Шанхай қаласында күз айларында өтетін дәстүрлі халықаралық көрменің мақсаты брендтік өндірістік жабдықтарды таныстыру. Осы жолы көрмеге әлем елдерінен келген 3 мыңға жуық компания мен ұйымдар, оның ішінде жүздеген университет қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылым және инновация департаментінің директоры Жолдас Бөрібаев атап өткендей, CIIF халықаралық өнеркәсіп жәрмеңкесі ірі көрмелердің бірі ретінде белгілі әрі Қытайдағы экономикалық және сауда алмасу мен ынтымақтастық үшін маңызды алаң болып табылады. Бүгінгі таңда мұндай салалық жәрмеңкелерде университеттер өздерінің ғылыми-техникалық инновациялық жобаларын көрсетіп, тәжірибе алмасатын ең ықпалды алаңдардың біріне айналған.
Іс-шара барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шанхай университетінің Hi-Tech Park технопаркімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қол қойылған құжат тәжірибе, білім, ақпарат және ресурстармен алмасуды, құзыреттілікті дамытуды, жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеп, оны коммерцияландыру мақсатында бірлескен жобалар жасауды көздейді.