Қоғам • 20 Қыркүйек, 2023

Қорғауға зәру құндылықтар

236 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

О заманда, бұ заман біздің қоғам домбыраны дауға айналдырады деп кім ойлаған? Әйтеуір жаз ортасында әлеуметтік желіні шулатқанын ұмыта қойғанымыз жоқ. Іле-шала, міне, кеше ғана «домбыра харам» деп кергіген діни жат ағымдағылар әлеуметтік желіні тағы шулатты.

Қорғауға зәру құндылықтар

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Кезінде әуе компаниясының ұшаққа домбыраны иесімен қоса алып мінгізбегенін айтып «қырғын» салған қазақ баласы бұл жолы да қарап қалмады. Өйт­пегенде ше, ұлттың жанды жері домбырасы мен қобызы емес пе? Оған қуанбаса, ренжудің керегі жоқ сияқты. Өре түрегелсе де кінә­лай алмас едік. Бірақ басынан әліп­тің артын баққан елдің бала­сы көрегендік танытып, жанай­қайын жеткізгенімен, бейсауат іс пен сөзге барған жоқ. Со­ны­мен қазақтың жаны мен арын­дай домбыраға соқтығып, тіл тигізу қашан, қалай тыйылады?

Біз домбыраны ұшаққа жолаушымен қоса мінгізбеуге тырысқан әуе компаниясын да, сөйтсе де оны өзімен ала жүрген өжет иесінің әрекетін де сөкпейміз. Өйткені әр меке­менің, әр компанияның ере­жесі, белгіленген талап-тілектері бар ғой. Ол талап-тілек бәріне бірдей. Қауіпсіздік шарттары болуы да бек мүмкін. Домбыраны ақын игілікке ұстаса, алаяқ біреулер ақын не әнші көрініп, шанағына әлдене жасырып өтуі де ғажап емес. Әрине, ондайдан Құдай сақтасын. Не десек те көпшілік орында бірінші қатаң талап – сақтық. Соған орай әуе компаниясы кезінде ресми мәлімдеме де таратыпты. Қош көрдік.

Бұған қоса халықтың шуы да орынды. Айналайын-ау, жаны мен арын қаралағандай жанды жерінен тиіп жатса, кім де болсын қарсы тұрып, өзін қорғауға көшпей ме? Ал ай мен күннің аманында себепсіз домбыраға соқтығу қазақтың бар асылына ашық майдан жариялау­­мен пара-пар құбылыс. Осыдан екі-үш күн бұрын ғана діни жат ағымдағылар домбыраға қа­тысты жария есі дұрыс адам­ды бейжай қалдырмады. Ұлт­тық қана емес, адамзаттық мәде­ниет­ке ашылған ашық майдан іспетті. Домбыра харам (Алла сақтасын) болса, жалғыз қазақ емес, кез келген ұлттың осы қа­тарлы ұлттық аспаптарының бәрі іске алғысыз, онда орындалатын барлық саз-әуен, ұлы мәдениет атаулыны жоққа шы­ғару керек деген сөз. Осы орайда жуырда Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Пре­мьер-министрдің орынбасары Тама­ра Дүйсеноваға сауал жолдап, мәселе көтерді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «қазақ пен домбыра егіз ұғым. Баршамызға ортақ құн­дылық домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды», деп асыл құндылығымызға мән беруге шақырды. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам арасында, әлеуметтік желілерде домбыра аспабына деген шабуылдар, ұлттық дүниетанымымызға жат қауіпті пікірлер көбейіп бара­ды. Әсіресе діни жат ағымдар­дың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын теріс пікірлер та­ратып жатыр. Бұған әлеуметтік желі­лерде желдей есіп жүрген «домбыра харам» деген сияқты адам шошытар алыпқашпа сөздер дәлел.

Домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу, төлтума мәдениетімізді қорлау, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз. Домбыра қазақ­тың кеудесіндегі жаны мен ақ дидарындағы ары. Бабалар сө­зін бүгінге жеткізді, бүгіннің сөзін ертеңге жеткізетін де осы қасиетті домбыра. Ендеше, ас­пан­да да, жерде де домбы­ра қазақпен бірге жүреді. Азат­ты­ғымның, қазақтығымның бой­тұмарындай қасиетті дом­быраға тіл тигізуге, қорлауға жол бер­мейік. Армен де, заң­мен де қорғай білейік. Жат ағым­да­ғы­лардың сандырағына ты­йым салайық. «Amanat» партия­сы­ның тұғырнамасында да рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға мән берілген.

