Қоғам • 18 Қыркүйек, 2023

Балаларды қорғаудың заңдық негіздері

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Amanat» жетекшісі Ерлан Қошанов Мәжілістегі партия фракциясының жиналысын өткізді. Отырыста еліміздегі отбасы, ана мен бала құқығын қорғаудың қазіргі жағдайы талқыланды. Сондай-ақ жиында жұртшылықпен бірге әзірленген балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды.

Балаларды қорғаудың заңдық негіздері

Жиынды ашқан Ерлан Қошанов жас ұрпақтың балалық шағының барынша қауіпсіз әрі бақытты болуына жағдай жасау – Мемлекет басшысы саясатының және партия басымдығының бірі екенін атап өтті. Инклюзивті білім беру жолға қойылып келеді, «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр, бар­лық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілді, бала­ларға арналған әлеуметтік төлемдер де ұл­ғаюда. Келер жылдан бастап бұған дейін болмаған «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы іске қосылады.

«Балалардың толыққанды әрі бақыт­ты балалық шағы үшін мемлекеттік деңгейде барлық жағдай жасалып жатыр. Дегенмен, әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Солардың бірі – балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырды. «Amanat» партия­сы жұртшылықпен бірге осы заң жобасын дайындады», деді партия төрағасы.

Ерлан Қошанов бұған дейін партия әлеуметтік желілерде балаларды қорлаумен күресуге мүмкіндік беретін кибербуллингке қарсы заң шығару бастамасын көтергенін еске салды. Сондай-ақ балаларға психологиялық және өзге де көмек көрсету үшін партия жанынан «111» сенім телефоны ұйым­дастырылды. Бүгінге дейін «Amanat»-111 жедел қызметін» 47 мың­нан аса адам пайдаланған. Бұл жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру үшін осы жобаны Үкіметке беру ұйғарылды.

Жиын барысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, партия жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің жетекшісі Динара Зәкиева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасын таныстырды. Құжатта зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасын енгізу, балалар инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс үшін жазаны қатаңдату, озбырлық жасаған адамға психологиялық көмек көрсету курсын енгізу бойынша нормалар әзірленді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қатыгездікке, физи­калық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар үшін тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді.

Жаңа заң жобасында ұсынылған өзгеріс­тердің өзектілігі мен маңызды­лығын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та атап өтті. Іс-шара барысын­да партия хатшысы Шолпан Каринова, Мәжіліс депутаты Еділ Жаң­быр­шин, «Балалар қорғауында» қоры­ның директоры Жанар Ахметова, Түркістан облысы бойынша Бала құқық­тары жөніндегі уәкіл Гүлжан Вероцкая, «Қорғау-Астана» ҚБ басшысы Анна Рыль және жиынға қатысқан өзге де тұлғалар заң жобасын қолдап, пікір білдірді.

Фракция отырысын қорытындылай келе, партия төрағасы Ерлан Қошанов заң жобасын жұртшылықпен және мүдделі мемлекеттік құрылымдармен кеңі­нен талқылануының, құжатты тезі­рек қабылдаудың аса маңызды екенін атап өтті. Жаңа заң жобасы елімізде балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықпен күресудің мемлекет үшін жаңа тиімді құралы болуы керек.