Қоғам • 19 Қыркүйек, 2023

Болмысы бөлек туынды

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Меценат.кз» тәуелсіз әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты, жазушы, публицист Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романының тұсаукесер рәсімі жасалды. Онда автордың аталған шығар­масы жан-жақты талданып, әдебиетшілер мен сыншылар пікір бөлісті.

Болмысы бөлек туынды

Іс-шараны жүр­гізіп отырған Мемлекеттік сый­лық­тың лау­реаты, белгілі журналист Сауыт­бек Абдрахманов Шар­­хан Қа­зығұлдың романын отандық көркем шы­ғар­мадағы жаңашылдық ре­тінде жоғары бағалады. Атап айтқанда, шығармадағы локация байлығына тоқталып, Әбді­жәміл Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегідей» тіршілік негізі судан бастап, Қазақстан даласынан өрбіген оқиға Ауған­стан, одан құрлық асып Америкада жалғасып, туған елге оралған қазақтың жан азабы мен тағдыр-талайы арқылы жазушы ХХ-ХХІ ғасырдағы үш буын өкілінің уақыт кеңіс­тігін қам­­тыған. «Роман әлеу­мет­тік фи­­лософиялық шы­ғармаға ке­лің­­кірейді. Ең басты нәрсе, туын­­ды қазақтың рухын кө­те­ре­ді», деді Сауытбек Абдрах­манов.

«Шығарманың атауы айтып тұрғандай, адам баласын толғандыратын мәңгілік сұ­рақ­тар жан азабынан туады. Туған топырағы Аралға 37 жылдан соң оралған Әбу кү­рескер рухының арқасында азамат болып өсіп-жетілгенін көрген әкесі Ерденнің қайсар да асқақ бейнесі сүйсіндіреді. Жан толғанысынан туындай­тын сұрақтардың жауабын осы әкелі-балалы жандар тағ­дырынан, өмірдің мәнін жүрек, санамен түйсінген әре­кет-та­­ны­мынан тануға болады», деді қоғам қайраткері, қаламгер Мә­­ди Айымбетов.

Жазушы-драматург Роза Мұ­қанова «Күлпет» романы қазақ қоғамында айтулы оқи­ғалардың бірегейі болғаны рас. Ешкімді қайталамайды.  Жанын жеген кейіпкер арпалысы, ол арпалыс күйзеліске емес, еркін­дікке, адам жанының азат­тығына ұмтылдырады» деп автор­дың бірден роман жазып шыққан батылдығын үлгі етті.

«Күлпет» кітабына редак­торлық еткен филология ғы­лым­дарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы, Сенат депутаты Нұртөре Жү­сіп, Мәжіліс депутаты Ер­мұ­рат Бапи, әдебиет сыншысы Аман­гелді Кеңшілікұлы шығар­ма­ның әр қырына тоқ­талып, сү­белі пікір айтты.

«Менің ойымша, әлі де терең­­дете түсетін тұстар бар. Мәселен, Әбу мен Әсел екеуі арасындағы ма­хаббат­ты терең­дете түсу керек. Тақырып тың, қазақ әдебиеті үшін жа­ңа тақырып. Автор си­туа­ция тудыра білген. Артық­шы­лық­тарымен қатар, әлі де болса ши­рататын жерлері бар», деді сын­шы Амангелді Кеңшілікұлы.