Тоқсан ауыз сөзімнің тобық­тай түйіні:

Бірінші, Мемлекет бас­шы­сының мектепте домбыра үй­рету сабақтарын енгізу қа­жет­ті әрі дұрыс бастама деген сөзін Оқу-ағарту министрлігі ес­ке­русіз, аяқсыз тастамауға тиіс. Мек­тептерде ән-күй сабағында дом­быра аспабын үйрету оқу бағ­дарламасына енгізілсін.

Екінші, БАҚ-та, радио және теле­арналарда домбыра аспабы­ның құндылығын ашатын ән-күй, жыр-терме, айтыс өнерлері көбірек насихатталсын.

Үшінші, құзырлы органдар, дін істері жөніндегі уәкілетті орган теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуді күшейтуге тиіс. Жауапты заңна­мада белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуыңызды сұраймын».

Мұнда ең бірінші кезекте мән берілуге тиіс сөз депутаттың «домбыраны заңмен де қорғай білейік» деген пікірі. Өйтпеген жағдайда домбыраға, ұлттық құндылықтарымызға тіл тигізу, ақпараттық шабуыл, тағы басқа келеңсіздіктер бұдан былай да жалғаспасына кім кепіл? Бұл арада домбырамен қатар, қобыз аспабы да барын ұмытпауымыз керек. Осы және басқа да ұлт­тық аспаптың сүйемелдеуімен орындалатын барлық мұра заңмен қорғалып, оларды орын­даушыларға мәртебе беріл­мейінше, күллі құндылық саудаға түскен мына заманда ұлттық өнер өгейдің кебін киіп, жетімсірей берері сөзсіз. Биылғы тамыз айының 21-де осы газет бетінде жарияланған «Жыршылық өнердің мәрте­бе­сі қандай?» атты мақаламыз­да бұл мәселенің шет жаға­сы қозғал­ған. Онда 2023 жыл­дың 26 сәуі­рін­де Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның ұлттық мә­дениетті жетілдіру туралы де­путаттық сауалын негізге ал­ған­­быз. Жалпы, жыршылық, күй­шілік өнердің қай-қайсысы бол­сын, тек домбыра мен қо­быздың сүйемелдеуімен шы­ғатындықтан, бұның бәрі заң­мен қорғалып, орын­даушыларға мәртебе берілуі – уақыт талабы.

«Мен мәдениет және спорт министрлігі күні кеше қабыл­даған Қазақстан Респуб­лика­сы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы мен Мәдениет туралы заңды зерделеп шығып, мынадай қорытындыға келдім. Елімізде заң актілерінде қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық өнері туралы кон­цептуалды дүниелер көрі­ніс таппаған және жақын бола­шақ­та оларды насихаттау, дамы­ту шаралары мүлдем қарас­тырылмаған.

Сөзім дәлелді болуы үшін бірнеше мысал келтіре кетейін: Домбырада күй орындау мен айтыс өнері ЮНЕСКО шеші­мі­мен материалдық емес мұ­ра­лар тізіміне енгізілген, алай­­да осы екі өнер саласына қа­тысты жоғарыда айтқан 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рымдама мен «Мәдениет туралы» Заңымызда бірде-бір норма жоқ. Еуропа елдерінің одағы тек қана өздерінің ұлттық мәдени мұраларын сақтау әрі дамыту бағытында 400-ден аса құ­қықтық және нормативтік акті қабылдаған. Ал біздің заңнама­да «жыр», «жырау», «жыршы­лар» туралы, жалпы, қазақ халқы­­ның дәстүрлі мәдениеті мен өне­­ріне қатысты бір ауыз сөз жоқ», деп­ті Абзал Құспан депутаттық сауа­лында. Демек, өзімізді қа­дір­лейік десек, домбырадан бас­тап барлық ұлттық аспабы­мыз бен мұрамызды заңмен қор­ғап, тиісті шараларды қолға алу керек.