Үкімет • 20 Қыркүйек, 2023

Бюджет кодексінің жобасы Парламентке жолданды

181 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында егін жинау науқаны мен жаңа бюджет кодексінің жобасы, сондай-ақ алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды.

Бюджет кодексінің жобасы Парламентке жолданды

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Егінді уақытылы жинау маңызды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдар­бек Сапаров биыл дәнді және дәнді-бұр­шақты дақылдарды жинау алаңы 17,3 млн га құрағанын баяндады. Бүгінгі таңда рес­публика бойынша 6,9 млн га егіннің 40%-ы­ жиналды. Орташа өнімділік – 9,5 ц/га, 6,6 млн тонна астық бастырылды. Өт­кен жылы дәл осы кезеңде астық­тың 11,6 млн га­ немесе 72,8%-ы жиналған екен.

Бұл ретте егін науқаны оңтайлы ауыл шаруашылығы жағдайында өткені, жазғы ауа райы елдің басым бөлігінде қалыпты болғаны атап өтілді. Егін жинау алдын­да техниканың дайындығы 100%-ға қам­тамасыз етіліп, жеңілдетілген ЖЖМ жө­нелту белгіленген мерзімде басталды. Сонымен қатар негізгі астықты аймақтарда 3 аптадан астам уақытқа созылған жауын-шашын салдарынан астық сапасының және тұқым өнуінің нашарлауына, сондай-ақ жалпы дәнді дақылдар түсімінің төмен болуына әкеліп соққан.

Ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен барлық өңірлерде бүкіл мүдделі органдар мен ұйымдарды қоса отырып, зардаптардың ауқымын анықтау үшін жұмыс комиссиялары құрылған. Бүгінде барлық зардап шеккен өңірлерге іссапар жасалып, егін жинау жұмыстарының барысына талдау жүргізілді. Әкімдіктердің мәліметі бо­йынша, алқапта өнген астық 2,7 млн га. Бұл жалпы егін жинау алаңының 15%-ын құрайды. Қазіргі уақытта барлық өңірлерде техникалар егіс алқабына жаппай шықты, орақ жұмыстары жалғасып жатыр.

Негізгі астықты өңірлердегі жағдай туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ах­метжанов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов және Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндама жасады.

Премьер-министр егін жинау науқа­ны­ның барысы Үкіметтің тұрақты бақы­лауын­да екенін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл еліміздің егіншілері үшін қолайсыз болды. Жаздың 2 айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Бұл, әрине, астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді. Дегенмен егін жинау науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан осы мерзім ішінде барынша үлгеріп қалу керек», деді Ә.Смайылов.

Ол еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа райының қолайсыздығына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалықтарына қажетті көмек көрсетуді тапсырғанын еске салды.

«Энергетика министрлігі астықты кеп­тіру үшін қосымша көлемде дизель оты­нын бөлетін болады. «Бәйтерек» хол­дингі несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдап, қолайсыз ауа-райы­нан зардап шеккен фермерлер үшін айыппұл санкцияларын салмай, Азық-түлік корпорациясының желісі арқылы тауарлық несие мерзімдерін ұзартып отыр. Ауа райының қолайсыздығы форс-мажорлық жағдай ретінде танылуға тиіс. Субсидияларды толық көлемде төлеу керек» деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы астық қабылдау пункт­тері мен  астықты кептірумен айналысатын кәсіпорындардың тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етуге айрықша назар аударды. Бұл ретте ол тарифтердің көтерілуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін қадап айтты.

