Қоғам • 17 Қыркүйек, 2023

«Кешірім сұрамаймын!»: Ринат Заитов өзіне қарсы шабуыл жасалғанын айтты

8435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, ақын Ринат Зайытов соңғы күндері өзіне қарсы ақпараттық шабуыл үдегенін айтып, әлдекімдердің жеке өміріне қатер төндіріп жатқанын да жоққа шығармады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Кешірім сұрамаймын!»: Ринат Заитов өзіне қарсы шабуыл жасалғанын айтты

Фото: https://parlam.kz/

Ринат Зайытовтың «Елімізде  ғаламтор арқылы, басқа да ресурстарда жасалып жатқан алаяқтық  фактілерін жүзеге асырушылардың  80%-ы – намаз оқитын  қауым.  Өтірік десе, келіп бетіме бассын. Тіпті базарға барыңыз, басқа қоғамдық орындарда да сондай, сақалын сипап, аузында Алласы айтылғанымен шынтауайтында адам алдап жатыр» деп айтқан пікірінің үзіндісі қызу талқыланып жатыр.  

«Кейінгі екі күнде маған қарай екпінді ақпараттық және психологиялық шабуыл басталды. Оны өзім де күткенмін. Себебі, оған етім үйренген. Мұндай шабуылдар маған 2008, 2011, 2019-ыншы жылдары да жасалған. Жасырмаймын, оңай емес. Бірақ шыдауға тура келеді. Енді сіздерге бұл технология қалай жасақталатынын түсіндіруге тырысайын. Мысалы осы жолғы шабуылдың тақырыбы менің намаз оқып жүріп алаяқтық жасайтын адамдар жайлы айтқан сөзімді алға тартып, сол арқылы қоғамды маған қарсы қоймақ. Мақсаты белгілі. Біріншісі - мені қорқыту, екіншісі - менің жеке басыма қастандық жасалса, осы себептен екен дегізу. Сөз жоқ, ақылды жүріс. Екеуінің біреуіне жеткенше олардың тоқтамайтынын да білемін. Тәуекел. Маңдайға жазғанын көреміз», деді Р.Зайытов.

Мәжіліс депутаты ешкімнен қорқып қашпайтынын, айтқан пікірінен айнымайтынын, бар арманы елдің гүлденіп көркеюі екенін жазды.  

«Ешбір топтың алдында тізерлеп кешірім сұрамаймын! Өйткені оған себеп көріп тұрған жоқпын. Әлеуметтік желі шулады екен деп, дірілдейтін қорқақтарың мен емес. Алға қойған нақты мақсатым мен жоспарым бар. Сол жұмыстарды бітіруім керек. Мәжіліс мінберінен халыққа берген антым бар. Берілген мерзім - бес жыл. Сол бес жылымды халықтың мүддесін қорғауға арнаймын. Басқасы бір жаратқанның құзырында. 
Түсінетін шығарсыздар деп ойлаймын», деп жазды  депутат.

Күнделікті  жұмысқа  бір өзі ешбір оққағарсыз жаяу барып келетін  ақын қандай қысым көрсетілсе де  қорықпайтынын мәлімдеді.