Инвестиция • 19 Қыркүйек, 2023

Инвестиция әлеуеті

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Экономикалық зерттеулер институтының мәліме­тін­ше, биыл қаңтар-шілде аралығында Қазақстанда негізгі капиталға инвестициялар көлемі 8,1 трлн теңгеге жетіпті. Өсу қарқыны – 12,4 пайыз. Ақпан айында өсу қарқыны максималды белгіге жетіп (19,2 пайыз), кейін бұл көрсеткіш баяу­лады.

Инвестиция әлеуеті

ФОТО: inbusiness.kz

Институт мамандары өңдеу өнеркәсібіне инвести­ция­лардың құлдырауы жалғасып жатыр дейді. Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялардың үлесі өнеркәсіпке салынған инвестициялардың жалпы көлемінен көрсетілген кезең ішінде 11,1 пайызға дейін қысқарған. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы қаржыландырудың негізгі көзі – бизнестің меншікті қаражаты. Өңірлер арасында өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар көлемі бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр: 154,6 млрд теңге, бұл жалпы көлемнің 23 пайызын құрайды.

Жыл басынан сары ала жазға дейінгі аралықта шаруа­шы­лық жүргізуші субъектілердің өз қаражаты есебінен инвестицияларды қаржыландыру көлемі 6,1 трлн теңге болған. Алайда талданған кезеңде жалпы үлестің 76 пайызға дейін төмендеуі байқалады. Бұл банк кредиттері есебінен экономикаға инвестициялау үлесінің 2 пайызға дейін өсуі­мен және 2023 жылдың 7 айында 170,5 млрд теңгені құрауымен түсіндіріледі.

«Жеткізу тізбегінің өзгеруіне байланысты көлік инфра­құ­рылымын дамытудың маңыздылығы өзекті болып отыр. Талданып отырған кезеңде көлік және қоймалауға салынған инвестициялардың үлесі 7,3 пайыздан 11,9 пайызға дейін өсті және ақшалай баламада 966,6 млрд теңге (НКИ – 122,6 пайыз) болды», дейді институт сарапшылары.

Қазіргі уақытта еліміздің үш өңірінде инвестицияларда айтарлықтай өсуі байқалады: Абай облысы – 54,3 пайызға, Маңғыстау облысы – 45,9 пайызға, Батыс Қазақстан облысы – 31,9 пайызға. Абай облысындағы инвестициялар ағы­ны­ның артуы құрылысқа (16 есе), ауыл шаруашылығына (2,6 есе), көлік және қоймалауға (1,9 есе) және жылжымайтын мүлікпен операцияларға (1,5 есе) инвестициялардың өсуімен байланысты. Ал Маңғыстау облысы мен Батыс Қазақстан облысында дәстүрлі түрде тау-кен өнеркәсібіне инвестиция көлемінің ұлғаюына байланысты инвестиция қарқынды өсім көрсетіп жатыр.