Күрес • 18 Қыркүйек, 2023

Қола – қолда, алтын – алда

181 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері күрес түрлерінен Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші жарыс күні еркін күрес шеберлері алғашқы жүлделерді сарапқа салды. Біздің балуандар арасынан Азамат Дәулетбеков қола медаль үшін таласса, Өсімжан Дастанбек жұбаныш белдесулерде бақ сынады.

Қола – қолда,  алтын – алда

86 кило салмақтағы Азамат Дәулетбековтің литвалық До­мантас Павлюченко, ресейлік Арс­лан Багаев және Рақым Ма­гамадовты ойсырата ұтып, жар­тылай финалда АҚШ-тың атақ­ты балуаны, Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы Дэ­вид Тэйлорға жол бергені жа­йында біз бұған дейін де хабарлағанбыз. Үшінші орын үшін бәсекеде қандасымыздың жолы Бахрейннің туы астында өнер көрсетіп жүрген да­ғыс­тандық Магомед Шәрі­повпен қиысты. Бұл белдесуде ұтылып жатқан Азамат қар­сыласын жығып алды да, артына шығып, соңғы секундта же­ңісті Магомедтің уысынан жұлып әкетті. Есеп – 4:3. Осы­лайша, Дәулетбеков әлем чем­пионатының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Былтыр дәл осы Белградта ол үшінші орынға табан тіреген еді. Со­нымен қатар Азамат Париж Олимпиадасының лицензиясына да иелік етті.

Ал 61 кило салмақтағы Өсім­жан Дастанбек жұбаныш бәсекесінде жеңіліс тапты. Оның алдында Санжар Досжанов (70 кило) пен Юсуп Батырмұрзаев (125 кило) тұсаукесер кезде­сулерінде тізе бүккен болатын. Жоғарыда көрсетілген салмақ дәрежелерінде мына балуандар жеңіс тұғырына көтерілді:

61 кило: 1. Виталий Оруджев (АҚШ), 2. Абасгаджи Магомедов (Ресей), 3. Тайырбек Жұмашбек (Қырғызстан) пен Шота Пар­тенадзе (Грузия).70 кило:

  1. Әмир Яздани (Иран), 2. Зейн Резерфорд (АҚШ), 3. Рамазан Рамазанов (Болгария) пен Арман Андреасян (Армения). 86 кило: 1. Дэвид Тейлор (АҚШ), 2. Хасан Яздани (Иран), 3. Майлс Амине (Сан-Марино) мен Азамат Дәулетбеков (Қазақстан). +125 кило: 1. Әмір Заре (Иран), 2. Гено Петриашвили (Грузия). 3. Таха Акгюл (Түркия) мен Мэйсон Пэррис (АҚШ).

Жарыстың екінші күні тағы төрт салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтіп, жүлделі орындар үшін таласатын апай­төс­тер анықталды. 57 кило сал­мақтағы Мейрамбек Қартбай Пуэрто-Риконың өкілі Да­риан Тои Круз (+5:5) бен Мы­сырдың мықтысы Гамаль Мо­хамедті (10:0) сүріндірді. Ши­рек финалда ол Еуропа чемпионы (U-23), германиялық Ник­лас Штехелені (4:1) шаң қап­тыр­ды. Бірақ жартылай финалда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы, жапониялық Рей Хигучиге (0:11) жарытып қарсылық көрсете алмады.

70 килолық Нұрқожа Қай­­панов эстониялық Эрик Рейн­­бокты (10:0) ойсырата ұт­қа­нымен, келесі кезеңде То­кио Олим­пиадасының қола жүл­дегері, әлемнің төрт дүркін чем­­пионы, америкалық Кайл Дейк­ке (4:9) әлі жетпеді. 79 кило салмақтағы Болат Сақаев канадалық Джасмит Пхулка (12:1) мен болгариялық Михаил Георгиевті (7:1) еш қиналмай ең­сергенімен, ширек финалда әлем біріншілігінің (U-23) жеңімпазы, грузиялық Владимир Гамкрелидзенің (1:8) осал тұсын таба алмады.

92 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ризабек Айт­мұханға айрықша риза болдық. Бас­тапқы бәсекелерде ол ма­жарстандық Балхаш Юхас (13:3) пен Түркияның аса дарын­ды балуаны, Еуропаның екі дүр­кін чемпионы Фейзолла Ақ­тюрктің (11:0) тас-талқанын шығарды. Жартылай финалда был­тырғы жылғы әлем және құрлық чемпионаттарының қола жүлдегері, грузиялық Мириан Майсурадзені 8:1 есебімен атойлап жеңді. Сөйтіп, Ризабек Айтмұхан финалға шықса, Мей­рамбек Қартбай қола медаль үшін таласады. Ал Нұрқожа Қай­панов пен Болат Сақаев жұ­баныш белдесулерде бақ сынайды.

Ал бұл салмақ дәреже­ле­ріндегі финалдық сайыстар мына еркін күрес шеберлері арасында өтеді: 57 кило: Рей Хигучи (Жа­пония) – Стеван Мичич (Сер­бия), 74 кило: Заурбек Си­даков (Ресей) – Кайл Дейк (АҚШ), 79 кило: Ахмед Усманов (Ресей) – Владимир Гамкрелидзе (Гру­зия) және 92 кило. Ал Ризабек Айт­мұхан (Қазақстан) мен Осман Нурмагомедов (Әзербайжан) арасындағы финалдық бел­де­судің жеңімпазы – қазақ балуаны. Ол хабар бөлек беріліп отыр.