Қоғам • 15 Қыркүйек, 2023

Жақсылыққа жамандық

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлда өзін пәтерге тұрғызған қартты тонаған алаяқ ұсталды.

Жақсылыққа жамандық

Фото: Ашық дереккөз

Адамның іші-бауырына кіріп, жылы сөйлеп, мүләйімсіп сөйлеген 26 жастағы жігітті есіркеп, пәтерге тұрғызған 69 жастағы жалғызбасты ақсақал оның жақсылыққа жамандық жасайтынын сезбеген екен. Қарттың сеніміне әбден кірген екіжүзді пәле оның телефонындағы банктық қосымшасы арқылы екі рет несие рәсімдеген. Несиенің жалпы сомасы - 300 мың теңге. Зейнетақысының жартысы несиені өтеуге жұмсалғанын көргенде ғана қарт  өзінің қапы соққанын бір-ақ біліп, полицияға жүгінген.

Полиция күдіктіні жедел ұстап, қылмысын мойындатқан. Ақша керек болып қатты қысылған соң артынан қайтарармын деп осындай арам қылыққа барған едім деген зәндемнің ақталу сөзі де бекер екен.

Ол ұрлаған ақшасының бәрін букмекерлік кеңседегі ставкаларға жұмсағаны да белгілі болды. Сот алаяқтың ұрлаған ақшасын қайтарғанын ескеріп, 3 жарым жылға бас еркін шектеу жасзасын белгіледі.

 

ПЕТРОПАВЛ