Сұхбат • 19 Қыркүйек, 2023

Мақсатын заңмен ұштастырған сала сардары

311 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның жеті жарғысы сынды тарихта таңбаланған адамзат баласының әділ өмір сүруі мен құқығын қамтамасыз етіп, қоғамда бейберекетсіздіктің орын алмауын көздеген құнды құжаттар көне заманнан мұраға қалып келеді. Тәуелсіз ел атанып, еңсе тіктеген шақта біздің де Ата Заңымыз қабылданды. Өткен жылы жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Конституцияға біраз өзгеріс енгізілгені де мәлім. Содан бері Конституция әр азамат өмірінің құрамдас бөлігі ретінде жұмыс істеп келеді. Заман өзгерсе де, мамандық иелерінің жұмысы артпаса, еш азаймайды. Еңбек жолын сонау 70-ші жылдарда бастаған ардагерлер Қазақстанның түрлі кезеңдердегі қиын-қыстау әрі гүлденген тұстарына куә болған. Осы орайда заң саласында 63 жыл қажырлы еңбек еткен 83 жастағы ардагер Айшагүл Күзембаевамен жүздесіп, жылы әңгімелестік.

Мақсатын заңмен ұштастырған сала сардары

- Айшагүл апа, заң саласында 63 жыл бойы талмай еңбек еттіңіз. Бұл саланы таңдауыңызға не немесе кім себеп болды?

- Шыны керек, өзім де заң саласына түсуіме не түрткі болғаны жайлы көп ойландым. Жүрек қалауы, балалық шақ, орындалмаған арман. Заңгер атанғаным әкеме байланысты.

Өкінішке қарай, «әке – асқар тау» деген сөз мен үшін таңсық болатын. Өзім 1940 жылы Қызылорда облысы Қаратоғай қыстағында тудым. Ал әкем Әділбек Күзембаев 1941 жылы соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кеткен еді. Оң-солымды танымаған шақта әке мейірімін сезіну бұйырмаған екен. Бала қиялына салынып, әкешімнің бейнесін елестетіп, соғыстан оралған мезетте қасына жүгіріп барып, ыстық құшағына оранатын сәтті жиі армандайтынмын. Біреулердің «қасына өзге ұлттың әйелін ертіп, майданнан Еуропа жаққа тартқан болар», «фашист қолынан қаза тапқан болар» деген сөздерін жиі естісем де, «жоқ, әкем тірі» деген үміт жетімдіктің азабын сәл болса да тыныштандырып, көңілденіп қалатынмын. Кейін кіші інім Бегалыға да «әкеміз батыр» деп мақтанышпен айтатын едім.

Жылдар өтсе де әке жайлы еш хабар түспеді. Заң саласын ең жақын адамымды іздеп табу үшін таңдадым. Сөйтсем, мансабымның 63 жылы осындай мақсатпен өтті...

- Мансабыңызды қалай бастадыңыз?

- Заңгерлік қашанда күрделі сала болып есептелген. Оған кез-келген адамның құлқысы жете бермейтін. Қазірдің өзінде де бұл сала тек үздік мамандар мен өз ісінің майталман шеберлерін қажет етеді.

50-60 жылдары ауылдан шыққан қарапайым қазақ балалары оқуға, әсіресе заң факультеттеріне оңайлықпен түсе алмады. Ең алдымен құрылыста 3 жыл жұмыс істеп, үлкен білім ордасындағы оқуды артынан армандайтынсың. Мектепте үздік оқушы атанып, комсомол бригадасымен құрылыста жұмыс істедім. Азын-аулақ тәжірибе жинап, елдегі маңдай алды оқу орны - Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетке конкурссыз қабылдандым. Беделді университеттің заң факультетін үздік бітіріп, жолдамамен Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласына аттандым. Сөйтіп, Қарағанды прокуратурасына тергеуші болып орналастым. Ең қиын әрі ең қызықты шақ осы кез. Жұмысқа енді орналасқан жас мамансың, түк білмейсің, теориялық біліміңді іс жүзінде көрсетуге машықтанасың. Қатал әріптестеріңнің қатаң тәртібінен өтесің. Осылай жүріп, қасақана немесе абайсызда жасалған ауырлығы орташа талай қылмыстардың бетін аштым. Нысанына байланысты жеке адамға, отбасына және кәмелетке толмағандарға, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне, мемлекеттің конституциялық құрылысына не қауіпсіздігіне, меншік, оның ішінде экономикалық қызмет саласындағы, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстардың барлығы біздің назарымызда болды.

Негізгі жұмысымнан қолым сәл босағанда әкем жайлы деректерді де іздеуге тырысатынмын. Қарағанды облысында Күзембаев атындағы шахта бар екенін біліп, анық-қанығын білуге тырыстым. Сөйтсем, ол әкем емес екен. Үміт оты сондай ғой, қашанда лаулап тұрады...

