Экономика • 15 Қыркүйек, 2023

Тығырықтан шығарар жол

242 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан аса автомобиль жолын қайта жаңартуға баса назар аударды. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Бүгінде транзиттік-көліктік әлеует пен қозғалыс қарқынын ескеріп, қандай басым жобалар белгіленді? Бұлар қашан және қалай іске асырылады? Осы жөнінде Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллинге хабарласқан едік.

Тығырықтан шығарар жол

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

«Қазір автомобиль жолдары саласын модернизациялау шеңберінде, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес қарқын алған көлік ағынының өткізу қабілетін қамтамасыз ету үшін басым жобалар айқындалды. Аталған жоба­лардың жалпы көлемі 4,7 мың ша­қы­рымды, ал жалпы құны 14,4 млрд долларды құрайды», деді Т.Абдуллин.

Автокөлік құралдарының тиісті өткі­зу қабілетін қамтамасыз ете алмай­тын, жай-күйі сын көтермейтін халық­ара­лық және республикалық маңызы бар автомо­биль жолдары, сонымен қатар тар те­лімдер халықаралық жүк тасы­малдау­шы­лардың тарапынан өңір­лердегі баламалы бағыттарды іздеу сұ­раныстарының артуына алып келеді.

Кейінгі уақытта елімізде ірі жобалар жү­зеге асырылып жатыр. Десек те соған қарамастан Ақтөбе, Ақтау, Жезқазған және Қы­зылорда сияқты облыс орта­лық­та­рының арасында ше­шіл­меген мәсе­ле­лер әлі де қа­лып отырғаны рас. Жоба­лар­дың ауқымын ескеріп, бұларды ба­сымдық бойынша кезең-ке­зеңімен іске асы­ру көзделген. Транзиттік-көліктік әлеуетті жобаларды іске асыру үшін бі­рінші кезектегі инфрақұрылымдық жо­ба­лар халықаралық көлік дә­ліздерінің тех­никалық жай-кү­йін және өткізу қа­білет­тілігін жақ­сар­туға бағытталады.

ап

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Қозғалыс қарқынын ескере отырып, басым жобалар деп Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің құрамындағы «Ресей шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Ұл­ғайсын – Қызылорда тас­жолдарының учаскелері белгі­ленген. Жол жабыны жо­ғарғы қабатының тозуына байланыс­ты 2024 жылы дәлізді жаңарту Ақтөбе – Ұлғайсын телімін реконструкциялаудан басталады. Ал РФ шекарасы – Ақтөбе, Ұлғайсын – Қызылорда телім­дерін жобалау 2025 жылы қол­ға ал­ы­нады», деді комитет төра­ғасы.

Орталық, шығыс және оң­түстік өңір­­­лердің аумақтық бай­ланысын қам­та­­­масыз ету аясында Қарағанды – Жез­қаз­ған, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Атырау – Доссор, Ал­маты – Бәйдібек би, Алматы – Үшқоңыр тасжолдарын реконструкциялау жоспарланған. Бұған қоса ТРАСЕКА дәлізінің жалғасы ретінде болатын Бейнеу – Шалқар тас­жолының құрылысы да жүргізіледі.

Сонымен қатар Жолдауда Президент елі­міздегі автомобиль жолдарының са­па­сы сын кө­термейтінін де атап өтті. Кө­лік министрлігі осы саладағы жұ­мыс­тардың сапасыз орындалуы мен сы­бай­лас жемқорлық проблемаларын ес­керіп, автомобиль жолдары құры­лы­сының сапасын жақсарту және алақол мер­дігерлермен күресу мақсатында қандай тәсілдерді әзірлеп, шараларды қолға алды?

«Мемлекет басшысының «Әді­летті Қазақстанның эконо­ми­калық бағдары» атты Жол­дауының аясында жүктелген тап­сыр­маларын орындау мақ­сатында жол салу сапасын жақ­­сарту үшін ми­нис­трлік жү­йе­лі шаралар мен жаңа тә­сіл­дер­ді әзірлеп жатыр. Соның бірі – «FIDIC» қағидаттарын пай­даланып, жо­баның басынан аяғына дейін жүр­гізілуін қамтамасыз ететін жұмыс келі­сім­шарттары енгізіледі. Аталған келі­сімшарттар арқылы жол учаскелерін жо­балау, іске асыру мен пайдалану үшін бір ғана ұйым жауапты болады. Бұл өз кезегінде жобаларды іске асы­рудың кешеуілдеуіне, жобалық құжат­т­а­маны түзетуге және осы тектес өзге де жағымсыз салдарға себепші бол­ған құрылысқа қатысушылардың ара­сын­дағы жауапкершілікті бір-біріне сіл­тей салуына жол бермейді. Со­нымен қатар аталған тәсілді ен­гізу мердігер ұйым­дар­дың қы­зы­ғушылығын да арттырады. Себебі олар шығындарды азайту мен жобалардың қызмет ету мер­зімін ұзарту үшін жаңа, заман ағымына сай технологияларды қол­да­нып, қажетті техниканы сатып алу, маман­дардың білік­ті­лі­гін арттыру сияқты ком­па­ния­ның дамуына мүмкін­дік беретін ұзақ мерзімді жос­парлауды қолға алады», деп сөзін жалғады Т.Абдуллин.

