Пікір • 20 Қыркүйек, 2023

«Ту қайда?..»

495 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күні кеше қазақ спортының жеңіс шежіресіне таңбаланатын тарихи белдесу өтті. Сербия астанасы Белградта өткен еркін күрестен әлем чемпионатында отандасымыз Ризабек Айтмұқан соңғы секундтарда әзербайжан балуанынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Тарихи дейтініміз, Ризабек – еркін күрестен әлемдік біріншілікте жеңіс тұғырына көтерілген тұңғыш қазақ. Бірақ...

Бірақ егемен ел атанғалы бері 30 жылда еркін күрестен әлемдік деңгейде алғаш рет алтын бұйырған сәтте атойлап көтеретін көк байрағымызды таппай тыпыршып қалдық. Дүбірлі дода дәстүріне сай жеңімпаз туған елінің туын төбесіне көтеріп, бозкілемді бір айналып шығуы керек еді. Спортшылар бұл дәстүрді өзара «Құрмет шеңбері» деп атайды. Осы жарыста әлем чемпионы болған АҚШ, Иран балуандары өз елдерінің туын мақтанышпен алып өткенін көрдік. Көрдік те сүйсіндік. Өкінішке қарай, халқымыз талай жыл күткен жеңісті көк тусыз қарсы алды. Әлемді мойындатқан тарихи сәтте чемпионатты ұйымдастырушылар, бапкерлер мен жанкүйерлерден бір тудың табылмағаны өте өкінішті, әрине. Қазақ жігітінің жанкүйерлеріне қарап жанұшыра «Ту қайда?» деп айқайлаған, ашуға булыққан, шарасыздыққа толы даусын естігенде ұяттан жарылып кетердей болдық. Амалсыздан кілемге бапкері көтеріліп, әлем чемпионатынан алғашқылардың бірі болып қоржынға алтын салып берген Ризабектің қолын көтеріп жүріп шаршы алаңды айналып шықты. Айнала жүріп өзінің киіміндегі көзге әрең көрінетін көк туды көрсеткендей болды... Тәуелсіз ел тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионын марапаттап, алтын жүлдемен қоса чемпиондық белбеу таққан кезде де ту сыртына ілінген туымыз толық көрсетілмеді – оюының жартысы жабылып қалған.

Кешегі көріністен кейін Қазақстан күрес федерациясы мен чемпионның бапкеріне қарата айтылған сын да, қойылған сұрақ та көп. «Шешуші сәтке көк байрақсыз қалай келді?», «Бұл бапкерінің шәкіртіне деген сенімсіздігі ме?» деген жұрттың біразы «Алтыннан үміті болмаған соң туды өздерімен бірге алмаған болар» деген болжамын да ашық айтып отыр.

Өкінішке қарай, халықаралық додаларда мемлекеттік рәміздерімізге қатысты мұндай олқылықтар бірінші рет болып отырған жоқ. Әйтеуір, бір кемшілігіміз әлем жұртының алдында көрініп қалады. Естеріңізде болса, өткен жылы Латвияда спорттық биден әлем чемпионаты өтіп, жарыста жастар арасында сынға түскен отандастарымыз Максим Жиленков пен Арина Молочникова спорттық бидің қоссайыс түрінде бас жүлдеге ие болған еді. Әлем чемпиондарын марапаттау салтанатында масқара болып, еліміздің қазіргі гимнінің орнына бұрынғы әнұран қосылды. Түркия елінде әлем мемлекеттерінің туларының ішінде көк байрағымыздың теріс ілінгенін де көрдік.

Қайбір жылдары Қазақстан намысын шетелдік жарыста қорғайтын әр командаға еліміздің гимні мен көк туын қоса алып жүру міндеті қойылған болатын. Бірақ кеше­гі жағдайдан кейін бұл тапсырманың да соңы сұйылып кеткенін анық аңғаруға бола­ды.

Рас, кез келген халықаралық жарыста жеңіске жеткен спортшы үшін төбесіне елінің туын көтеруден асқан бақыт жоқ. Шетелдерде еліміздің көк байрағы көкке көтеріліп, әнұранымыз айтылғанда Қазақ­станым деп соққан әр жүректің ерекше күйге бөленіп, рухымыз көтерілетіні сөзсіз. Ал ту жеңістерді атап өтудің ажырамас нышанына айналып кетті. Қандай бәсекені болсын байрақсыз елестету мүмкін емес. Ал жеңіл атлетикада жеңіс тұғырынан көрінген атлеттің өз елінің туын арқасына жамылып, бүкіл стадионды айнала жүгіріп шығатыны осы бір бекзада спорттың жазылмаған заңдылығына айналды. Сол сияқты күрес түрлерінен де чемпионның тумен бірге кілемді айнала жүріп өтуін қалыптасқан дәстүр деп қабылдайтын болдық. Өйткені туды көтеріп, жиналған жұрттың қошеметіне бөлену – намысын қорғап, абыройын асырған елінің атын асқақтату, жұртыңды мақтан тұту деген сөз. Себебі көк ту – елдің айбары, әнұран – халықтың айбыны. Ту – елдіктің белгісі, Тәуелсіздіктің рәмізі. Халықаралық аренадағы Қазақстанның абырой-беделі мемлекеттік рәміздерге деген құрметпен қалыптасады. Туы жоқ спортшылар да бар. Бар туын байрақты бәсекенің биігінде көтере алмай жүрген елдер де жоқ емес. Біздің кейде сол барымызды жарқыратып көрсете алмай қалатынымыз жанға батады. Кешегі олқылық та қазақ күресінің тарихында «бір кем дүние» болып қалары анық.