«АҚШ Орталық Азияға қатысты стратегиясын дамыту қажет» деп аталатын бағанда автор «С5+1» форматы маңызға ие екенін, өңірдегі тағдыршешті кездесуге айналуы мүмкін екенін жазады.
«Америка Құрама Штаттарына Еуразия құрлығының қақ ортасына стратегиялық көзқарас қажет. Аймақта Ақ үйдің ықпалы тарихи тұрғыда Ресей мен Қытайға қарағанда әлдеқайда төмен. Мәскеу де, Бейжің де қиындықтарға тап келгенде Вашингтон Орталық Азиямен ынтымақтастықты берік орната алады. Ең бастысы – өңірдегі көшбасшы Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық болмақ», деп жазады автор.
Мақалада 2021 жылы Байден әкімшілігі 2021 жылғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі уақытша стратегиялық нұсқаулығында Орталық Азияны тілге тиек етпегені келтірілген. Ал кейінгі кезде Вашингтон тарапының өңірге назар аударуы – ілгерілеудің нақты айғағы.
«Орталық Азия елдерінің көшбасшылары Мәскеу мен Бейжіңге тұрақты түрде барады. Бірақ Ресейдің алапат соғыстан әлсіреуі мен Қытайдың экономикалық құлдырауы Вашингтонға Орталық Азиямен тығыз қарым-қатынас орнатуға, көптен оқшауланған аймақты Батыспен және халықаралық қауымдастықпен интеграциялауға мүмкіндік береді», делінген мақалада.
Сондай-ақ мақалада Қазақстанның ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы іс-қимыл, қақтығыстарды реттеу және халықаралық даму секілді мәселелерге басымдық беретіні, осылайша халықаралық ойыншы ретінде танылып келе жатқаны атап өтілген. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көпвекторлы сыртқы саясат доктринасын қабылдады. Осындай қадам арқылы шартараптың ірі жаһандық ойыншылармен, соның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық одақпен тығыз қарым-қатынасты дамытуға ұмтылады.
«Ресей мен Қытайға жақын орналасқандықтан, Қазақстан Вашингтонға Украинадағы дағдарысты шешуге және соғыстан кейінгі кезеңде Мәскеумен қарым-қатынасты жақсартуға, сондай-ақ Бейжіңмен бәсекелестіктің күшеюіне төтеп беруге көмектесе алады», дейді мақала авторы.
Бұдан кейін Астананың арағайындық рөлін атқаруы үшін Вашингтонның көрсететін көмегі келтірілген. Біріншіден, Вашингтон Астананың суперпрезиденттік басқару түрінен күшті парламенті, жаңа саяси партияларға ашық және БАҚ еркіндігі кеңейтілген президенттік республикаға көшу кезіндегі саяси реформаларына қолдау көрсете алады. Қазақстанның демократиялық жолы Орталық Азияның қалған төрт мемлекеті үшін аймақты Мәскеу, Бейжің және Кабулдың ықпалынан оқшаулаудың үлгісіне айналмақ.
Екіншіден, Қазақстан «Орталық дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық транзиттік дәлізі арқылы аймақ пен жаһандық экономика арасындағы байланыстырушы рөлін атқарады.
«Бұл көпарналы көлік артериясы Шығыс пен Батысты құбырлар, темір жолдар, автомобиль жолдары және талшықты-оптикалық кабельдер арқылы байланыстырады. Дәліз Орталық Азияның экономикалық дамуына және халықаралық энергетикалық және басқа да сауда ағындарына үлес қосады. АҚШ инвестициялар, сауда, технология және жаһандық көмегі арқылы дәлізді сәтті жүзеге асыруға ықпал етуге күші жетеді. Жалпы алғанда, Америка Қытай мен Ресейден алда болу стратегиясын ұстана отырып, Орталық Азияға тактикалық көзқарасын жетілдіруі керек», дейді автор.
Естеріңізге сала кетейік, мақала авторы Камран Бухари «New Lines» стратегия және саясат институтының Еуразиялық қауіпсіздік және өркендеу бөлімінің аға директоры қызметін атқарады. Сондай-ақ ол – Оттава университетінің кәсіби даму институтының ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі маманы.