Сонымен қатар астықты кептіру үшін бір литрі 250 теңгеден аспайтын бағамен қосымша көлемде дизель отынын бөлуді қамтамасыз етуді, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау үшін қосымша қаражат бөлу жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ биылғы азық-түліктік және жемдік астықты тікелей сатып алу үшін Азық-түлік кор­по­рациясының жарғылық капиталын ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

«Біз бүгін Жамбыл облысының шаруа­ларына шығынды өтеу үшін Үкімет ре­зервінен қаржы бөлу туралы қаулы қа­былдаймыз. Қаржы министрлігі мен өңір әкімдігі облыстың зардап шеккен егіншілеріне төлемдердің тез арада бөлінуін қамтамасыз етуге тиіс», деді Ә.Смайылов.

Сонымен бірге Премьер-министр астық таситын вагондарды уақтылы қам­та­масыз етіп, теміржолдағы ұзын-сонар ке­зекті болдырмауды талап етті. «Біз­дің міндетіміз – егінді сапалы жинап алу», деп түйіндеді ол сөзін.

 

Кодекс ашықтықты күшейтеді

Үкімет отырысында жаңа Бюджет ко­дексінің жобасы бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. «Сіздердің қарауларыңызға жаңа редакциядағы Бюджет кодексінің жобасы және оған ілеспе заңның жобасы енгізіліп отыр. Бюджет кодексін әзірлеуге кіріспес бұрын біз қолданыстағы кодекске бағалау жүргіздік. Бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіру шарттарының бірі», деді ол. 

Халықаралық валюта қорының сарапшылары қолданыстағы Бюджет кодексі­не «жоғары деңгей» деген баға бе­ріпті. Онда қолданыстағы кодекспен са­бақтастықты сақтап, заманауи талаптар­ ескерілген. Кейінгі жылдардағы реформалар мен үр­діс­­тердің барлығы, Президент пен оның Әкімшілігінің тапсырмалары талда­нып, құрылымдалды, халықаралық тә­жіри­бе қаралып, Жоғары аудиторлық па­ла­та­ның, сарапшылар қоғамдастығының ұсыныс­тары енгізілді. Қолданыстағы кодекстің фраг­менттік ережелері құры­лым­далып, нақ­тылаушы нормалар заңға тәуелді нор­матив­тік құқықтық актілер деңгейіне тү­сіріл­ді, құжат негіздемелік және икемді болды.

Әлеуметтік-экономикалық даму бол­жамын қалыптастырғаннан кейін 3 жыл­ға 1 рет­ тұрақты базалық лимиттерді бел­гілеуді ес­кере отырып, бюджет үдерісі 1 маусымда басталатын болады. Шығыс лимиттері 7 маусымға дейін жеткізіледі. Бюджеттік бағ­дармалар әкімшілерінің бюджеттік сұрау салуды ұсыну мерзімі шығыстар лимиттері жеткізілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішіне ауысады.

Блоктік бюджеттеу ондағы рәсім­дер­ді оңайлату және икемділігін күшейтіп, ондағы бағдарламалар әкімшілері  дербес­ті­гін арттыру аясында енгізіледі.

Бірінші, бұл бюджеттік рәсімдерді оңтай­ландыру. Енді бюджеттік бағдар­ламалар әкімшілері бюджеттік сұрау деген құжатты қалыптастырады. Онда мемлекеттік орган туралы ақпарат ашылады. Бюджеттік бағдарламаның паспорты, есептері жасалады және бір пакетпен уәкілетті органдарға енгізіледі. Ал бағдарлама келісілмейді және бекітіл­мейді. Оған бағдарламаның басшысы электрондық форматта қол қояды. Бұл оны құрастыру сапасына жауапкершілікті күшейтеді.

Екінші, тұрақты сипаттағы базалық шығыстар блогін 3 жылға белгілеу ұсы­нылады. Мұнда әкімшілік шығыстары және жыл сайынғы тұрақты шығыстар бо­лады. Тізбені бюджеттік жоспарлау жөнін­дегі орталық уәкілетті орган – Қаржы министрлігі қалыптастырады. Бұл шығыс­тар өзгермейтін болса, жыл сайын егжей-тегжейлі қарасты­рыл­­майды. Базалық шы­ғыстар бюд­жет­тің жалпы көлемінің шамамен 50-60%-ын құрай­тынын ескеріп, бұл бағдар­ла­ма­лардың әкімшілерінің де, уәкі­летті органдардың да жұмысын азайтады.

Үшінші, блоктік бюджет оны жоспарлау және орындау үдерістерінің ішіндегі мемлекеттік органдардың дер­бес­тігі мен икемділігін арттыруды көздейді. Стратегиялық мақсаттың айналасында бюджеттік бағдарламаларды ұлғайту орынды болады. Бір мақсатқа арналған екінші, үшінші бюджеттік бағдарламаны ашуға тыйым салатын тікелей норма енгізіледі. Бұл жақсы нәтижеге қол жет­кізу үшін бюджет қаражатын бас­қару­да икемділік пен дербестік береді. Бағ­дарламалар арасында қаражатты қайта бөлу көлемін түзету жолымен 10%-дан 15%-ға дейін ұлғайтуды ескеріп, бюджет үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Биыл орындалмайтын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ұсыныстары бойынша 1 желтоқсанға дейін шығыстар пулын айқындау керек. Осы тізбе бойынша шығыстар бюджетті түзетусіз жаңа қаржы жылы басталғаннан кейін бірден жыл басындағы қалдықтар есебінен жүргізілуге тиіс. Жергілікті деңгейде де осыған ұқсас тетікті қолдану ұсынылады.

 

Қаржыны басқарудың негізі

Жаңа Бюджет кодексінде «Мемле­кет­тік қаржыны басқару» атты жаңа бөлім пайда болды. Бюджет саясатына, мемлекеттік қаржыға, оның тұрақ­тылығына анықтама берілді. Уәкілетті орган айқындалды. Бұл бөлім мемлекеттік қаржының жағдайын талдау және салық-бюджет саясатын ай­қын­дау үшін негіз жасайды. Мемлекет қар­жысын басқару құралдары көзделген, бұл – бюджеттік қағидалар және олардың сақталуы.

Мемлекеттік қаржыны басқару бөлі­міне Ұлттық қор және бюджеттен тыс қорлар бойынша бөлімдер енгізілді. Ұлт­тық қордан тек сыни инфрақұрылым­ға берілетін нысаналы трансфертті пайда­лануға шектеу енгізіліп, тиісті критерийлер қосылды. Жалпыелдік жобаларға бір мезгілде бірнеше облыстың аумағында бірдей объектілер салатын «Жайлы мектептер» жатады. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша ережелер жеке баппен енді. Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес бұл балаларға 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын есептелетін нысаналы талаптар болады. 

Премьер-министр 2004 жылдан бері бюджет саласында бірқатар маңызды және жүйелі реформа жүргізіліп келгенін айтты. Атап айтқанда, бюджет заңнамасы бір ретке және жүйеге келтірілді, сондай-ақ нәтижеге ба­ғыт­талған бюджет қалып­тастыруға көштік.

«Осылайша, бюджеттік құқықтық қатынастарды реттеудің біртұтас саясаты құрылды. Бюджет жүйесінің бірыңғай қағидаттары белгіленіп, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жұмыстары іске асырылды. Сонымен қатар мұнай кірістерін жинақтау механизмі енгізілді», деді Ә.Смайылов.

Оған қоса Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айқындалған жаңа экономикалық бағытты іске асыру үшін бюджеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру тәсілдерін өзектендіру керек. Осыған байланысты жаңа кодекс мемлекеттің барлық қаржылық ағынын шоғырландырып, бюджет ережелерінің қатаң сақталуын және квазимемлекет­тік сектор субъектілерінің есеп беруін қамтамасыз етеді.

«Жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік экономикалық саясаттың басты құралына айналуға тиіс. Ол Президент белгілеп берген әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін іске асыруға ықпал ететін болады. Кодекс бүгінгі күн талаптарына сай келеді, сондай-ақ үнемді және жа­уапты бюджеттік саясатты іске асыруға мүмкіндік береді», деді Ә.Смайылов.

