Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2023

Байланыс байыпталып келеді

253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысымен экономи­калық, іскерлік қарым-қаты­нас­ты орнатуды көздеген елдер қатары артып ке­леді. Мұнай­лы өңірмен алыс-берісті, барыс-ке­ліс­ті нығайтуға бет бұрған­дар сауда-эконо­ми­ка­лық, инвести­ция­лық байланысты дамытуды көздейді.

Байланыс байыпталып келеді

Инвестиция құюға ынталы инвестор көп. Өзара ын­ты­мақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі тараптар экономиканың барлық секторын, оның ішінде мұнай-газ өнеркәсібі мен құрылыс индустриясын, ауыл шаруашылығын, туризм саласын бірлесе өркендетуді қолай көреді.

Қойнауы мұнай мен газ, өзге де табиғи байлыққа толы өңір мен өзге елдер арасындағы импорттың да, экспорттың көлемі азайған емес. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, биыл үш айда АҚШ-пен арадағы сыртқы сауда айналымы 50,1 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде импорттың үлесі басым – 49,6 млн АҚШ доллары. Ал экспорттың көлемі 436,9 мың АҚШ долларына жеткен.

Мұндай байланыс Балтық жағалауындағы елдермен де орнаған. Мәселен, әріптестік қарым-қатынастың нәтижесінде бес айда Атырау облысы мен Литва арасындағы сыртқы сауда айналымы 222,8 млн АҚШ долларына жетті. Қазір мұнайлы өңірде транспорт, тасымал бағытында литвалық үш кәсіпорын жұмыс істейді. Енді мұнда Литваның құрметті елшілігі ашылды.

Мұнайлы өңірге қызығушылық танытқан елдердің қатарында Грузия да бар. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, Атырауда Грузия Республикасы капиталының қатысуымен 16 кәсіпорын тіркелген. Бұл елмен сыртқы сауда айналымы биылғы қаңтар-мамырда 396,9 мың АҚШ долларын құраған. Атырау қаласынан Кутаиси бағытына аптасына 3 әуе рейсі қатынайды. Былтыр Атырау облысының 18 мыңнан астам тұрғыны Грузияға демалу үшін барған. Оның 6 мыңға жуығы «Borjomi Palace» санаторийінде ем алған. Ал биыл төрт айда 10 мыңға жуық атыраулық аталған елге саяхаттаған.

Енді Атырау мен Боржоми қалалары арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, туризм саласын бұрынғыдан да жандандыруға бағыт ұсталып отыр. Атырауға арнайы келген Боржоми қаласының мэрі Отар Арболишвилидің пікірінше, бірі мұнайымен, екінші минералды суымен аты мәлім шаһарлар бауырлас болуы қажет.

«Былтыр біздің қалаға Қазақстаннан 120 мыңға жуық адам демалуға келді. Кутаиси әуежайына келген жо­лау­шылардың 80 пайызы Боржоми қаласын таңдайды. Де­ма­лушылардың арасында атыраулықтар да бар. Біз Атырау қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнатуды көздедік. Сол себептен, екі қаланың басшысы Боржомиде кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум – бір-бірімізді қолдауға септігі тиетін достық пен ынтымақтастық құжаты. Бұдан былай біздің қалаға келетін атыраулықтар көбейетініне сенімдімін», дейді Отар Арболишвили.

 

Атырау облысы