Осылайша, Қарағандыда 6 жыл жұмыс істеп, отбасылы атандым. Кейін жолдасым Болат Рыспаев екеуіміз Қызылорда облысына аттандық. Жалғыз інім әскерге кетіп, анам Ақжарқын жалғыз қалған еді. Көшуге осы себеп болды. Қол қусырып отырмай, облыстық прокуратураға жазған хатым мақұлданып, қалалық прокуратураға аға тергеуші қызметіне кірістім. Сол жерде де 5 жыл бойы абыройлы еңбек етіп, облыстық прокуратураға ауыстым. Алдағы алты жыл бойы бөлім басшысы қызметін атқардым.

1977 жылы Қармақшы ауданының судьясы қызметіне тағайындалдым. Бұл қызметте де мол тәжірибе жинап, құқық саласында шыңдалдым. Судья қызметі сыртқы өлшемдермен өлшенбейді. Ерекше лауазым иесінің шынайы бейнесін оның шығарған үкімдері мен шешімдерінің мән-мағынасы, ішкі иірімдері, түптеп келгенде, жеке тұлғаның ар-ожданы айқын­дайды. Судья шешім шығарған кезде ешбір сыртқы ықпалдарға бой алдырмауы, құлақ түрмеуі тиіс. Бұл заңда жазылған. Әділетті үкім шығару үшін  тәжірибе мен біліктілік қана емес, өмір мектебі де талап етілетінін осы шақта ұқтым. Әділдіктің ең жоғары сатысына тек мықты судья­лар ғана өрлей алады. Мен де сондай болуға тырыстым, басты мақсат – халық сеніміне ие болу еді.

1982 жылы анам онкологиялық ауруға шалдығып, Қызылордаға оралуымызға тура келді. Енді сот саласынан адвокатура меңгерушілігіне ауыстым. Анашымның сырқаттанып жатқанын көргеннен болар, әкем жайлы ойлар жиі мазалай бастады. Анам мәңгі сапарға аттанбас бұрын ерте айырылған сүйіктісі, екі баласының ғана емес соғыстың қанды жылдарында қамқорлыққа мұқтаж болған әр бақытсыз жанның жанашыры жайлы хабар алса деген ниет әрекетке жетеледі. Осылайша, іздестіру жұмыстарын жандандырып, біраз кедергіге де кезіктім. Әйтеуір, жылдар бойы күткен хабар келді. Онда: «1941 жылы майданға шақырылған Әділбек Күзембаев атқыштар полкында болған. 1944 жылы жау қолынан қаза тапқан» делінген. Өкінішті, бірақ шындығын білдік, жылдар бойы мазалаған мәселенің түбіне жеттік. Көп ұзамай, 1984 жылы анам да ауыр дерттен көз жұмды. Не болса да өмір жалғасын табады. Зейнет жасына дейін адвокатура саласында жұмыс істедім, зейнетке шыққаннан кейін де жұмыстан қашпадым. Күні бүгінге дейін жас мамандар кеңес сұрап келеді, түрлі мәселеге басын ауыртқан қарапайым халық та жүгінеді. Адвокатураның бір тиімді тұсы – жұмыс істеймін десең, қалағаныңша істей бересің, үйде отырып та ешкімнің бетін қайтармаймыз.

- Заң саласында жүрген соң қызмет жолында әлеуметтік мәселелердің шешімі де табылған болар. Қиын сәттер болды ма? Жалпы, қандай қызықтарды бастан кешірдіңіз?

- Кез-келген қызметтің өз қиындықтары болады. Өмір де сонымен қызықты. Мәселен, тергеуші мамандығы қырағылық пен төзімділікті, қызығушылық пен ақылды талап етеді. Бұл мамандықтың иелері қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы, Қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес, істі жан-жақты зерттейді. Адам тағдырына деген жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. 

Тергеуші қызметінде жұмыс істеген шақ туралы айтар болсақ, бұл саладағы ең бірінші жүргізген ісім есіме түседі. Қайтсе де, алғашқы жетістігіңнің жемісін көргенде ерекше мақтанышпен қуанасың ғой.

