Фото: https://primeminister.kz/
Іс-шараға ШЫҰ елдерінің министрлері, халықаралық қонақүйлер, отандық және шетелдік туроператорлар, әуе компаниялар желілерінің басшылары, сондай-ақ инвесторлар, халықаралық сарапшылар, дипломатиялық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Үкімет басшысы форумда мемлекеттің туризмді дамытуға, төл мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттауға үлкен мән беріп отырғанын атап өтіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырда жариялаған халыққа Жолдауында бұл салада серпінді жобаларды іске асыруды тапсырғанын жеткізді.
«Біз «зәкірлік» жобалар іске асырылатын маңызды 10 туристік аймақты анықтадық. Олардың бірі – Каспий теңізінің жағалауы. Бұл - ерекше фаунасы, көркем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар ерекше мекен. Біз кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осыған бағытталған. Мұндай күш-жігердің жарқын мысалы – Іле-Алатау, Шарын және Алтын-Емел сияқты орындарда визит-орталықтары мен эко-қонақүйлердің пайда болуы. Экологиялық тұрақтылық негіздерін басшылыққа ала отырып, біз туристердің санынан гөрі олардың саяхаттарының сапасын арттыруға көшу жолында жұмыс істеп жатырмыз», деді Ә.Смайылов.
Ол Қазақстанда азаматтары визасыз жүре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артқанын еске салды. Сонымен қатар халықаралық әуе қатынасының географиясы кеңейіп келе жатқанын да айтты. Кейінгі үш жылда салаға $4 млрд көлемінде инвестиция тартылып, 400-ден астам туристік нысан салынып, Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақ үй желілері іске қосылғанын атап өтті.
«Визалық және көші-қон режимін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау, виза алу рәсімдері мен әуежайларда бақылаудан өтуді де жеңілдету қажет. Түрлі туристік бағыттарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үлкен маңызға ие екенін көріп отырмыз. Бұл туралы бизнес тарапы да ұдайы көтеріп келеді. Біз бұл мәселеге республикалық деңгейде де, жергілікті деңгейде де қолдауды арттыруға ниеттіміз», деді Премьер-министр.
Туризмді дамыту жолында сервис пен қызметтердің сапасын арттыру үшін цифрландыруды жандандыру қажет екенін де еске салды.
Сөзінің соңында Ә.Смайылов шетелдік делегация өкілдерін келесі жылы Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қонақ ретінде келуге шақырды. Форум қорытындысында туризм саласындағы қазақстандық және шетелдік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.