Екібастұз – рекордшылар шаһары. Тек өндіріс аумағын ғана алатын болсақ, әлемдегі ең ірі кеніш пен ең биік өндірістік мұржа осында орналасқан. №2 МАЭС-тің зеңгір көкпен ұштасқан мұржасынан қашан қарасаңыз да будақ-будақ түтін шығып жатады. Мұндағы қос энергоблок жылына кемі 6 млрд сағат электр қуатын өндіріп, республикадағы электр энергиясының 6-7 пайызын қамтамасыз етіп отыр. 2021 жылы кәсіпорын өзінің алтын тарихында бұрын-соңды тіркелмеген рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, ел игілігі үшін 6,4 млрд сағат электр энергиясын берді.
Ірі ауқымдағы мұндай өндірістік көрсеткіштерді бағындыру ең әуелі кәсіпорындағы орта буын қызметкерлердің арқасы екені айтпаса да түсінікті. Стансада бүгінде 1 500-ден аса адам еңбек етеді. Соның ішінде Сейітжанов әулеті ерекше аталады. Әулеттің үлкені Қабиден Омарғалиұлының бұл еңбек ұйымындағы өтілі 29 жылдан асқан. Ал ағамыздың қосағы, қазандық жабдықтары бойынша машинист-аралаушы Галина Неғматқызы қуат өндіру саласына 30 жыл еңбек сіңірген.
– Аймақтық электр стансасында басқару пультіндегі блоктік жүйенің машинисі ретінде еңбек етемін. Негізі сонау Атбасар елінің тумасымын, 1994 жылы осы жаққа қоныс аударып келдік. Алған білімім энергетика саласына қатысты болған соң көп ойланбастан МАЭС-2-ге жұмысқа тұрдым. Қызық болғанда, біздің әулеттің мүшелерінің барлығы жылдар өте энергетика саласына әуес болып шықты, – деп жымиды Қ.Сейітжанов. – Тек өз отбасымнан үйдегі жеңгең ширек ғасырдан аса қазандықта машинист қызметін атқарса, үлкен ұлым Нұрсұлтан блоктік жүйеде аға машинист болып еңбек етіп келеді. Ұлым екеуіміз – 8-разрядты қызметкерміз. Кіші ұлым Жоламан жылу автоматикасында шебер, ал кенже қызым қазір Алматыда энергетика саласы бойынша магистратурада білім алып жатыр. Бұйырса, ол да еліміздің қуат өндіру саласын дамытуға өз үлесін қосады деп үміттеніп отырмыз. Бұдан бөлек, туған ағам Мұхитден Сейітжанов, өзге бауырларымның балалары, жиендеріміз бен келіндеріміз стансаның көрігін қыздырып, ел халқын қуатпен қамтамасыз ету үшін іркіліссіз жұмыс істеуде. Жалпы, Сейітжановтар әулетінен бұл кәсіпорында 11 адам бармыз.
Бұл әулеттен шыққан Ерлан Ғалиасқарұлының кәсіпорында – 25, Гүлбаршын Рахымбердіқызы – 21, Әсел Сайлауқызы – 16, Махаббат Маратқызы – 8, Думан Ермекұлы – 4, Айгерім Қасымханқызының 2 жылдық еңбек өтілі бар. Ал 16 жыл тапжылмай еңбек еткен Темірлан Сейітжанов қазіргі күні жылу автоматикасы цехында басшының орынбасары лауазымына жеткен. Әріптестері айналасына сыйлы, әрдайым көңілді жүретін Темірланның еңбегін ерекше бағалайды. Ол кәсіпорындағы көңілді тапқырлар клубының капитаны, кәсіпорын қызметкерлері балаларының демалысын қызықты ұйымдастыруда одан асқан шебер жоқ дейді бірге жұмыс істейтіндер.
«Еліміздің энергетика жүйесі саналатын Екібастұзда, осындай алып өндірісте жұмыс істеу – біздің әулетіміз үшін үлкен абырой. Сонау 90-жылдары тоқырау кезеңін бастан өткеріп, елмен бірге талай қиындықты көрдік. Қуат жетіспеушілігі салдарынан өңірлердегі жарықты кезегімен ажыратып, тәуліктің бір мезгілінде ғана жарық жанып тұратын уақыт болды. Қазіргі күні ол қиындықтар ұмытылып, қалаларымыз бен ауылдарымыз, үлкен жолдардың бойы түнде самаладай жарқырап тұратыны көңілімізге қуаныш ұялатады. Біз сияқты қарапайым энергетиктер әр отбасының шаңырағына жетіп тұрған жарықты мақтаныш, өз еңбегіміздің нәтижесі санаймыз. Түптеп келгенде энергетика саласы тәуелсіз Қазақстанның негізгі экономикалық секторына айналып отыр. Бұйырса, жақын жылдары №2 МАЭС-те үшінші энергиялық блок салынып, елдегі электр қуатының жетіспеушілігін еңсереміз. Жаңа блок орналасатын орын әлдеқашан дайын, тек монтаждаушы әріптестеріміз 625 мегаваттық қазандықтың жеткізілуін күтіп отырған жайы бар. Ал бұлардың кідіріссіз жұмыс істеуі үшін біздің де арқалайтын жауапкершілігіміз жетерлік», деп әңгімесін тарқата түсті Қабиден аға.
Электр стансасында арнайы дабыл қағылып, басқару пультіндегі қызметкерлердің кез келген жағдайға дайындығы тексеріледі. Басқару пультіндегі блоктік жүйенің барлығы компьютерге жалғанған демесеңіз, энергиялық блоктардағы әрбір көрсеткіш пен нормаларды тәулік бойы тапжылмастан бақылап, теңгерімін сақтау нағыз мамандардың ғана қолынан келетіні шын. Ал Қабиден Омарғалиұлы сияқты білікті мамандар жүйенің әрбір қадамын дөп басып, өндірістегі қос «алып жүректің» лүпілін қалыпты етуге өлшеусіз үлес қосып отыр.
Әулет үлкенінің пікірінше, отандық қуат өндірісінің өсуімен қатар, саладағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына мемлекет баса назар аударғаны абзал. Ең бастысы, жалақы деңгейі дұрыс болып, сапалы мамандарды ұстап қалуға басымдық берілсе дейді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бүгінде еңбек адамдарын құрметтеуге маңыз беріліп отыр. Президентіміз Әділетті Қазақстанда қарапайым еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілетінін, барлық жетістіктің бастауы адал еңбек пен іскерлік екенін талай мәрте айтты. Еліміздің алдында экономикалық және әлеуметтік үлкен өзгерістер тұрғаны байқалады. Осы мақсат жолындағы барлық бастамаға қарапайым еңбек адамдары тірек болатыны анық. Ал бүгінгі өміршең жобаларымызды өсіп келе жатқан ұрпақ жалғастырады. Менің балаларым мен немерелерім мәртебелі мамандықты әрі қарай игеріп, саланың бағын жандыра беретініне сенімдімін. Жастарымыз әрдайым жасампаздық пен жаңашылдыққа ұмтылса, жаман болмайды», дейді құрметті энергетик.
Айтып өтейік, Қабиден Омарғалиұлы ел Тәуелсіздігінің мерейтойлық медальдарымен, салалық Құрмет граматоларымен марапатталған. Әулеттің өзге мүшелері де лайықты марапат-сыйлықтан кенде емес. Сейітжановтардың тынымсыз тірлігі елдегі энергетика саласына қомақты үлесін қосуда деп қабылдаған дұрыс. Әулеттің әрбір мүшесі қуат өндіру саласының зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешсін дейміз.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы