
Әлі отызға толмаған жас жігіт жұмысты беріліп істеуімен өзге әріптестеріне үлгі-өнеге болып жүр. Бұланды ауылында орта мектепті бітіргеннен кейін алдынан мамандық таңдау туралы мәселе шықты. Өз айтуына қарағанда, Мирас Ақылжанұлы көп ойланбапты. Астана қаласындағы теміржолшылар колледжіне оқуға түскен. Техник құрылысшы мамандығын игерген. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін үш жылдай сауда менеджері болып қызмет еткен. Әйтсе де көңілдің қалауы әуел баста өзі құлай сүйген тылсым сыры мол техника әлеміне ауысса керек. Осылайша, өзі туған өлкедегі болашағынан үлкен үміт күттіретін жылу оқшаулау зауытына орналасқан.
Бұрын сәл бұйығы күн кешкен Макинск қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына тәп-тәуір үлес қоса бастаған зауыт жылу ұстағыштар шығарады. Орта Азияда теңдесі жоқ алып кәсіпорынды салуға жалпы құны 8 млрд теңге жұмсалған. 200-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз еткен зауыт ел ішіндегі жұмыссыздықты азайтуға да ықпалын тигізіп келеді.
– Базальт тасы – минералдық мақтаның шикізаты. Кәсіпорын 100 пайыз отандық өнім шығарады. Зауытта өнімділігі жоғары итальяндық қондырғылар орнатылған. Домна пешінде 1 600 градусқа дейінгі жоғары температурада базальт тасы ерітіліп, кейін арнайы қосындылар арқылы өнім дайындалады. Алдымен шикізат бункерге толтырылады. Сосын еріткіш пештен өткізіп, оған желім, ылғал өткізбейтін материалдар сияқты қосындыларды араластырылады. Қалыңдығы мен тығыздығын қажеттілігіне орай белгілеп, арнайы қондырғылардың көмегімен минералды мақта дайындалады, – дейді Мирас Ақылжанұлы.
Құрылысы қарқынды дамып жатқан елорда бірер жыл бұрын жылу сақтағыш материалдарды Ресейден тасымалдап келген. Енді құрылысқа қажетті зат іргедегі Бұландыда дайындалады.
Мирас Ақылжанұлы жұмыс барысында технологиялық үдерістердің мүлтіксіз орындалуын қадағалайды. Техникалық қызметкерлерге жетекшілік етеді. Әрі жұмыс орнында айтып келмес апаттан сақтандыру үшін техникалық қауіпсіздік жайлы әрбір жұмысшыға жеткізіп, жұмыс барысында талаптың орындалуын бақылайды. Цехтың құжаттарын толтырумен де айналысады.
– Шығарған өніміміздің талапқа сай болуын қатаң қадағалаймын, – дейді шебер. – Отандық жылу ұстағыш материалға деген сұраныс көп. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан бөлек ел ішіндегі құрылысқа да көптеп пайдалануда. Азаматтық және өнеркәсіптік құрылыста жылыту және дыбысты оқшаулау үшін қажетті материалдардың өзімізде шығарылуы – атап айтарлық-ақ дүние.
Әріптестерінің айтуына қарағанда, Мирас Ақылжанұлы – бойына іскерлік қасиеттерді молынан жинаған, тындырымды жан. Осы ілкімділікті жұмысты ұйымдастыру барысында дұрыс пайдалана біледі. Жастық жігері жалын атқан шебер ортақ іске әріптестерін жұмылдырып, өздері атқарып жатқан тынымсыз еңбектің нәтижелі болуын қалайды. Әрқашан өзіне тапсырылған іске жоғары жауапкершілікпен қарайтын ол өзгеден де соны талап ете біледі.
– Қазіргі күні өндірісте қазақ жастарын көп көре қоймайсың. Негізі жастардың оқып, білім алуына, кәсіп игеруіне мемлекет тарапынан қаншама жағдай туғызылып отыр. Демек, өздеріне сенім артылғаннан кейін жастар да техникалық мамандықты игеріп, жұмыс істегені жөн ғой, – дейді кейіпкеріміз.
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы