Ұлттық дельфий комитеті ойындарды өткізу, еліміздің жас таланттарының кәсіби дамуын қолдаумен ғана шектелмей, қоғамның қалыптасуын саралап, ел аумағындағы жаңа мәдени трендтерді талдап, насихаттаумен айналысады. Биыл Ұлттық дельфий ойындарының аясында комитет ұлы Абайдың Жиырма сегізінші қара сөзінің негізінде Астанадан, еліміздің алыс-жақын өңірлерінен және бірқатар өзге мемлекеттерден келген сарапшыларды пікір алмасу алаңына шақырып, «Адал азамат. Франкенштейн немесе болашаққа нық қадам ба?» стратегиялық сессиясын ұйымдастырғаны соның айғағы.
Ұлттық ойындар аясында Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйінде өткен кездесуге мәдениет, қоғам қайраткерлері, Халықаралық дельфий комитетінің мүшелері мен қазылар алқасы, Ыстанбұл консерваториясы өкілдері, Парламент депутаттары қатысты. Аталған стратегиялық сессиясының негізгі міндеті – қазіргі қоғамда Президент Жолдауында ескерілген адал азамат қалыптастыру үшін не істеу керектігі туралы бірлескен ұсыныстар әзірлеу. Мұнда қоғамдық құндылықтарға иек арта отырып, адал азамат қалыптастыру төңірегінде бірқатар пікірлер ортаға тасталды. «Қоғамдық дамуға ықпал етіп, аталған үдерісті жеделдетуге, жоғары мәдениетті дамыған қоғам қалыптастыруға әрбір азамат жауапты. Бірақ нақты бағыт-бағдар мен тұжырымды көзқарасқа бастайтын қадамдар болуы керек емес пе?», деген нақты шешімдерге жетелейтін ұсыныс айтылды. Сондай-ақ бұл сессия – әр адам көзқарасын көпшілік қауым арасына тастап, пікірлес адамдардың ортақ көзқарасына айналдыра алатын ауқымды жоба дегенді айтады ұйымдастырушылар.
Сонымен, 15-16 қыркүйек күндері еліміздің барлық өңірінен жиналған дарынды жастар Ұлттық дельфий ойындары қазыларының алдында Астананың әр жеріндегі мәдени орындарда өнер көрсетіп, бақтарын сынап жатты. Атап айтқанда «Фортепиано», «Скрипка», «Академиялық ән айту», «Бейнелеу өнері», «Сәндік-қолданбалы өнер», «Фотография», «Киім дизайны» аталымдары Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония концерт залы мен фойесінде; «Халық аспаптары», «Халық әні», «Халық биі», «Заманауи би» аталымдары Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының басты, кіші сахналарында; «Театр», «Көркемсөз оқу», «Фотография» аталымы М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында; «Ым-ишара тілінде ән айту», «Эстрадалық ән» аталымы «Жастар» сарайында өтті. Әр аталым бойынша үздік шыққан өнерпаздар 16 қыркүйек күні кешкісін Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның «Астана» концерт залында «Silk Way Creative Games» XIV Ұлттық дельфий ойындары жеңімпаздарының Гала-концертінде көпшілікке өнерлерін көрсетті. Бұлардың әрқайсысы алдағы уақытта Қырғыз Республикасында өтетін Халықаралық дельфий ойындары олимпиадасының биік шыңын бағындыруға аттанады. Олардың қатарында ұлттық аспаптар бойынша домбырадан атыраулық Оралбек Абылайхан (10-15 жас) мен Алидан Жаденов (16-21 жас), 10-15 жаста қобыздан қарағандылық Серікбай Рауан, атыраулық Дана Отар (16-21 жас), сырнайдан 16-21 жас аралығында астаналық Руслан Галькеев, халық әнін орындаудан 10-15 жас аралығында атыраулық Айсана Ілиясқызы, 16-21 жаста астаналық Дидар Шунаев, ал халық әнін ансамбльмен орындаудан астаналық «Назқоңыр» дәстүрлі әншілер ансамблі бар. Сондай-ақ фортепианодан қарағандылық Александр Волокитин (10-15 жас) мен алматылық Ашот Мхитарян бірінші орыннан көрінді.
Скрипкадан Әнел Данияр (10-15 жас) мен Дилназ Жанкушукова (16-21 жас) озып келді.
Халық биінен 10-15 жас арасында алматылық «Gami» би мектебі, 16-21 жаста «Салтанат ансамблі жеңімпаз танылды.
Заманауи билеуден бәйгені 10-15 жас аралығы бойынша тағы да сол алматылық «Gami» би мектебі, 16-21 жаста Ақмола облысынан келген хореографиялық «Polyanka» ұжымы иеленді.
Эстрадалық ән орындауда 10-15 жас аралығында астаналық Әділ Күнеділов, 16-21 жаста ақмолалық Алтынай Әйтен қара үзді.
Ымдап ән салудан 10-15 жас аралығында қызылордалық Жаңагүл Қадыр, 16-21 жаста қарағандылық Ернұр Сәмен топ жарды.
Академиялық әннен 16-21 жас арасында қарағандылық Жайна Жұма, 22-25 жаста астаналық Қадырбек Қалдар үздік шықты.
Декоративті қолданбалы өнерде 10-15 жас арасында жамбылдық Аружан Жомартбек, павлодарлық Ольга Панафидина (16-21 жас) жеңіске жетті.
Театр өнері бойынша 14-21 жас аралығында ақмолалық «Infinity laboratory» жеңімпаз болды.
Көркемсөз оқудан павлодарлық Айнара Досымжанова (16-21 жас) жеке келді.
Бейнелеу өнерінен 10-15 жас аралығында павлодарлық Анастасия Зеленькевич, тараздық Нұрбол Оспан (16-21 жас) озық көрінді. Аталған жеңімпаздар халықаралық додада ел намысын қорғайды.