Қор басшысы бұған дейін де өңірге ат басын тіреп, жаңа облысқа қор тарапынан қандай көмек көрсету керек екенін пысықтап кеткен еді. Енді міне екінші мәрте келген сапары барысында ол «Қазақстан халқына» қорының облыс аумағында жүзеге асырған жұмыстарына тоқталып және жоспарланған жобаларды таныстырды.
Шынында да қордың аймаққа тигізіп жатқан көмегі көп. Мысалы, өңірлік медициналық мекемелерді офтальмологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету аясында Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасына жалпы сомасы 4 млн теңгеге диагностикалық линзалар мен офтальмоскоптар сатып алынған еді. Енді алдағы уақытта балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту мақсатында Облыстық көпбейінді ауруханасына 32 млн теңге мөлшерінде заманауи медициналық құрал-жабдықтар жеткізілмек.
Халықтың белгілі бір бөлігін әлеуметтік қолдау тұрғысында да қордың жәрдемін сезініп жатқан жандар жеткілікті. Айталық, осыған дейін қор қаражатына құны 17,2 млн теңге тұратын 3 инновациялық протез берілген еді. Алдағы уақытта қор облыста Жезқазған қаласының «Қарлығаш» соматикалық санаториінің және Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасының негізінде 2 оңалту орталығын ашып беруді жоспарлап отыр. Мұндай көмек облыстағы денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты түйіндерді біршама тарқататыны сөзсіз.
Қордың көмегі арқылы Ұлытау облысында 8 мектепте жалпы сомасы 28,8 млн теңгеге робототехника кабинеттері ашылып, робототехниканы зерделеуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешенмен жабдықталды. Мектептерге көмек көрсетудің екінші кезеңінде «Болашақ инженерлер моноқалаларда» бағдарламасы бойынша 45 млн теңгеге 10 мектеп жабдықталады.
Халықтың әлеуметтік осал топтарының студенттеріне айтарлықтай қолдау көрсетілді. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің 19 студенті қордың білім беру грантының иегері атанған.
– Біз қордың мүмкіндігін Ұлытау облысындағы өзекті мәселелерге бағыттау арқылы аймақтың дамуына өз үлесімізді қосуды мақсат етіп отырмыз. Демек, облыс пен «Қазақстан халқына» қоры арасындағы байланыс нығая түседі, – деді Болат Бидахметұлы.
Ұлытау облысы