Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2023

Жетіжар ауылында төтенше жағдай жарияланды

539 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай облысының Бесқарағай ауданына қарасты Жетіжар ауылының тұрғыны сібір жарасы дертіне шалдыққан деген күдікке ілінді. Осыған байланысты бүгін таңертеңнен ауылдың кіреберісіне блок-пост қойылып, төтенше жағдай жарияланды. Әзірге Абай облыстық ТЖБ тұрғын туралы нақты мәлімет жариялаған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz

Жетіжар ауылында төтенше жағдай жарияланды

Фото: ашық дереккөз

Дегенмен, Абай облысы әкімдігінің хабарлауынша, науқас ПТР тестінен өткен, ауру белгісі расталмаған. Төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі жоспардан тыс өткізілген облыстық комиссия отырысында қабылданған шешімге сәйкес,  халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті деңгейде төтенше жағдай енгізілген. Сол мақсатта қазір Жетіжардан ауылшаруашылығы өнімдерін шығаруға шектеу қою шарасы күшіне еніп, жағдайдың себептерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, сібір жарасы ауру малдың етінен, терісінен, жүнінен, тіпті, ластанған тағамдардан, ауызсудан да жұғады.

Бесқарағай ауданының басшылығы тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырып отыр. Себебі, әлден ел ішінде дүрбелең туғызатын қауесет, жалған ақпараттар әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Сондықтан да жағдай тікелей бақылауда болғандықтан, халықтың расталған ақпаратқа ғана сенгені жөн.