Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, керуен сарайдың орны алғаш рет 1950 жылы зерттелген. Алғашқы зерттеуді этнограф Сергей Толстов бастаған. Одан соң ұлттық археология мектебінің негізін қалаған әйгілі археолог Әлкей Марғұланның жетекшілігіндегі экспедиция зерттеу жұмысын жалғастырған.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Таскешу керуен сарайының орнына археологиялық қазба жүргізу қайта жанданыпты. Мәселен, облыстық тарих және археология орталығы 2008-2010 жылдар аралығында үш кезеңдік зерттеу жүргізген. Облыстық тарихи-өлкетану музейі 2012-2013 жылдары археологиялық зерттеуді қолға алған екен. Арада сегіз жыл өткеннен соң 2021 жылы қазба жұмыстары қайта жалғасын тапқан. Биыл 29 мамырдан 17 шілдеге дейін далалық археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
«Археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде Таскешу керуен сарайының қақпа бөлігі, 14 бөлме, 3 суфа мұнарасы, тандыр ошақтың пештері толықтай ашылды. Жалпы көлемі 800 шаршы метр аумақтан топырақ алынды. Бұл тарихи кешен Алтын Орда дәуірінде Сарайшық қалашығынан шығып, Орталық Азияға бағыт алған сауда керуендеріне қызмет көрсеткен. Қазба кезінде керуен сарайдың аумағынан 4 күміс, 26 қола монета шықты. Тоқтамыс хан мен Өзбек хан дәуіріндегі керамикалық ыдыстардың фрагменттері, моншақ және шығыр бөліктері, әртүрлі із сақталған стандартты кірпіш тастар анықталды. «Таскешу» керуен сарайынан солтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде Алтын Орда кезеңіндегі мекенжайлар, тұрғын үйлердің орны, Алтын Орда хандарына тиесілі 5 күміс теңге, қола тиындар табылды», дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Мира Дәулетбаева.
Оның айтуына қарағанда, ортағасырлық Сарайшық қалашығында 700 шаршы метр аумақта археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК-ға тапсырылған. Жұмыстың орындалу мерзімі – шартқа қол қойған күннен бастап 60 күн. Сондай-ақ Қызылқоға ауданындағы Қарақұдық-1, Қарақұдық-2 қорғандарында «Нұрсат» жеке кәсіпкерлігі қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Енді Қарабау-2 қорғанына археологиялық зерттеу жүргізу үшін конкурс жариялау жоспарланып отыр.
Атырау облысы