Сонымен қатар келісім­шарт­тарға «FIDIC» қағидаттарын енгізу жол-құ­рылыс материал­дары қымбаттаған жағ­дайда не­гіз­гі құнын түзетуді (эскалация) қолдануға мүмкіндік береді. Яғни жоба­ның құны нарық шартта­рымен реттеліп отырады. Бұл құрылыс жұмыс­та­рының тоқтап қалмауына септігін тигізеді. Сон­дай-ақ тапсырыс берушінің аты­нан нысанда негізгі шешімдер қабылдайтын және олардың сал­дары үшін жауап беретін инже­нердің рөлі күшейтіледі.

Бақылауды қатаңдатудың тағы бір ша­расы – сапаны бақы­лау­дың бірың­ғай респуб­ликалық жүйесін енгізу. Шара рес­пуб­ликалық желінің ғана емес, жер­гі­лікті маңызы бар барлық іске асы­ры­латын автожол жобаларын толық қам­­туға мүмкіндік береді. Бұған қоса са­­паны сараптау кезінде Сапа орта­лы­­ғының тәуел­сіздігін қамтамасыз етеді. Осыны айтқан сала басшысы са­ла­дағы реформалық жұмыстар жөнін­де әңгімеледі.

«Автомобиль жолдары саласын реформалау аясындағы мемлекеттік тапсырма негізінде жергілікті автожол­дар­­дың сапасына сараптама жүргізу бо­йынша жұмыстарды жүргізуге, атап айт­қанда, Сапа орталығын қаржы­лан­ды­ру бөлігінде заңнамалық актілерге (БК-нің 41-бабы) тиісті түзетулер енгізу бойынша жұ­мыстар жүзеге асырылып жатыр», деді ол.

Мемлекет басшысы Жол­дауда автомобиль жолдары саласын­дағы жаңа нормативтік құ­жат­тарды қабыл­дау­ды қадап тапсырды. Нормативтерді тәжіри­бе­де қолдану кезінде туындауы мүмкін құжаттардың санын, қай­шылықтар мен олқылықтарды ескеріп, автомобиль жолдары сала­сындағы нормативтік базаны оңтай­ландыру мен жақсарту үшін қандай шаралар мен бастамалар жоспарланған? Сондай-ақ аталған нормативтерді үнемі жаңарту мен өзектілігін сақтау қалай жүзеге асырылмақшы?

Бұл үшін бүгінгі таңда автожол са­ла­сының нормативтік базасын қайта құ­ры­лымдау және өзектендіру аясында «Қаз­жолҒЗИ» АҚ-да 400-ден аса МЕМСТ, 200-ге жуық ҚР СТ және 277 ведомстволық құжат қай­та қаралды.

Айта кетейік, авто­жол­ сала­сында 1 200-ге жуық норма­тив­тік құжат база­сы қалып­­тас­қан. Бұлардың құра­мында са­ла­лық және басқа сала­лармен байланысты құжаттар да бар. Оның ішінде 49 ҚР ЕР және 151 ҚР ұсынымдық сипатқа, 529 МЕМСТ, 303 ҚР СТ, 114 ЕЖ, ҚН және 56 жинақ міндетті сипатқа ие, сондай-ақ КСРО кезеңінде бекітілген 19 ВҚН бар.

«Осы жылдың соңына дейін барлық нормативтік-техникалық құжаттаманың 30%-ын өңдеу көзделген. Ал 2026 жыл­дың соңына дейін жол саласының бар­лық нормативтік құжаттамалары ретке келеді. Құжаттардың санын ескеріп, қолдануда өте ыңғайлы Инфожол ақ­па­­­рат­тық жүйесі құрылып, іске қо­сылды. Алайда нормативтік-техни­ка­лық құжаттаманың саны мен оларды әр­түрлі мемлекеттік органдар әзірлей­тінін және бекітетінін ескерсек, қарама-қайшы­лықтар мен олқылықтар жинақ­та­лады. Бұл нормативтердің тәжірибеде қолданылуына теріс әсерін ти­гі­зе­ді», деді мекеме басшысы.

Қазіргі уақытта нормативтерді толық талдау арқылы базаны оңтайландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Ондағы қай­шылықтар мен нормалаудағы олқы­лық­тар жойылады. Талдау нәтиже­лері бойынша қажетті құжаттар қайта өңделіп, артығы алынып тасталады. Ерекше айтып өтерлігі, базаны өзек­тен­діру жұмыстары тұрақты негізде жүр­гізілуі қажет.

Аталған шара нормативтерге қажетті өзгеріс­терді жедел енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде автомобиль жол­да­рының нормативтік базасын реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысына оң әсер етері сөзсіз.