Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Биылғы жаз маусымы ыстық, барынша құрғақ болды. Дәнді дақылдарын егіс танаптарына сіңірген соң жаз бойы көктен жауын тілейтін диқандар қауымы үшін бұл жайттың өзі санаға біраз салмақ түсіргендей еді. Дегенмен әредік болсын жауған жаңбырдың, басқа да қосымша шаралардың арқасында егін біршама жақсы шықты. Қашан да тас-түйін дайын отыратын шаруақор қауым орақ науқанына уақтылы кірісті. Алайда бірнеше күн бойы толастамай жауып тұрып алған ақ жауынның кесірінен олар орақты тоқтата тұруға мәжбүр болып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы диқандарының өтініші бойынша осынау дабыл қағарлық жағдайға байланысты Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Рахымжановқа хабарласқанымызда, халық қалаулысы мұндай ахуал бүгінде еліміздің кем дегенде төрт облысында – астықты аймақтар саналатын Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында қалыптасып отырғанын мәлім етті.
Жаз бойы жарытпай келіп, күз басталғанда мейірін төккен жауын-шашынның салдарынан диқандар егінді дұрыс жинай алмай жатыр. Егіс алқаптарының езіліп, ми батпаққа айналып кетуіне байланысты комбайндар танапқа еркін кіре алмайды. Егін жинауға техникалық мүмкіндік пайда болған күннің өзінде жоғары ылғалдылыққа байланысты фермерлер қазірдің өзінде алынатын өнімнің құнарын жоғалтқанын, соған сай құны түсетінін жақсы сезініп отыр. Сондықтан олар өздерінің егіске қатысты қаржылық міндеттемелерін күні ертең қалай өтейтініне алаңдаулы.
Кейбір диқандар егінін ептеп-септеп, жүріп-тұрып жинап та жатыр. Әдетте жаңбырдан соң тәртіп бойынша масаққа тимей, дәнді кептіру үшін 3-4 күн күту керек. Бұл оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бірақ арада жаңбырлы жарты айға жуық уақыт өтіп, бидай жерге қайта өсіп үлгерген. Егіннің бір бөлігін енді сақтап қалу, тіпті де мүмкін емес.
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы бір топ диқанның айтуынша, биыл гектарынан кемінде 20 центнерден өнім аламыз деп жоспарланған еді. Енді ауа райының қолайсыздығына байланысты гектарынан күтілгеннен ондаған есе аз, шамамен 2-3 центнерден ғана өнім аламыз деп болжап отыр.
Жақын күндері құрғақ ауа райы орнап, шыбынсыз жаз басталса да, фермерлер қазірдің өзінде бидайдың нарықтық құнының кем дегенде 50 пайызын жоғалтып алғанын айтады. Олар үшінші сортты астықтың нарықтағы 85 мың бағасы жағдайында, енді оны 40-45 мыңға да сата алмаймыз ба деп қорқады. Астықтың ылғалдылығы шамамен 30% құрайды, мұндай бидай тек мүйізді ірі қара малды бордақылауға жарамды. Элеваторлар ылғалдылығы 18%-дан жоғары бидайды қабылдамайды.
Биыл шаруалар келесі жылға тұқым сақтай алмайтын да түрі бар. Сондықтан оны шетелден сатып алып, келер жылы екі есе шығынға ұшырайды. Қазір шаруалар қолда бар техниканы да, малды да сатуды ойластырып жатыр. Өйткені олардың жұмысшылар мен банктер алдында міндеттемелері шаш етектен: субсидия, лизингке техника, химикаттар, тұқымдар алған. Міне, осылардың барлығымен есеп айырысуы керек.
Қалыптасқан ауыр жағдайға қынжылыс білдіре отырып, диқандар құзырлы органдарға өтінішпен шығып отыр. Шаруалардың негізгі өтініштері мыналар: егіс науқанына байланысты Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында төтенше жағдай жарияланса, бір жыл мерзімге қабылданған міндеттемелер бойынша кредиттік демалыс енгізілсе, өткен жылғы Жамбыл облысындағыдай ауа райының қолайсыздығы салдарынан өнімін жоғалтқан шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары қамтамасыз етілсе, 2024 жылға арналған егіс науқанына шаруаларды тауарлық несие түріндегі тұқыммен қамтамасыз етсе. Сондай-ақ елімізге ресейлік астықтың контрабандалық жолмен әкелінуіне тосқауыл қойылса дейді, соның салдарынан еліміздің диқандары бірнеше жылдан бері шығынға ұшырап келеді.
Осы арада Жамбыл облысындағы төтенше жағдай тәжірибесіне назар аударған жөн. Онда аймақтық ауқымдағы төтенше жағдай енгізіліп, су тапшылығынан егіннің жоғалуына байланысты шаруалардың шығынын жабу туралы шешім қабылданған болатын. Қаражат Төтенше жағдайлар министрлігінің резервінен бөлінді.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 4,5 млн гектар алқапқа егін егілген. Оның 3,4 млн гектарына астық жəне дəнді-бұршақты дақылдар, 685,8 мың гектар жерге майлы дақылдар, 28 мың гектар картоп жəне 5,5 мың гектар көкөніс отырғызылған. Жалпы, Солтүстік Қазақстан тəуекелді егіс аймағына жатады. Кейбір жылдары ала жаздай тамшы тамбайтын маусымдар да болады. Биыл да сондай жағдай көп кездесті, жауын-шашын аз болды. Тіпті, өңірдің кейбір аудандарында апталап, айлап тамшы тамбады. Соның салдарынан алқаптардың өнімділігі де ала-құла.
Соған қарамастан, барлық шаруашылық біткен егінді барынша шығынсыз жинап алуға жұмылған. Бұл күндері солтүстіктің егіс алқаптары мен элеватор жолдарында 13,1 мың трактор, 7,5 мың əртүрлі астық жинайтын комбайн, 4,6 мың дестелегіш, 1 мыңдай шөп шабатын техника, 5,8 мың жүк машинасы тынымсыз жұмыс жүргізіп жатыр. Мемлекеттің көмегімен биылдың өзінде 2 мыңға жуық жаңа техника сатып алыныпты. Биыл облыс шаруашылықтарын қолдауға мемлекеттен 63,1 млрд теңге бөлінген, соның 19,6 млрд теңгесі егіс жұмыстарына бағытталған.
Жоғарыдағы диқандар дабылына қатысты облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына хабарласқанымызда, басшының орынбасары Талғат Наурызбаев жоғарыдағы мән-жайларды алға тарта келіп, айдың басында сондай тығырыққа тіреген ахуалдың орын алғанын, қазір жағдайдың жақсарып келе жатқанын мәлім етті. Қалай дегенде де бейнеткеш диқандар қауымының талап-тілегі жерде қалмайтынына, барлық мәселелер кеңесіп, келісіп отырып, оң шешімін табатынына сендірді.
Осы салаға жауапты басқа да мамандардың пікірлеріне сүйеніп түйген ойымыз, аталған ауданда жиын-терін жұмыстарына қатысты алаңдатарлық ахуал бар болғанымен, төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ сияқты. Ендігі жерде құбылмалы ауа райының әрбір мүмкіндігін тиімді пайдаланып, бар қажыр-қайратты орақ науқанын ойдағыдай қорытындылауға жұмсаудан басқа жол жоқ.