Құжат бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Үкімет басшысы оның Парламентке енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Кемшілікті түзетуге – екі апта

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов бекітілген кестеге сәйкес электр стансаларында 10 энергоблок, 49 қазандық және 54 турбинаны күр­де­лі жөндеу жоспарланғанын айтты. Қазір 5 энергоблок, 23 қазандық және 20 тур­бинада жұмыстар жүргізілуде. Ал 4 энергоблок, 17 қазандық және 13 турбинаның жөндеу жұмысы аяқталған.

Жалпы ұзындығы шамамен 25,3 мың шақырымды құрайтын электр желілерін, 567 қосалқы стансаны, сондай-ақ 3,5 мың тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы стансаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Қазір 22,7 мың шақырым электр желілері, 514 қосалқы станса, 3 466 тарату пункті мен трансформаторлар бойынша жұмыстар аяқталды.

Риддер ЖЭО-да мердігерлік ұйымдар 6 қазандықтың барлығында жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Үкімет резервінен осы мақсаттарға 7,2 млрд теңге бөлінді. №2 және №3 қазандықтар қыркүйектің соңында пайдалануға беріледі.

Екібастұз ЖЭО-ның сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. «ОАЭК» АҚ есебінен қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар жөнделеді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ЖЭО-ның дайындығы бақылау­да. Мұндағы №4 қазандықты жөндеуді аяқтау мерзімі қазан айының соңына дейін ұзартылады. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев коммуналдық шаруашы­лық, әлеуметтік сала және тұрғын үй қоры ны­сандарына жылу беру маусымына дайындық туралы айтты.

Премьер-министр жылыту маусы­мының басталуына өте аз уақыт қалғанын атап өтті. Солтүстік және шығыс өңірлерде жылыту маусымы ауа райына орай мерзімінен ерте басталуы мүмкін. Қазір жылыту маусымын бастау үшін бастапқы дайындық бар, бірақ олардың кейбірі уақытында аяқталмай қалуы ықтимал.

«Теміртау қаласының №2 жылу электр орталығында №4 қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін ұзартылды. Жезқазған жылу орталығындағы №4 қазан­дықты жоспарлы жөндеу әлі аяқталған жоқ, ал №9 қазандықта жұмыстардың небәрі 4%-ы ғана орындалған», деді Ә.Смайылов.

Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіп­орын­дарында жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жүргізіліп отыр. Сондай-ақ жылыту маусымының басында қазан­дықтарға түсетін жүктеменің төмен болатыны еске­рілсе, бұл үйлердегі температура көр­сеткіштеріне әсер етпеуі керек.

«Аталған өңір әкімдері Энергетика министрлігімен бірге жөндеу жұмыс­тары­на күнделікті мониторинг жүргізіп, ал­­дағы маусымда қажетті жылу беруді қам­тамасыз етуге тиіс», – деді Үкімет басшысы.

Ол МАЭК-тің №3 энергоблогінде жоспар­ланған күрделі жөндеу 2024 жылға ауыс­ты­ры­лып, бүгінде №2 энергоблок жөнделіп жатқанына назар аудар­ды.

Үкімет басшысы өңірлердегі жылу желілерін реконструкциялау барысын да тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шым­кент қаласында жылу желілері бо­йынша жұмыстардың шамамен 70%-ы орындалды.

Сонымен бірге ол Абай, Атырау облыс­тарында және елордада бірқатар әлеу­меттік нысандарды дайындау жұмыстары аяқталмағанына назар аударды. Сондай-ақ бүгінге дейін өңірлерде көмір қорының жоспарланған көлемінің 28%-ы ғана жинақталған.

«Жоғарыда аталған барлық кемші­лік­ті екі апта мерзімде түзету қажет», деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.