– Digital медиа бүгінде негізгі ақпарат көзі және қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналды десек те болады. Статистикалық деректер не дейді?
Ділмұрат РАХЫМОВ,
«International Media Service» басқарушы директоры:
– Әр елдің жарнама нарығы әртүрлі. Себебі халық саны, экономикасы, тағы басқа көрсеткіштері бірдей емес. Болашақта индустрия адамы ретінде біз жарнамада есептеу жүйесі болу керек екенін білеміз. Орталық Азия жарнама қауымдастығының Қазақстан мен көршілес елдердің жарнама нарығын зерттеу жобасы бар. Оған Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан сарапшы мамандарды тарттық. Қазақстанда да осы елдерге қатысты өзіндік сараптама тобы бар. Біраз зерттеу жасалды. Қазір ел нарығындағы контенттің 48 пайызын көңіл көтеретін сериалдар құрайды. 2015-2022 жылдар арасын бағдарласақ, телевидениеге деген сұраныс 34%-ға азайған. Демек біз еліміздегі әр үшінші телекөрерменді жоғалттық. Бұл, әрине өте көп. Бірақ осы кезеңде телевидение ақпаратты ұсыну құрылымын өзгертті. Осыдан 10 жыл бұрын да шетелдік контент танымалдылық рейтингінде бірінші орында тұрған. Бірақ бүгінде еліміздегі демографиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты қазақы сапалы контентке сұраныс артты. Сәйкесінше біздің телевидение қазақ тіліндегі бағдарламаларды көбірек жасап, өз аудиториясының мүддесіне сай көшуде. Яғни медиа саласында орны бар ауқымды холдингтер цифрлану арқылы 48%-дың белгілі бір бөлігін иемденіп отыр.
Абылайхан КАМАЛАДИН,
«QM Metacommunication company», «Qamalladin foundation» негізін қалаушы:
– Елімізде медиа саласы қарқынды дамып келеді. Əлеуметтік желілерде блог жүргізіп, халықты ақпаратпен құлақтандыратын блогерлердің де саны артты. Осы орайда еліміздегі жарнама нарығына тоқтала кеткеніміз жөн. Себебі дəстүрлі медиаға мемлекет қаржы бөледі, ал жеке тұлғалар қаражатты YouTube, TikTok, Instagram əлеуметтік желілеріндегі парақшаларындағы жарнамадан табады. Осының арқасында ол өзін өзі қаржыландырады. Халыққа түрлі ақпарат, пайдалы кеңес, саяхаттау сынды бейнебаяндарды ұсына алады. Сондықтан да жаңа заңда жарнаманы таңбалап отыруға ерекше мəн беру қажет. Жеке блогін жүргізетін адамдардың табысына зиян тимеуі қажет. Əлеуметтік желілерде ақпарат тарататын, блог жүргізетіндердің қатары көбейген сайын дəстүрлі медиаға бəсекелестік туғызып, медиа саласын қарқынды түрде дамытып отыр. Қазіргі уақытта адамдардың көпшілігі теледидар көруден қалып барады. Бір орында тапжылмай теледидар көру ыңғайсыз болғандықтан, көпшілігі YouTube арқылы қажетті дүниелерін қарай салғанды қалайды. Нəтижесінде, əлеуметтік желіде жұмыс істейтіндердің қаралымы артып, көрермені көбейіп келеді. Сондықтан осы салаға аса мəн беру қажет.
Тимур АБДУЛЛИН,
«Repost.uz» сайтының негізін қалаушылардың бірі және жетекшісі:
– Біз алғаш жұмысымызды әлеуметтік желілерде қарқынды дамыттық. Оқырманның қызығушылығын өзімізге аударуға мүмкіндік бердік. Осылайша, «Repost.uz» сайтын дамытуды қолға алдық. Кейінгі бірнеше жылда материалдарды беру форматтарында белсенді тәжірибе жасадық, оқырманымызды бір арнаға шоғырландырдық. Ақпаратты саяси бағытта беріп қана қоймай, түрлі бағытты қамтуды қолға алдық. Мәселен, шоу-бизнес, денсаулық, автомобиль әлемі, технология, спорт туралы ақпараттардың ең маңыздысын таңдап, әр бөлікке бөлдік. Оқырман карантин кезінде трафик бойынша шамамен 50%-ға өсті. Осы өсімді әлі күнге дейін сақтап, оқырман санын арттыруды қолға алдық. Осы ретте айта кетерлігі, әлеуметтік желі оқырманның санын арттыруға таптырмас алаң екендігін есте сақтау қажет.
– Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту тұрғысынан көп жұмыс істелді. Заң өзгерді, талап күшейді, ал медиада бұл өзгерістер сезіле ме?
Эльдияр КЕНЕНСАРОВ,
«Eki bala» және «Asia Mix» тик-ток жобаларының авторы:
– Еліміздегі медиа жыл санап дамып, жаңа сипат алып келеді. Инфодемия жағдайындағы ақпаратты тұтынушы халықтың медиаға деген сенімнің жоғалуы медиа қызметкерлерінің бәрін алаңдатады.
Абылайхан КАМАЛАДИН,
«QM Metacommunication company», «Qamalladin foundation» негізін қалаушы:
– Елімізде қазір 900 блогер бар және олардың барлығы ақпаратты жарнама ретінде белгілеуі керек. Біз қазір нео-банкингке бет алдық. Мысал келтірсек, кей блогерлер «G-park» компаниясы салған тұрғын үйлерді жарнамалаған. Ал ол үйлер бойынша қазір салымшылар блогерлерге арыз немесе түрлі пікір жазып жатыр. Ол адам депутат болды, біз не істеуіміз керек? Біз креативті саладағы адамдармыз, БАҚ немесе журналист емеспіз. Егер ақша алатын барлық жазбаға арнайы белгі қоятын болсақ, онда маркетинг, пиар, креатив ұғымы жоғалады.
Айдос САРЫМ,
Мәжіліс депутаты:
– Жаңа медианы заң бойынша реттеуде заңнамамыз уақыттан қалып келеді. Біз бүгінде бағыт-бағдарымызды бұра отырған АҚШ, Еуропаның дамыған елдеріне қарайтын болсақ, артта қалғанымызды көру қиын емес. Бұл ең біріншіден, нормативтік-құқықтық базаға қатысты. Екінші жағынан әркім өзін өзі реттеуге көшуі керек. Жарнамаға ақша төленетіні белгілі. Неге қандай да бір ерекшелік немесе артықшылық беру керек? Қылмыстың 40 пайызы киберсалада, онлайн сайттармен байланысты платформаларда жасалады. Шартты түрде адам етке тапсырыс берді деп қарастырайық, бірақ ол шын мәнінде басқа зат алады. Интернетке келетін болсақ, бұған шартты түрде дүкен директоры жауапты, ол өнімдердің қолдану мерзімі өтіп кетпеуін қадағалауы керек. Медиа сауаттылықтың жауапкершілігі туралы мәселе де туындайды. Бұған ешқандай кедергі жоқ, жаңа заңның жалғыз талабы – кез келген басқа бизнес түрі сияқты оны заңды түрде жасау. Жеке кәсіп ашу, одан салық төлеу.
2025 жылдан бастап бүкіл отандасымыз жалпыға ортақ декларация тапсырады, яғни біз табысымызды да, шығынымызды да декларация арқылы көрсетеміз. Егер сізде қымбат үй, көлік, басқа да дүние-байлық пайда болса, оны қандай ақшаға алдыңыз деп сұрайды. Егер жаратқан ақшаңыз табысыңыздан асып кетсе, онда бұл қаржының қайдан келгенін дәлелдеуіңіз керек. Осындай заң талаптары жаңа медиадағы жарнама мәселесінде де бізге өз-өзімізді реттеуге алып келеді. Ең бастысы ашықтық керек. Бір мысал келтірейін, жуырда Меган Маркл инстаграмда өз аккаунтын ашып, әр пост үшін 1 млн доллар алатынын ашық жариялады.
Мемлекет тарапынан ешкімге тыйым салу, жолына кедергі болу деген мақсат жоқ. Өз әлеуметтік желі парақшасында жұмысын жүргізіп, жарнама қабылдайтын адам азық-түлік дүкені, шаштараз секілді жеке кәсіпкер ретінде еңбек етеді.
Перизат МЫРЗАХМЕТ,
телепродюсер, журналист:
– Біз қазір салыстырмалы түрде адамның денсаулығына қауіпсіз, нұқсан келмейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Яғни Маслоу пирамидасының ең жоғары сатысындамыз. Демек өзіміздің барлық қажеттілігімізді өтедік. Тасада қалған жалғыз дүние – этика. Біз жеке шекарамызды, мемлекеттің шекарасын қорғадық. Бірақ адамның психологиясы, адамның құқығы әлі де қорғалған жоқ. Қоғамда этикалық шабуылдарға түсетін әлеуметтік әлсіз топтар бар. Оларды қорғау үшін бәрібір этикалық кодекс керек. Әлемде: «Сенің еркіндігің басқа адамның еркіндігі басталған жерде бітеді» деген заңдылық бар. Бұл үлкен бір заңды құжаттың аясында қамтамасыз етілуі қажет. Бірақ мұның да өзіндік кері тұсы жоқ емес. Егер біз мемлекеттің аузына «Билік, сен бізге этикалық норманы қабылдап бермесең, болмайды. Біз оны өзіміз істей алмаймыз» десек, олар қазір тек азаматтық ұстанымын білдіретін адамдардың аузын жабатын құжатқа айналуы мүмкін. Заң негізі қоғамнан шығып, қоғамға қызмет ете білуі керек. Яғни қоғам өзі ұсынуы керек.
Бүгінгі ахуалды зерделесек, қоғамның өзі этикалық норманы сұрап отыр. Осы тұрғыда ғана бекітілген қандай да бір құжат қажет. Өйткені біздегі әлеуметтік желідегі даудың өз схемасы бар. Кез келген мәселе «Үкімет қайда қарап отыр?» деген «слоганмен» аяқталады. Алайда Үкіметте белгілі бір жағдайда жауапкершілікке тартатын ешқандай құжат жоқ. Сондықтан бұл қоғамдық жара болып тұр. Бұған қоса «тапсырыс сұраныстан туады» деген нарық қағидасы бар. Әлеуметтік желідегі сексологтер тақырыбы – осының дәлелі. Халық сұранысынан туындап отыр. Осылардың барлығын бағамдай отырып, бір норма қалыптастыру – қоғам ретіндегі міндетіміз.
– Қазақ медиасы қазір оқырман-тыңдарман-көрермен сұранысына қарай жұмыс істеп отыр ма? Қазіргі медиа нарық қандай деңгейде?
Ділмұрат РАХЫМОВ,
«International Media Service» басқарушы директоры:
– Отандастарымыз әлеуметтік желіге, интернеттегі неше түрлі ақпаратқа қарағанда телевизия өнімдеріне көбірек сенеді. Демек елімізде жарнама нарығында телеарналар көш бастап тұр. Сондықтан жарнама берушілердің көбі әлі күнге дейін арналарды таңдайды.
Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ,
«Abay Live»YouTube арнасының авторы, журналист:
– Статистикалық деректерден жыл сайын телеарна көрерменінің пайыздық үлесі төмендеп келе жатқанын көреміз. Сол себепті елімізде YouTube платформасына көбірек көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан да подкаст, сұхбат, сараптамалық бағдарламалар, сериал түсіретін YouTube жеке арналары көбейді. Мен өзім саяси-қоғамдық контент түсіремін. Бұл саланың болашағы бар. Себебі жарнамалық интеграциялар қазақтілді контенттегілерге де келіп жатыр. Әлеуметтік желілердегі платформалар да еркін, тәуелсіз контенттерді ауқымды түрде жасауға болады. Бірақ YouTube-қа кәдімгі телеарнадағы секілді арнайы командамен келу мақсатыңыздың тезірек орындалуына көмектеседі. Мысалы, біз контент түсіру үшін кемінде үш камера қоямыз. Оған ең соңғы модельдегі камераларды қолданамыз және YouTube-қа 4К форматында түсіреміз. Дауысқа да мән беріледі. Өйткені қазіргі жастар YouTube-тағы дүниелерді құлаққаппен көшеде кетіп бара жатып немесе бір шаруасын реттеп жүріп тыңдайды. Осы сәтте оның дыбысы нашар болса, контент қанша қызықты болса да тыңдалмауы мүмкін.
Эльдияр КЕНЕНСАРОВ,
«Eki bala» және «Asia Mix» тик-ток жобаларының авторы:
– Кез келген әлеуметтік медиа маркетингтік науқанның негізі – сапалы контент. Сіз әлеуметтік желілерде жариялаған жазбалар компанияңыздың мақсаттарын тікелей көрсетеді. Осылайша, жоғары сапалы мазмұн сізге сенімді, шынайы және мақсатты аудитория үшін тартымды беделін құруға көмектеседі.
