– Біз осындай бастама көтердік, бірақ ешкімді міндеттемейміз. Кімге ұнамды, кисін. Кигісі келмесе, мектептің бекітілген формасымен келе береді. Кейбір отбасыларының қолдары қысқа болуы себепті ұлттық үлгідегі киімдерді тіктіре алмауы да мүмкін. Соның бәрін ескере келе міндеттеуді артық көрдік. Бірақ бастама ата-аналар тарапынан жақсы қолдау тапты. Ұлттық киім кию оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де, техникалық қызметкерлерге де қатысты, – деген мектеп басшысы Дана Бақтыбайқызы бастама түсіністікпен жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Бірнеше сыныптарды аралап көрдік. Балалармен де, мұғалімдермен де пікірлестік.
– Сынып болып бәріміз біртүстес киім тіктіруге келістік. Ата-аналарымыз қуана келісіп жатыр. Тігінші де өз арамыздан табылды. Айдана Кеңбейілова есімді апамыздың қолы шебер екен. Барлық балаға сол кісі өзі тігіп беріп жатыр, – дейді 4 «А» сыныбының жетекшісі Алтынай Бектасова.
Бұл шаруа мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Баянбекованың тікелей бақылауында көрінеді.
– Бәрі бірден бола қалмайды ғой. Бұрын Наурыз, Тәуелсіздік мерекесі кезінде қазақы нақышта киінетін болсақ, енді апта сайын бір күнді осылай белгілеп отырмыз. Мүмкін, сөйте-сөйте мектеп формасын ұлттық нақышқа өзгертерміз. Мұны келешек көрсетеді. Әсіресе төменгі сынып оқушыларының қызығушылығы басым екені байқалады, – деген ол ұлттық киімді насихаттаудан жалықпау керектігін айтады.
Ғұлама Қаныш атындағы қаланың батыр Баукеңнің есімін иеленген мектеп-гимназиясының бұл бастамасы баршаға жұғысты болғай!
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы