Ең соңғы межеде жүйріктеріне қамшы басып, алға озып шыққан Жетісу облысының командасы жеңімпаз атанып, бас жүлде – 18 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен марапатталады. Ал екінші орын иеленген Ақтөбе облысының командасы – 16 млн теңге, үшінші орын иегері Алматы қаласының командасы – 9 млн теңгені қанжығасына байлады. Төрешілердің шешімімен, мәреге төртінші болып жеткен Абай облысының командасына 5 млн теңге берілетін болды.
Он төртінші күннің қорытындысы бойынша, Жетісу облысы – 93 сағат 47 минут 43 секунд, Ақтөбе облысы – 95 сағат 06 минут 37 секунд, Алматы қаласы – 104 сағат 23 минут 57 секунд, Абай облысы – 112 сағат 12 минут 46 секундта мәреге жетті.
Сонымен қатар бұл жолғы жорықта Маңғыстау облысының 21 жастағы шабандозы Мағжан Абдолұлы «Шағырайторы» деген атын Гиннестің рекордтар кітабына енгізуі мүмкін. Ол 1 300 шақырымның соңғы 50 шақырымын бағындыруға таңғы сағат 07:10-да аттанып, Түркістандағы мәре сызығын 08 сағат 44 минут 09 секундта бірінші болып кесті. Астанадан Түркістанға дейінгі 1 300 шақырымды бастан-аяқ бір ғана атпен еңсеруді мақсат еткен «Рекорд» командасының құрамы Астана қаласы, Маңғыстау мен Жетісу облыстарының шабандоздарынан құралған.
«Мәреге Жетісу шабандозы екінші болып келсе, артынша Астана шабандозы жетіп, «Рекорд» командасы діттеген мақсатын орындады. 1 300 шақырымды 1 атпен бағындырған азаматтар 1-орын үшін – 2,5 млн теңге, 2-орынға – 2 млн теңге, 3-орынға – 1,5 млн теңге көлемінде сыйақы алды. «Рекорд» командасының нәтижесіне тоқталсақ, Маңғыстау облысының жылқысы 1 300 шақырымды 98 сағат 44 минут 47 секундта бағындырды. Ал Жетісу облысының тұлпары 100 сағат 04 минут 34 секундта еңсерді. Үшінші, астаналық сәйгүліктің уақыты 104 сағат 28 минут 11 секундты құрайды», дейді ұйымдастырушылар.
Олардың айтуынша, командасы жарыстан шығып қалса да, жорықты өз еркімен жалғастырып, 1 300 шақырымды жеке дара бағындырған 10 шабандоздың әрқайсысына төрешілердің шешімімен 1 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық берілді.
Бұл ғана емес, екі апталық аламанға қатысып, аттылы шабандоздармен бірге 1 300 шақырымды бағындырған Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, елге белгілі велошабандоз Раббим Борашовқа да төрешілер «Ең үздік жанкүйер» номинациясын белгілеп, 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындады. Айта кету керек, Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасына жанкүйер велошабандоз бұған дейінгі марафон-бәйгеге қатысып, Түркістанға дейінгі 1 200 шақырымды бағындырған еді.
Жалпы, 5-19 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1 300 шақырымнан аса қашықтықты басып өтті. Марафон 14 сатыға бөлінген. Еліміздің 19 өңірінен марафонға 1 командадан қатысты. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.
Марапаттау рәсімі «Түркістан-арена» стадионында өтті. «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.