Марат ОРАЛҒАЗИН,
сценарист, тележүргізуші, «B.A.S. PRODUCTION» продюсері:
– Қазір қазақ тіліндегі контенттің көрермені көп. Мәселен, біздің YouTube арнада 1,9 млн жазылушы бар. Тек бір мәселе, қазақша контентке жарнама берушілер көп келе бермейді. Мәселен, орыстілді блогерлер «Samsung», автокөліктерді жарнамалап жүрсе, қазақ тіліндегі блогерлер пицца, донерлермен шектеледі. Яғни жарнама берушілердің басым бөлігінде қазақтілді аудиторияның сатып алу мүмкіндігі төмен деген жаңсақ пікір бар. Бұл да таптаурын болған түсінік. Бірақ өмірде кез келген көлік салондарында, ірі техника дүкендерінде қаракөз қазақтар көп жүреді.
Жазира БАЙДАЛЫ,
«Sayahat Time» арнасының блогері:
– «Sayahat Time» жобасы – Ернар екеуміздің жобамыз. Бізде команда жоқ. Жұмыстың 95 пайызын жолдасым Ернарға жүктелген. Сценарийін құрастырады, мәтінін жазады, монтаждайды, тағы сол сияқты. Тек 4 техника арқылы видео түсіріп, стендап жасап контент жасап жүрміз. Дыбысы сапалы шығуы үшін үйде дыбыстаймыз. Барған мемлекеттерімізде жергілікті тұрғындардан алған сұхбатымызды қолымыздан келгенше өзіміз әзірлейміз, болмаса таныс достарымыздан көмек сұрау арқылы жасаймыз. Содан болар біздегі шығын тек билетке, қонақүйге және тамақтануға кетеді. Бір ғана серіктесіміз бар. Ол – «Air Astana» компаниясы. Біздің Өзбекстан, Үндістан, Гүржістан, Таиланд елдеріне бару-қайту билеттерімізді қамтамасыз етті. Бес жыл бұрын ашылған арна енді ғана табыс таба бастады. Қазір жарнама берушілер бар. Алдағы уақытта олар көбейеді. Біздің көрсеткіштеріміз орыстілді блогерлермен салыстырғанда көбіне бірдей немесе сәл жетіспейді. YouTube ұсынған монетизацияға сеніп отырмаймыз. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін өз жұмысымызды істеп, өз еңбекақымызға шетелге шығып, блог түсіріп жүрміз. Өйткені YouTube тұрақтылықты жақсы көреді. Сондықтан мұнымен тоқтамай контентті күтіп отырған адамдарға ұсынғымыз келеді.
Ернар АЛМАБЕК,
«Sayahat Time» арнасының блогері:
– Біздің YouTube арнамыз қалыптасып қалған бірнеше таптаурынды бұзды. Біріншіден, қазақ аудиториясы тек шоу-бизнес пен өсек-аяң ғана тұтынады деген. Өйткені біз ұсынған контенттің орташа қаралымы – 200 мың адам. Халық танымдық контентке шөлдеп отыр. Яғни танымдық жобалар арқылы көрермен жинауға болады. Екіншіден, қазақша жобалардың аудиториясы аз деген. Қазақша жобаларды тек Қазақстан емес, Өзбекстан, Қырғызстан халқы да көреді. Оған біздің «Sayahat Time» YouTube арнасының статистикасы дәлел. Қазақстан – 72 , Өзбекстан – 13,8, Ресей – 8,5, Қырғызстан – 2,6, Оңтүстік Корея – 0,2 пайыз. Демек біздің аудитория – кемі 60 миллион адам! Қазіргі қазақша жобалардың көбі энтузиазммен жасалып жатыр. Бізде сапалы қазақша контент бар.
Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ,
«Abay Live»YouTube арнасының авторы, журналист:
– YouTube платформасында қай тақырыпты, қай бағытты таңдасаң да өз көрерменіңді табуға болады. Осы ретте, балалар контентіне аса үлкен мән беруіміз керек. Өйткені мемлекеттік телеарналардың контенті балаларға аздық етеді. Балақайлардың тілі қазақша шығуы үшін осы аудиторияға анимациялық болсын, танымдық болсын, контенттерді көбірек жасасақ, біз бұдан ұтылмаймыз. Қаржылық, идеологиялық тұрғыдан да пайдалы болмақ. Сол себепті қазір қолынан медиа контент жасай алатын азаматтар осы сегментке өте үлкен мән беруі қажет. Тағы бір айта кетерлігі қазір ғылыми және тарихи контентке де сұраныс өте көп.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»