Біз бұны өз арамызда «Пустоваловтың ісі» деп атадық. Бұл қылмыскердің тегін ешқашан ұмытпаспын. Қарағанды полицейлері 5-қабаттан секіріп көз жұмған әйел туралы хабар алады. Тергеу жұмыстары кезінде қасақана жасалған қылмысты дәлелдейтін еш айғақ таба алмаған құзырлы орган қызметкерлері жәбірленушінің қазасын «суицид» деп танып, жылы жауып қояды. Бірақ уақыттан кейін бұл іске менің де көзім шалып кетеді. Іс материалдарымен мұқият таныстым, шынымен де өзіне қол жұмсау фактісіне ұқсап тұрды. Алайда ішкі түйсігім дауа бермей, бір гәптің барын сездім. Сараптама нәтижелерін зерттеп отырып, әйел адамның өліміне басқа біреу себепші болғанын түсіндім. Қылмыс жасалған жерге барып, үйдің әр бұрышын зерттеуге кірістім. Сөйтіп жүріп, зорлық-зомбылықтың іздерін байқадым. Көрші-қолаңнан да жауап алдық. Ақыры қылмыскердің ізіне түсіп, Пустоваловты қамауға алдық. Ол өз кінәсін мойындап, істің анық-қаныған айтып берді. Шын мәнінде, бұл кісі жәбірленушінің үйіне баса-көктеп кіріп, әйелді зорлап, ұрып-төпелеген. Кейін 5-қабаттан лақтырып жіберіпті. Осылайша, сот қылмыскерді 15 жылға бас бостандығынан айырып, темір торға тоғытты.

- Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін іс жүргізу қызметінде не өзгерді? Жұмыс көбейді ме? Заңбұзушылықтар азайды ма?

- Шыны керек, 80-90 жылдарға қарағанда қазір қылмыс саны көбірек. Мысалы, бұрын есірткі саудасы, адам өлтіру, әйел мен бала зорлау сынды қылмыстар аз еді. Болған күннің өзінде де бұндай істер қоғамда резонанс тудырып, өте қатты сыналатын. Ал қолын жазықсыз адамның қанына малған қылмыскерлер ауыр жазаға тартылатын. Бір жаман жағы – зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер, даулы халықтың сынынан қорқып арызданбайтын, мәселелерін ортаға шығармайтын. Ал қазір әйел құқығын қорғайтын ұйымдар ашылып, бассыздықтың алдын алып жатқаны қуантады. Бүгінде қатыгездікпен адам өлтіріп, марқұмның денесін қоқысқа лақтыру фактілері азайды деп ойлаймын. Бірақ беті ашылмай қалған немесе жылы жауып қоя салған істердің саны қаншама...

Шүкір, Қазақстан заманауи әрі озық технологияларын дамытып, халықаралық аренада беделді болды. Ел азаматтары да - ертеңгі болашақты құрастыратын сауатты қыз-жігіттер. Алайда, технология дамыған сайын алаяқтық саны да үдей түседі. Әсіресе, интернеттегі алаяқтық белең алды. Интернетте «бір түймені» басып онлайн несие берілетіні туралы жарнама өте көп. Алаяқтар осыны пайдаланады. Ол болмаса, әйтеуір, айланың басқа бір түрін ойлап табу қиын емес бүгінде.

Қазір елімізде ермек үшін есірткі шегіп, жеңіл ақша табу жолында таратып жүргендер туралы әңгіме көбейді. Есірткінің заңсыз айналымы көбейгені, «қоғамның жаңа дертін» үрімдей жас балалар таратып жатқаны қынжылтады, әрине.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елімізде қылмыс саны күрт артып, ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеті белең алған еді. Күш көрсету, қорқыту-үркіту арқылы өзгенің мүлкін тартып алу, бір сөзбен айтқанда «рэкет» өршіді. «Рэкетирлерден» қарапайым халық көп зардап шекті. Ал қазір – тоқшылық заман, керегіңнің бәрі дүкен сөрелерінде қаптап тұр, кәсіпкерлерге де мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Қазақстан көркейіп жатыр.

- Айшагүл апа, заң саласының ардагері ретінде жас мамандарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Заңгерлік білім мен құқықтық мәдениетті насихаттау, заңгерлік ойлау қабілеті бар дарынды әрі шығармашыл жастарды қашанда қолдау қажет. «Қазір екінің бірі - юрист» дейтіндер заң саласы өте күрделі екенін түсінбейтін болар. Алайда билік жаңа заң әзірлейді, оны қолданысқа енгізеді. Қоғам да бір орында тұрмай, дамып жетіледі. Қазақстанға жай ғана білікті мамандар ғана емес, адам құқығын бірінші сатыға қоятын, Ата Заңымызды толық білетін, оны ұтымды пайдаланатын сауатты заңгерлер қажет. Ол үшін заңмен, маңызды құжаттармен «дос» болу қажет.

Өз ісіне адал заңгер әрдайым ізденісте болып, өзін-өзі дамытып отыруы керек. Осы тұста сот залындағы отырыстарға барып тұруға кеңес берер едім. Бүгінде сот залындағы отырыстар ашық түрде өткізіледі. Жастар дербес ойлау сынды шығармашылық қабілеттерін дамытып, өз ойларын ұсынса құба-құп. Ал мемлекет осындай білікті кадрларды қолдау мақсатында жағдайларын жасау керек.

- Әңгімеңізге рахмет.