Сахнада сән құрған өрімдей өрендер Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали шығармаларын жатқа оқыды. Алаш арыстарының арманын арқау еткен басқа да өлең жырлар өне бойыңызды шымырлатпай көрсін. Кішкентай жүректердің лүпілі, туған тілге, Отанға деген сүйіспеншіліктің салмағын арқалап тұр дерсіз. Мектеп оқушылары мен студент жастардың бір сахнада тоғысуын танымдық кештің басты ерекшелігі деп айтар едік.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының үздік студенттері ізбасар іні-қарындастарына ана тілдің қадір-қасиеті, ұлттық дәстүрлердің ұлағаты туралы ойларын айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Өнер академиясының студенттері Алтайдың асқақ жыршысы Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасынан театрландырылған көрініс қойса, Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқитын аталған мектептің түлегі Бірлік Ибраһим бастаған өнерлі жастар ұстаздар мен оқушыларға ұмытылмас мереке сыйлады.
– «Тәрбие басы – тіл» дейді Махмұд Қашқари. Жаңа оқу жылына ере келген тіл мерекесі көпұлтты мемлекетіміздің береке-бірлігін нығайтатын, жастарды мемлекетшілдікке, ізгілікке тәрбиелейтін маңызды күн. Мектебімізде тілімізді дәріптеу мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы оқушылар арасында әдемі трендке айналды. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің ұстаздары бұл жобаны үйлесімді жолға қойды. Оқушылар қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын жарыса оқып, түйген ойларын бір-бірімен бөлісіп, мәжіліс залында өзара пікір алмасады. Осылайша, олар жыл соңына дейін том-том шығармаларды тауысып, өз тіл байлықтарын дамытып, өрістерін кеңейтеді. Тәуелсіздік пен тіл – егіз ұғым. Бүгінгі іс-шара шәкірттерімізді тіл тазалығын сақтауға, мәдениетті сөйлеуге, тіл жанашыры болуға үндейді. Оқушыларға жақсы үлгі көрсетсін деген ниетпен жоғары оқу орындарының өнерлі жастарын арнайы шақырдық, – дейді мектеп директоры Галя Сейтахметова.
Іс-шара барысында бастауыш сынып оқушыларынан құралған «Алау» тобы «Ана тілі» әнімен кеш шымылдығын ашса, мектептің өнерлі өрені Шалқар Сүлейменов «Жаса қазақ тілі» әнімен жиналғандарды тәнті етті.
АЛМАТЫ