Банк • 18 Қыркүйек, 2023

Ләззат Ибрагимова: Қазір компаниялар таланттарға таласып жатыр

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада іскер ортаға арналған ауқымды әрі маңызды іс-шараның бірі – «HUMAN CAPITAL FORUM-2023: Интеграция жалғасуда» халықаралық форумы өтіп жатыр. Адам ресурстарын басқару саласындағы әлемдік HR-сарапшылар мен ірі компания жетекшілері бір ортаға жиналып, өзара тәжірибе мен білім алмасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ләззат Ибрагимова: Қазір компаниялар таланттарға таласып жатыр

Жиында адам және қызметкерлер құқығы, еңбек нарығы мен кедейлікті жеңу мәселесі, еңбек дауларын реттеу, HR-мамандарын дамыту тәжірибелері жөнінде біршама маңызды мәселе талқыланып жатыр.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, қазір компаниялар елдегі дарындылар үшін бәсекелесіп жатқанын айтып өтті. Оның сөзінше, ІТ-мамандар мен мықты менеджерлер елімізде тапшы.

«Бүгінде қандай компания болсын бизнесті автоматтандыруға барын салады. Ал ол үшін білікті мамандар қажет. Ең дарындыларға қазір бәсеке қызу. Егер әлде бір маманның шын мәнінде мықты екеніне көзім жетсе, мен оны өзім шақырып, сөйлесуге тырысам», дейді Отбасы банк басшысы.

ж

Отбасы банктің адам ресурстары және ұйымдастыру қызметі жөніндегі департамент директоры Асыл Айтқұлов, HR-мамандары қашан да қолдау күтетінін атап өтті. Оларға дұрыс әрі уақытылы берілген бағыт пен мақсаты айқын тапсырмалар компания векторын дәл анықтап, ұжым қызметін дамытатынын атап өтті.

«Ұжым арасындағы корпоративтік мәдениет жоғары, біз әр қызметкерді естуге, онымен диалог құруға тырысамыз. Өскелең ұрпақтың «Идеялар банкін» қуана қарсы аламыз», деді ол.

Панельді сессия соңында әр компанияның басшысы түйін сөз сөйлеп, HR-саланы дамыту жөнінде ойларын ортаға салды. Ал біз халық арасында кеңінен танымал, ипотекалық нарықтағы салмағы ауыр, ірі қаржы институтының төрайымы  Ләззат Ибрагимованы тағы да сөзге тарттық.

«Біз жұмысқа әрдайым сарапшыларды, білікті мамандарды іздейміз. Коммерциялық банктерге қарағанда, junior-лармен жұмыс бастап, яғни аздаған тәжірибесі бар жас мамандарды алып, оларды оқытамыз. Біздің қызметкерлердің орташа жұмыс өтілі 6 жылды құрайды, бұл жақсы HR көрсеткіші. Коммерциялық ұйымдарда қызметкерлердің негізгі мотивациясы – жалақы болса, квазимемлекеттік сектор компаниялары кешенді тәсілдерді қолдануы керек. Біз өте либералдымыз, жастардың еркіндігін шектемейміз. Сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби өсуі мен мансабының жоғарлауына банк пен холдинг ішінде өте жақсы мүмкіндіктер қарастырылған. Банкте менеджер санатынан жетекшілік қызметке дейін көтерілген көптеген қызметкерлеріміз бар», деді Л.Ибрагимова

Сондай-ақ банк басшысы әр қызметкерге Отбасы банк миссиясын жіті түсіндіретінін жеткізді. Себебі бұл қызметтің түп-төркінінде игі амалдар, отбасылық құндылықтар, қазақстанның әрбір отбасын баспанаман қамтамасыз ету сияқты ізгі ниеттер жинақталғанын жеткізді.