаулықты ойлап, алаң­дап жүреміз. Міне, «Са­­ла­матты Қазақстан» меди­циналық пойызының шалғай ауылға келіп, әйелім екеуміз дә­рігерлердің кеңесін алдық. Бұл – біз үшін үлкен қолдау», дейді Ә.Қайтақпаев.

Аққыстау ауылы – «Саламат­ты Қазақстан» медициналық пойызы тоқтаған бесінші бекет. Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаевтың айтуынша, мұнда 10 648 адам тұ­рады. Аудан тұрғындарына бір ай бұрын медициналық пойыз­дың келетіні хабарланған.

Тұрғындар терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, невропатолог, акушер-гинеколог секілді дәрігерлердің кеңесін алып, тегін тексеруден өтті. Осының өзінен тұр­ғындардың денсаулығын күтуге жауапкершілігінің артқаны бай­қалады.

«Біздің дәрігерлер сырқаты бар жандарды еш кедергісіз қабылдайды. Ауыл тұрғындары стоматологтің көмегіне көбірек жүгінді. Невропотолог пен хи­рургтің қабылдауына, УДЗ-ге түсуге келген тұрғындар көп», деп мәлімдеді А.Игенбаева.

Мәселен, Күлайым Әбдірено­ва Аққыстау ауылында көптен тұрады. Оның ауылынан Атырау қаласына баруы үшін жарты күн қажет.

«Қалаға жеткен соң емхана барып, кезекке тұру керек. Бір күнде шаруа біте қойса, жақ­сы ғой. Кейде екі-үш күнге кіді­руге тура келеді. Көптен ауы­ратын тісім бар еді. Соны жұл­ды­рып шықтым. Дәрігерлер мейірімді, қолы жеңіл екен. Облыс орталығынан алыстағы ауыл­ тұрғындары үшін осындай дә­рігерлер жиірек келгенін қа­лай­мыз», деді ол.

 

Атырау облысы